Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда ата-аналар балаларын мектепке дайындау қамына кірісті. Әсіресе бірнеше баласы мектеп жасындағы отбасылар үшін бұл кезең қомақты қаржылай шығынды талап етеді.

Әлеуметтік жағдайы төмен және қолдауға мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек қарастырылған. Биыл бір балаға берілетін бір реттік көмектің мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл қаражат жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға беріледі. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, 7 тамыздағы жағдай бойынша 158 ата-ана өтініш беріп, оның 146-сының санаты расталды және тиісті қаражаттары аударылды.
Мемлекеттік қолдауға үміт артқан көпбалалы ана Айгерім Карменова биыл алты баласын мектепке дайындап жатқанын айтады. Күйеуі қарапайым жұмысшы, Айгерім өткен жылы да көмек алғанын, биыл да қажетті құжаттарды өткізгенін жеткізді.
Мектепке дайындық тек құжат жинаумен шектелмей, сауда орындарында да үлкен қарбалас тудырып отыр. «Тайыр базарының» кәсіпкері Асиманың айтуынша, қазір ата-аналар киімнің сапасына, матасына және тігісіне баса назар аударады.
Сонымен қатар екі қызын мектепке дайындап жатқан қала тұрғыны Жадыра бұл үдерістің отбасы бюджетіне біраз салмақ салып жатқанын атап өтті. Ең қажетті кеңсе тауарларын есептегеннің өзінде бір оқушыға орта есеппен 30-40 мың теңге жұмсалуы мүмкін.
Осындай қаржылық жүктемені жеңілдету мақсатында Бөрлі ауданында 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Игі шараға Бөрлі аудандық мешіті, «Строительно-коммерческая фирма «Наурыз» ЖШС, «БатысМұнайСтрой» сервистік компаниясы, «AK Salam Group» ЖШС, «Aksai RUN KZ» спортшылар командасы және «Ақсай-Қамқор» қоғамдық бірлестігі атсалысуда. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Аслан Асенеев, Алтынай Мұқашева, Мақсұт Жандосов, Сауле Ибраева, мектеп түлегі Тимур Салихов пен Ізбасар Бекетов сияқты демеушілер де оқушыларға көмек көрсетіп, өз үлестерін қосуда.
Жалпы, баланы мектепке дайындау – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы