15.08.2026, 9:00
Оқылды: 31

Сырымда спорт саласының мамандары мен үздік спортшыларға құрмет көрсетілді

Сырым ауданында Спорт күніне орай осы салада еңбек етіп жүрген спортшыларға, жаттықтырушылар мен сала мамандарына құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында аудан спортының дамуына үлес қосып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген азаматтарға марапат табысталды.

IMG_0081

Кәсіби мереке иелерін құттықтаған Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов спорттың адам өміріндегі айрықша орнына тоқталып, оның денсаулықтың кепілі ғана емес, адамды тәртіпке, табандылыққа, жігерлілікке баулып, ел рухын көтеретін маңызды сала екенін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына және өскелең ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына ерекше мән беріп келе жатқанын, бұл бағыт аудандағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Соңғы жылдары Сырым ауданында спорттық инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. 2023-2026 жылдар аралығында спорт нысандарының саны артып, барлық ауылдық округ тұрғындарының сыртқы спорт алаңдарымен қамтылу деңгейі 100 пайызға жеткен. Ал спортпен тұрақты шұғылданатын тұрғындардың үлесі 40 пайыздан 42,3 пайызға өскен. Бұқаралық спортты дамыту бағытында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан көлемінде 124 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 5100 тұрғын қатысты.

IMG_0012

IMG_0009

Аудан басшысы Сырымның намысын талай бәсекеде абыроймен қорғап, жеңісімен кейінгі буынға үлгі болып жүрген спортшыларға алғысын білдіріп, жаттықтырушылар мен сала мамандарына аудан абыройын асқақтата берулеріне тілектестік білдірді.

Мерекелік шарада спорт саласында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар саңлаққа Батыс Қазақстан облысы әкімінің, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ аудан әкімінің алғысхаттары табысталды.

IMG_0085

Бірнеше жыл бойы А. Шайхиев атындағы Сырым аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарған Бауыржан Ихсановқа қызмет ауыстыруына байланысты аудан басшысы ризашылығын білдіріп, еңбегіне алғыс айтты. Сый-құрметтің белгісі ретінде оған ұлттық нақыштағы жеңіл күрте мен бас киім тарту етті.

Мерекелік жиын аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының әсем ән мен биіне толы концертіне ұласты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале