15.08.2026, 11:00
Оқылды: 25

208 жас қазақстандық дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын тегін меңгерді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Астанада министрліктің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасының қорытынды іс-шарасы өтті.

photo_5472003509130566267_w

Фото: madenietaqparat

27 шілде мен 12 тамыз аралығында Қазақстанның ұлттық қолөнер саласындағы 10 үздік шебер 8-20 жас аралығындағы 208 қатысушыға дәстүрлі қолөнердің технологиялары мен қыр-сырын үйретті.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтап, тәлімгер шеберлерге, ұйымдастырушыларға, ата-аналарға және барлық қатысушыға алғыс білдірді. Үкімет басшысының орынбасары бүгінде дизайн, сән, сәулет, туризм және креативті индустриялардың өзге де бағыттарында ұлттық нақышқа деген қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдіс шеберлерге де, жастарға да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтар мен тарихи-мәдени мұраны сақтауға, шығармашыл жастарды қолдауға және креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өткен министр қолөнер халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымы мен көркем талғамын танытатын асыл қазына екенін жеткізді. Сондықтан ұлттық қолөнерді сақтау жекелеген бұйымдарды жинақтап, көрмеге қоюмен ғана шектелмейтінін, оның ең сенімді жолы өнердің қыр-сырын шеберден шәкіртке үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғау екенін айтты. «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы осы маңызды міндетке нақты үлес қосып отырғанын жеткізген Аида Балаева ең бастысы дәстүрлі қолөнерді сақтап қана қоймай, оған заманауи дем беру қажеттігін, дәстүр өткеннің жәдігері болып қалмай, қазіргі дамудың қуатты ресурсына айналуы тиіс екенін атап өтті.

photo_5472003509130566262_w

Жоба қатысушылары ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тәжірибелік білім алды. Оқу бағдарламасына зергерлік өнер, ағаш пен тері өңдеу, киіз басу, қыш өнері, кілем тоқу, сүйек ою және дәстүрлі қолданбалы өнердің өзге де түрлері енгізілді. Сондай-ақ «Ұлттық қолөнер мектебі» аясында инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөлініп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы топ ұйымдастырылды. Сабақтар олардың шығармашылық қабілетін ашуға, ұсақ моторикасын жетілдіруге және практикалық еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Қорытынды іс-шара барысында тәлімгер шеберлер мен жоба түлектеріне сертификаттар табысталып, олардың авторлық жұмыстары таныстырылды.

photo_5472003509130566261_w

Айта кетейік, жобаға қатысуға 450-ден астам өтінім келіп түсіп, конкурстық іріктеу нәтижесінде 208 қатысушы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінен түскен 331 өтінімнің ішінен техникалық іріктеуден өткен 271 үміткерді конкурстық комиссия қарап, нәтижесінде еліміздің ұлттық қолөнер саласындағы 10 үздік шебері таңдалды.

«Ұлттық қолөнер мектебі» ұлттық мәдени мұраны сақтап, оны жас ұрпаққа сабақтастықпен жеткізуге, дәстүрлі қолөнерді кеңінен дәріптеуге және оны заманауи креативті индустрияның маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытуға бағытталған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале