Казақы тіршіліктің өзегі – төрт түлік. Ал төрт түліктің қамы қыстың қамын жазда ойлап, қора-қопсыны жемшөппен қамдаудан басталады. Әсіресе табиғаттың мінезі құбылып тұрған бүгінгі кезеңде мал азығын алдын ала әзірлеп, шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – ауылдағы ағайын үшін айрықша маңызды.
Қараоба ауылдық округіндегі «Ақбота» шаруа қожалығында бұл жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Қазір мұнда шөп шабу науқаны қызған шақ. Даланың әр ашық күнін тиімді пайдаланған шаруашылық ұжымы техникаларын қатар жұмылдырып, шабылған шөпті дестеге түсіріп, буып, алқаптан бірден тасымалдауға мән беруде. Өйткені шөптің сапасы оны шабумен ғана емес, уақытында жинап, дұрыс сақтаумен де өлшенеді.
«Ақбота» мал шаруашылығын ата кәсіппен сабақтастыра отырып, заман талабына сай жаңа бағыттарды игеріп келе жатқан шаруашылықтардың бірі. Шаруашылықтың іргесін кезінде Қуаныш Мерекеұлының әкесі қалаған. Бүгінде ол әке еңбегін жалғастырып қана қоймай, шаруашылықты жаңа белестерге бастауға талпынып жүр.
– Біздің негізгі бағытымыз – етті мал шаруашылығы. Асыл тұқымды «Ақ бас» сиырын, «Көшім» жылқысын, «Еділбай» қойын өсіреміз. Қожалықтың негізін әкеміз қалаған. Қазір сол кісінің жолын жалғастырып, шаруашылықты дамытуға күш салып келеміз, – дейді Қуаныш Мерекеұлы.
Ауыл шаруашылығында ауа райына тәуелділік қашанда бар. Соңғы жылдары жауын-шашынның азаюы мен қуаңшылық болуы шаруаларды мал азығын дайындаудың балама жолдарын қарастыруға итермелеп отыр. «Ақбота» қожалығы да осы мәселені ескеріп, екпелі шөп өсіруге ден қойған. Табиғи шабындықтың шығымы мен құнарлылығы жыл сайын біркелкі бола бермейді. Ал екпелі шөп аз аумақтан мол өнім алуға мүмкіндік беретін тиімді тәсілдердің бірі.
– Географиялық жағдайымыз бен ауа райының өзгеруі бізді осы бағытқа бет бұруға алып келді. Жыл сайын қайталанатын қуаңшылық, табиғи шөптің құнарлылығының төмендеуі, мал азығын уақытында жинаудағы қиындықтар шаруашылыққа өз әсерін тигізеді. Сондықтан екпелі шөп егуге көштік. Оның тиімділігі – аз ғана жерден көбірек өнім алуға болады. Биыл бұл бағытта алғаш рет тәжірибе жасап жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Жемшөп өндірісін дамыту шаруа қожалықтың бүгінгі ғана емес, ертеңгі жоспарының да бір бөлігі. Шаруашылықта алдағы уақытта суармалы бағытқа көшу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар мал азығының құнарлылығын арттыру үшін шөптің жаңа түрлерін егу көзделген.
– Алдағы уақытта суармалы бағытқа көшуді жоспарлап отырмыз. Екпелі шөптің ішінен құнарлылығы жоғары, малға қолайлы, бордақылауға тиімді түрлерін көбейткіміз келеді. Биыл алғаш рет қолға алғандықтан, қазір тәжірибе жинақтап жатырмыз. Алдағы уақытта шөптің басқа түрлерін де егіп көреміз, – дейді Қуаныш Мерекеұлы.
Бұл ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі тәжірибе мен жаңа технологияны ұштастыруға жасалған қадам. Себебі қазіргі шаруа міндеті табиғат берген мүмкіндікке ғана сүйеніп қоймай, қолда бар жер мен суды тиімді пайдаланып, өнімділікті арттыру.
Ауылдағы кәсіптің қанат жаюына мемлекеттік қолдаудың да ықпалы бар. «Ақбота» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытындағы субсидияларды пайдаланып келеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын және қажетті қосалқы бөлшектерді алуда мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндік берген.
– Асыл тұқымды малдың аналық басын ұстауға байланысты мемлекет тарапынан субсидия алып отырмыз. Бұған дейін техника алуда, техникаға қажетті бөлшектерді алуда да мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдаландық. Қазір де бұл бағыттағы бағдарламалар бар. Қолданамын деген азаматтарға мүмкіндік жеткілікті, – дейді шаруашылық басшысы.
Мұндай қолдау ауылдағы кәсіптің аяғынан тік тұрып, өндірісін кеңейтуіне жол ашады. Ал кәсіптің өркендеуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді.
«Ақбота» шаруа қожалығының ерекшелігі – өндірістік көрсеткішпен ғана өлшенбейді. Мұнда еңбек адамына жасалған қамқорлық та назар аударарлық. Қожалықта және оған қарасты бағыттарда жиырмаға жуық адам жұмыспен қамтылған. Мал шаруашылығымен қатар сауда-саттық саласы дамып, жақында кешенді түрде монша қызметі де іске қосылды.
Шаруашылық басшылығы еңбеккерлерді ынталандыруға да айрықша мән береді. Еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерге баспана, көлік, тұрмыстық жиһаз секілді қажеттіліктермен қатар, демалыс ұйымдастыру сияқты әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі.
– Біз жиырма шақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшыларды ынталандыру үшін үй, көлік, тұрмысқа қажетті жиһаздар, демалыс секілді қолдаулар көрсетеміз. Өйткені жақсы жұмысшы – жақсы кәсіптің тірегі. Еңбек еткен адам өзінің еңбегінің бағаланғанын сезінуі керек. Мұны ауыл азаматтары үшін де, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері үшін де маңызды деп есептеймін, – дейді жас кәсіпкер.
Шаруашылықтың алдағы жоспары да ауқымды. Ең алдымен екпелі шөп алқаптарын ұлғайтып, мал басын арттыру көзделіп отыр. Бірақ мақсат мұнымен шектелмейді.
– Алдағы уақытта екпелі шөп алқабын көбейтіп, мал басын арттырғымыз келеді. Бірақ тек мал санын көбейтумен шектелмейміз. Толық циклді өндіріс қалыптастырып, өнімді өңдеп, халыққа, тұтынушыға дейін жеткізетін бағыттарды дамытқымыз келеді. Басқа да инвестициялық жобаларымыз бар. Өзіміз өндіріп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қоссақ деген мақсатымыз бар, – дейді қожалық басшысы.
Қазақ «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Ауылдағы ағайын бұл сөздің мәнін күнделікті тіршілігімен дәлелдеп келеді. «Ақбота» шаруа қожалығының бүгінгі жұмысы да – атадан қалған кәсіпті заман талабына сай жаңғыртып, маңдай термен берекеге айналдырудың жарқын мысалы.
Даладағы еңбек – елдің ырысы. Ал сол еңбекті бағалап, өндірісті ұлғайтып, жұмысшыға жағдай жасап, жаңа технологияға ұмтылған шаруаның ертеңге деген сенімі де берік.
Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ
Казталов ауданы