Бүгін аудандық мәдени-демалыс орталығында аудан әкімдігі мен мансап орталығының ұйымдастыруымен жұмыспен қамту және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бойынша ашық әкімдік өтті.
Аталмыш жиынға қатысқан жұмыссыздар мен күні кеше қолына жоғары оқу орнының дипломын ұстаған жас түлектердің көптігі назар аудартты. Әсіресе ауыл-аймақтардан арнайы ат терлетіп келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Арасында бірнеше жылдық тәжірбиесі бар мамандар да, жасы үлкен болса да еңбек етуге ниетті тұрғындар да бар.
Жиналғандар өз мамандықтары бойынша жұмыс іздеп, қосымша ақпараттар алды. Қажетті құжаттардың тізімін және атқарылатын істер мен бос орындар туралы жеткілікті мағлұмат берілді. Аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлы мен басқа да 22 мекеме тұрақты жұмыс сұрап жолыққан тұрғындарды қабылдады. Жәрмеңкеде барлығы 85 бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыссыздықты азайту мақсатында өткізілген шараға 50-ден астам адам қатысты. Бүгінгі жиында білім саласына қатысты ұсыныстардың үлесі басым болды. Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де талай жанның көкейіндегі «жұмыс табыла ма?» деген сауалына жауап іздеген маңызды алаң болды.
Ең бастысы – әр азаматтың еңбегіне сай орнын тауып, өз кәсібімен ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік беру.Тұрғындарды еңбекке ынталандыру, кәсіби бағдар беру және өңірдегі жұмыссыздықтың деңгейін азайту мақсатындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Ақерке ҒИЛЫМХАН,
Жаңақала ауданы