17.08.2026, 12:30
Оқылды: 4

Бюджеттің орындалуы қалай?

Облыстық мәслихаттың кезекті 26-сессиясында 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі жылдық есеп тыңдалды.  Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қатысып, баяндама жасады. 

cc0a6097-9422-4d49-aa7d-ced017e47b3a

- Бюджеттің орындалуы кешенді әлеуметтік-экономикалық міндеттер жағдайында жүзеге асырылды, соның ішінде – өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің  түсімдері – 533,9 млрд теңге, шығыстары 529,4 млрд теңгені құрады. Жыл қорытындысы бойынша бос қалдықтар  4,5 млрд теңге болды, – деп баяндады Тілепберген Каюпов.

Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан бюджеттің кіріс бөлігінде өзіндік кірістер 1,7 млрд теңгеге асыра орындалды. Жоспардан артық орындау салықтық емес түсімдер есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, есепті қаржы жылы облыстық бюджетке 140,1 млрд теңге көлемінде салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жоспары 101,3%-ға орындалды. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 8,3%-ды   (10,7 млрд теңге) құрады. Ал республикалық бюджеттен түсетін түсімдер (субвенция – 260,8 млрд, трансферттер – 69,1 млрд, кредиттер – 13,5 млрд) 343,4 млрд теңге деңгейінде қалыптасты немесе облыстық бюджеттің нақты түсімдерінің жалпы көлемінің 64,3%-ын құрады. Есепті мерзім ішінде бюджет түсімдерінде тұрғын үйді сатып алу және құрылысын қаржыландыру үшін облыстың жергілікті атқарушы құрылымның мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымынан 27 млрд теңге сомасында  түсімдер  түсті.

Бюджеттің шығыстар бөлігі 537 млрд теңге көлемінде жоспарланып, 529,4 млрд теңгеге немесе 98,6%-ға орындалды. Өткен жылы 229 бюджеттік бағдарлама іске (толықтай орындалғаны – 199, ішінара орындалғаны – 28, мүлдем орындалмағаны – 2) асырылды. Игерілмеген қаражат 1,4% немесе 7,6 млрд теңгені құрады. Қаржыны игермеудің негізгі себептері – республикалық бюджеттен кредиттердің түспеуі, жұмыстарды жүргізу кестесінен артта қалу, өнім берушілердің тауарларды уақтылы жеткізбеуі (609,7 млн) және тағы басқалары. Облыстық бюджеттің шығыстарының шамамен 53,8%-ы   әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталған немесе 284,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде: білім беру – 233,1 млрд, денсаулық сақтау – 15,5 млрд, әлеуметтік қамсыздандыру – 18,7 млрд, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік саласына 17,5 млрд теңге жұмсалды.

Зауыт құрылысы басталады

Депутаттар облыс әкімінің есебін тыңдады. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов баян етті. Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, облыс экономикасының негізгі салаларына тұрақты өсім тән. Өнеркәсіп және инвестиция саласы бойынша 2025 жылы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 3,5 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 380 млрд теңгені құрап, 12,2 %-ға өсті.  Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 1 қаңтарына 5 трлн теңге болып, 2023 жылдың  1 қаңтарындағы көрсеткішпен салыстырғанда 13,6%-ға өсті. Соңғы үш жылда негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,6%-ға артты.  Өткен үш жылда жалпы құны 543 млрд теңге болатын 96 жоба іске қосылды. 2029 жылға дейін жалпы құны 4,4 трлн теңгені құрайтын 73 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар 10 000-нан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Былтыр тікелей шетелдік инвестиция тарту мақсатында Ресей, Иран, Қытай және  Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде бірқатар жобаларды жүзеге асыруға келісілді.  Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Қарашығанақ кен орнында жылына  5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысы жуықта басталады. Бұған 1,6 трлн теңге инвестиция салынады. Жоба бойынша жер телімдері бөлінді.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында өткен үш жылда облыста 138 млрд теңгеге 121 жаңа әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді. Оның 52-сі – денсаулық сақтау, 30-ы – білім беру, 24-і – спорт және 15-і мәдениет саласына тиесілі. Жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өткен жылы 30 мыңға тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылды.  Оның 19 мыңы – ауыл тұрғындары.

Баяндамашының айтуынша, қай салада болмасын өрелі істер баршылық. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру бағытындағы шаруалар жалғаса бермек.

Есту аппарат құралдары – тегін

Халық қалаулылары 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесін қолдады. Облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Ғайтпаеваның баян етуінше, білім беру нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеуге жоспарланған 15 млрд 558 млн 921 мың теңге қаражат босады. Бұл қаржының босауына білім беру нысандарын жөндеуді мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы қаржыландыру тетігі  қарастырылмайтын болды. Осыған орай жөндеуге жоспарланған қаражаттың бір бөлігі  бюджетте қайта қаралып, басқа қажеттіліктерге бағытталады.  Сонда 2026 жылға арналған облыстық бюджеттің кірісі мен шығысы 518 млрд 100 млн 294 мың теңгені құрайды.

Сессияда облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 16 маусымдағы №18-4 «Батыс Қазақстан облысы бойынша толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт объектілерінің тізбесін бекіту туралы» шешіміне толықтырулар енгізілді. Осы тізбеге Зашаған кентінің «Ақжайық» шағынауданында салынатын 250 орынға арналған емхана мен 12 000 көрерменге арналған стадион құрылысы енгізілді. Мәслихаттың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №38-3 «Батыс Қазақстан облысы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру туралы» шешімі толықтырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, мүгедек адамдар арасында қосымша есту аппараттарын беру мәселесі шешіліп тұр. Алайда мүгедектік топқа кірмейтін (есту қабілеті нашарлаған) 166 адамға аппарат сатып алу қажет. Әр аппарат 170 000 теңге тұрады. Осылайша 166 дана аппарат сатып алуға 128 млн 220 мың теңге қаржы бөлінетін болды.

Сессия күн тәртібіндегі қаралған барлық мәселе бойынша тиісті шешім қабылдады.

Мерекелік медаль тақты

Облыстық мәслихат сессиясынан кейін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес еліміздің заң шығарушы және өкілді билік құрылымдарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан өңірдегі бір топ азаматқа «Қазақстан Республикасы Парламентіне – 30 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.

Мерекелік медальмен Парламент депутаттары, әр жылдардағы облыстық және аудандық мәслихаттардың  депутаттары, мәслихат төрағалары мен аппарат қызметкерлері марапатталды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының I шақырылым және Мәжілістің III шақырылым депутаты Аманкелді Таспихов, Сенаттың II шақырылым депутаты Қабдығали Ахметов, Мәжілістің II шақырылым депутаты Қайрат Шалабаев, Мәжілістің V шақырылым депутаты Самиғолла Оразов, Мәжілістің VI шақырылым депутаты Кеңес Абсатиров, Мәжілістің VII шақырылым депутаты Аветик Амирханян бар. Сонымен қатар Темірғали Ескендіров, Нұрғазы Сәтбаев,  Қамидолла Ирменов, Әлия Сәлиева, Тілек Шектебаев, Серік Жарылғапов, Фарид Бахтиозин,   Бибігүл Қонысбаева, Ербол Салықов, Жаңабек Жақсығалиев және басқа да азаматтар өңірлеріне аталмыш медальді тақты. Марапатқа ие болғандарды Тілепберген Каюпов, облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев құттықтады.

– Бұл марапат – ел игілігі жолындағы көп жылғы еңбектің, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, азаматтардың мүддесін қорғаудағы табанды қызметтің лайықты бағасы. Ел дамуына қосқан еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін, – деді Мұрат Рахметұлы.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале