19.08.2026, 11:00
Оқылды: 14

Спорт – рух, бірлік, жеңіс

«Жайық Арена» спорт кешенінде кәсіби мереке – Спорт күніне орай «Спорт – рух, бірлік, жеңіс» атты салтанатты жиын өтті. Өңірдің спорт саласында еселі еңбек етіп жүрген майталмандар, ардагерлер, жаттықтырушылар, спортшылар мен сала қызметкерлері бас қосқан тағылымды кеш көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

DSC00112

Спорт – саламатты өмір салтын қалыптастыратын құрал ғана емес, елдің рухын көтеріп, жұртты ортақ мақсатқа ұйыстыратын қуатты күш. Өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгінде мыңдаған тұрғын дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысады. Халықаралық және республикалық додаларда облыс спортшыларының көк байрақты биікте ұстап, жүлделі орындардан көрінуі де осы жүйелі еңбектің нәтижесі.

Мерекелік жиында сала мамандарын облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Мең-діғалиев құттықтады.

– Спорт – ұлт саулығының кепілі, ел рухын көтеретін үлкен күш. Бүгінде облыста спорттың 121 түрінің дамуына, тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Мұндай жетістік спортшының маңдай терімен ғана келмейді, ол үшін жаттықтырушысы мен дәрігерінен бастап, төрешіге, спорт нысанының қызметкеріне дейінгі талай адам еңбек сіңіреді. Біздің спортшылар республикалық, халықаралық ареналарда өңір абыройын асқақтатып келеді. Әр жеңіс –
тынымсыз еңбектің, табандылықтың және үлкен мақсаттың жемісі. Сондықтан бүгінгі мереке  спортшыларды ғана емес, осы саланың өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген барша азаматты құрметтейтін күн болмақ.

Барша спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге береке, шәкірттеріңізге толағай табыс тілеймін. Батыс Қазақстан спортының мерейі үстем, жеңісті жолы жалғаса берсін! – деді Қайыржан Ермекұлы.

Салтанатты жиында спорт саласына саналы ғұмырын арнап, талай жыл табанды еңбек еткен мамандарға ерекше құрмет көрсетілді. Алдымен Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы, ауыл балаларын бокс өнеріне баулып, талай шәкірттің спорттық жолына бағыт берген Александр Пятин Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілерімен марапатталса,  өңірде садақ ату спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген білікті бапкер Константин Салодовниковке «Дене шынықтыру мен спортты  дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Ал дзюдо бапкері Айдана Елеусінова Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Одан бөлек басқа да жаттықтырушылар мен спортшыларға, саланың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген  жүргізушілер, техникалық мамандар мен жұмысшыларға облыс әкімінің алғысхаты табысталды. Сондай-ақ кеште облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов сала мамандарына жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Спорттағы әр жеңістің артында үлкен еңбек бар. Бүгін біз бозкілемде белдесіп, алаңда жүгіріп, шаршы алаңда жұдырықтасып жүрген спортшыларымызды ғана емес, сол жеңіске жеткізген адамдарды да ұлықтап отырмыз. Жаттықтырушының жанкешті еңбегі, спорт дәрігерінің жа-
уапкершілігі, төрешінің әділ-дігі, спорт нысаны қызметкерінің күнделікті еңбегі бәрі бір арнаға тоғысып, үлкен нәтижеге айналады. Өңір спортында кейінгі жылдары жақсы серпін бар. Спортшыларымыздың халықаралық аренада топ жарып, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауы – осы салада еңбек етіп жүрген әр маманның ортақ жетістігі. Спорт күні өткенге есеп беріп қана қоймай, алдағы биіктерге мақсат қоятын мереке. Сондықтан барша әріптесіме қажымас қайрат, шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілеймін. Бірлігіміз бекем болып, спортшыларымыздың жеңісті жорығы жалғаса берсін, – деді Бақдәулет Сәбитов.

Бүгіндері облыста бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде. Қазіргі таңда өңірде 294 830 адам, яғни халықтың 42,2%-ы бұқаралық спортпен тұрақты айналысады. Оның 121 215-і – ауыл тұрғындары. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу жоспарланған.

Қазіргі таңда өңірде 1583 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 703-і ауылдық жерлерде орналасқан. Былтыр облыста 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 4 мәдени-спорт кешені, 3 спорт кешені, фитнес залы және 7 спорт алаңы пайдалануға берілді. Спорттық резервті даярлау бағытында 22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп, 14 150 спортшы жаттығады.

Өткен жылы облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 957 медаль жеңіп алды. Оның 306-сы – алтын, 289-ы – күміс және 362-сі қола медаль. Биылғы алты айда спортшылар қоржынға тағы 615 медаль салды. Мерекелік іс-шарада спорттағы үлкен нәтижеге үлес қосып жүрген қаншама адамның еңбегі елеусіз қалмау керектігі айтылды. Өйткені спортшыны жарысқа жеткізетін жүргізуші де, жаттығу залын әзірлейтін жұмысшы да, спорт нысанындағы тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ететін қызметкер де ортақ жеңістің бір бөлшегі. Аталған жұмыстың барлығы халықтың денсаулығын нығайтуға, спорттық инфрақұрылымды жетілдіруге және саламатты ұлт қалыптастыруға бағытталған.

Кештің көркемдік мазмұны да спорт тақырыбымен астасты. Арнайы әзірленген лазерлік шоу, концерттік қойылымдар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Спорттың жігері мен өнердің әсемдігін тоғыстырған бағдарлама мерекелік кештің мазмұнын аша түсті.

Салтанатты жиынның соңы жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысқан концертке ұласты. Әуезді ән мен әсем әуен спорт саласының өкілдеріне мерекелік көңіл күй сыйлады. Осылайша «Спорт – рух, бірлік, жеңіс» атты кеш өңір спортында жүрген барша азаматтың еңбегін бағалап, сала мамандарына жаңа серпін берген тағылымды іс-шара болды. Өйткені спорт – медаль мен рекордтың өлшемімен ғана шектелмейтін кең ұғым. Оның өзегінде рух бар, тәртіп бар, табандылық бар, ең бастысы, елді ортақ мақсатқа бастайтын бірлік бар.

Түгелбай БИСЕН,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале