18 тамыз - Қазақстанда Шекарашылар күні. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 1992 жылдың 18 тамызында құрылып, дәл осы күні еліміздің Шекара әскерінің негізі қаланды. Осы күннен бастап шекарашылар құрлықта да, теңізде де, әуеде де еліміздің шекарасын күзетіп, заңсыз көші-қон, қару-жарақ пен есірткі тасымалына тосқауыл қойып келеді. Шекарашылар терроризмге қарсы операцияларға, контрабандаға тосқауыл болып, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестерде өз өмірлерін қатерге тігіп, еліміздің қауіпсіздігі жолында міндеттерін абыроймен атқаруда.

Шекара қызметі – күн-түн демей атқарылатын жауапты әрі күрделі жұмыс. Олар күндіз-түні кезекшілікте, табиғаттың тосын жағдайына, яғни аязда да, аптап ыстыққа да қарамай, еліміздің шекарасын күзетеді.
Бөрлі ауданы да шекаралық аймақта орналасқан елді мекендердің қатарында. Ауданымыздың шекарасын “Ақсай” шекара бөлімшесі күзетеді. Бөлімшенің штаттық құрамы офицерлер мен келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілерден тұрады.
Мереке қарсаңындағы мақаламызды шекарашы Дихан Сапаровқа арнауды жөн санадық. Негізінен Дихан Сарсекенұлы Теректі ауданына қарасты Дуана ауылының тумасы. Кейіпкеріміз 2007 жылы мектеп бітіріп, Орал қаласындағы кәсіптік білім беретін лицейде коммуналдық жүйелер инженері мамандығы бойынша үш жыл білім алған. Оқуын аяқтаған соң Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы 2201 әскери бөлімінің жағалау күзетінде әскери борышын өтеген.
Әскерден оралғаннан кейін ол әртүрлі салаларда еңбек еткен. Ал 2021 жылы Дихан өмірін шекара қызметімен байланыстырады. Осы уақыттан бастап ел шебін күзету – оның күнделікті қызметіне, өмірлік ұстанымына айналды десек болады.

Шекарашы болу – абыройлы міндет
Кейіпкеріміздің айтуынша, шекарашы болу үшін ең алдымен Отаныңды шынайы сүю қажет. Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар, шекарашының бойында қырағылық, төзімділік, тәртіппен жауапкершіліктің болуы өте маңызды.
Шекарашының әр күні ең алдымен қызметке дайындықтан басталады. Күнделікті қойылған міндетті бұйрыққа сәйкес адал орындау, кез келген жағдайда қырағылық таныту – шекарашылар үшін басты талаптың бірі.
Қызмет барысында Дихан Сапаровтың еңбегі елеусіз қалған емес. Оның шекара қызметі басшылығынан, шекара бөлімі тарапынан алған алғысхаттары бар. Сонымен қатар аудан, қала, ауыл әкімдігі тарапынан да шекарашылардың еңбегі назардан тыс қалған емес. Мұндай қолдау әскери қызметшілерге ерекше серпін беретіні анық. Сұхбат барысында кейіпкеріміз «Еңбегіміздің бағаланғаны бізге үлкен жігер береді. Қызметімізге деген жауапкершілігіміз одан сайын артады» деп айтып өтті.
Шекарашының жанұясы да - шекарашы

Шекарашылар күні - тек осы мамандық иелерінің ғана емес, олардың отбасылары үшін де ерекше мереке. Себебі шекарашының қызметі оның жақындарының өмірімен де тығыз байланысты. Қызмет бабымен елдің шалғай шекаралық аумақтарында тұратын әскери қызметшілердің отбасылары да олармен бірге көшіп-қонып, түрлі қиындықтарды бірге еңсереді.
Шекарашы Дихан Сарсекенұлы бір қыз бен үш ұлдың әкесі. Оның айтуынша, шекарашының отбасы да бұл қызметтің жауапкершілігін бірге сезінеді.
Жас сарбаздарға үндеу
Кейіпкеріміз жас сарбаздарды да шекара қызметіне шақырады. Оның пікірінше, ел шебін күзету – жәй ғана мамандық емес, Отан алдындағы қасиетті міндет.
Ал шекарашының бейбіт күндегі ең үлкен арманы - елдің тыныштығы мен жарқын болашағы.
Қорытынды. Шекара шебінде қызмет ету – үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді. Мемлекеттік шекараның әрбір бекеті мен әр шекарашысы ел қауіпсіздігінің маңызды бір бөлігі саналады. Сондықтан бейбіт өміріміздің тыныштығын күзетіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
«Қызметтен тыс уақытта да мен шекарашы болып қала беремін» дейді кейіпкеріміздің өзі. Себебі шекарашы болу – оның таңдаған мамандығы ғана емес, жүрекпен қабылдаған өмірлік ұстанымы.
Айдана АБДРАХМАНОВА
Бөрлі ауданы