17.08.2026, 13:00
Оқылды: 4

Оралда құны 100 млн теңгеге жуық заңсыз темекі айналымының жолы кесілді

Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде 102 мыңнан астам қорапша заңсыз темекі өнімі тәркіленді - деп жазды kaz.inform.kz.

Cigarette packet

Сурет: istockphoto.com

Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласының тұрғыны темекі өнімдерін заңсыз жеткізу және өткізу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Акциздік маркалары және міндетті цифрлық таңбалауы жоқ темекі өнімдері еліміздің басқа облыстарынан өңірге жеткізіліп, кейін әр түрлі мекенжайларда жасырылып, сатуға дайындалған.

Тауардың ірі партияларын сақтау үшін Орал қаласындағы және Бәйтерек ауданындағы тұрғын үйлер, оның ішінде туыстары мен таныстарына тиесілі үй-жайлар пайдаланылған.

Жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы құны 99,4 млн теңге болатын 102 418 қорапша темекі өнімі тәркіленді.

Бюджетке 37 млн теңге мөлшерінде акциз төлемдері түспеген.

Осылайша, темекі өнімдерінің заңсыз айналымы таңбалауы жоқ тауарды өткізу арқылы табыс табуға және сонымен қатар бюджетке міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруға мүмкіндік берген.

- Тергеу нәтижесінде Орал қаласы тұрғынының әрекеті ҚР Қылмыстық кодексі 214-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды. Сот Орал қаласының тұрғынын кінәлі деп таныды. Іс жүргізу жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық актісінің қолданылуына байланысты тоқтатылды. Тәркіленген темекі өнімдері жойылуға жатады, - деп хабарлады ведомстводан.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале