Ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің (1812-1870) көптеген шығармасында бас кейіпкер – ұлдар. Кішкентай кезінде әкесі қарызға белшесінен батып, түрмеге қамалғандықтан, жоқшылықты көп көрген, ауыр еңбекке ерте араласқан қаламгер туындыларында жетімдердің тауқіметті тағдырын әсерлі суреттейді. Мәселен, «Оливер Твистің бастан кешкендері» және «Дэвид Копперфилд» романдары басты қаһармандардың, яғни, ұл балалардың атымен аталған. «Ұлы армандар» романында да бас кейіпкер – ұл, яки, Пип. Ал «Кішкентай Доррит» романында негізгі қаһарман, әдеттен тыс – қыз бала.

Сурет: ашық дереккөзінен
Аталған туынды оқырмандарға жол тартқан соң, көптеген замандасы авторды сынға алған. Мәселен, «Fraser’s Magazine» журналында жарияланған мақалада «Кішкентай Доррит» – Диккенстің ең нашар романы» деп жазылса, ал «Blackwood’s Magazine» басылымында шыққан сында кітапқа «бос сандырақ» деп баға берілген.
Дегенмен, бұл шығарманы ұнатып, жоғары бағалаған қаламгерлер де жетерлік. Мәселен, ирландиялық жазушы Бернард Шоу «Кішкентай Доррит» жайында: «XIX ғасырдағы ағылшын қоғамын бейнелеген ең ауқымды картина» – деп жазса, ал америкалық сыншы Лайонель Триллинг былай дейді: «Романда қоғамның барлық кемшілігі артық драматизмсіз көрсетілген». Сонымен қатар, аталған кітап орыстың сөз зергері Федор Достоевскийдің де көңілінен шыққан екен.
Сонымен, 1855-1857 жылдарда жазылған шығарма желісі бойынша, банкрот болған Уильям Доррит қарызын қайтара алмай, кредиторлардың талабымен Маршалси түрмесіне қамалады. Әйелі үш жасар ұлы Эдуард пен екі жасар қызы Фанниді алып, күйеуін көруге жиі келіп тұрады. Алайда табысы болмағандықтан, ақшадан тарығып, көп ұзамай, жұбайының қасына абақтыға көшіп келеді. Онда ерлі-зайыптылардың тағы бір қызы Эми дүниеге келеді. Кітапта басты кейіпкер – осы Эми. Ол 8 жасқа келгенде, анасы қайтыс болады. Уильям Доррит қарызын қайтара алмағандықтан, түрмеде 23 жыл отырады. Сол себепті, жұрт оны «Маршалсидың әкесі», ал перзенттерін «Маршалсидың балалары» деп атап кетеді.
Оқиға баяндалып отырған сәтте Эми 21 жастағы бойжеткен еді. Бірақ болмысы нәзік әрі бойы да аласа болғандықтан, көпшілік оны әлі кішкентай көріп, «Кішкентай Доррит» дейтін. Ес білгеннен көргені түрменің тас қабырғалары болса да, Эми тумысынан ақылды, жанашыр әрі жан дүниесі таза болатын. Оқуды және тігін тігуді үйреніп алып, отбасына жәрдемдесуге талпынды. Кленнам ханым деген бай кісінің үйіне тігінші болып жалданып, жұмысқа кірді. Оның түнерген бөлмесінің қараңғы бір бұрышында күні бойы ешкіммен сөйлеспей, үн-түнсіз тігін тігіп отыратын. Берілген түскі асты кішкентай Доррит өзге қызметшілермен бірге отырып ішпей, оңаша жеп, әрдайым саяқтана беретін. Сөйтсе, мұның мәні кейінірек белгілі болады. Эми өзіне берілген тамақты жемей, сақтап, кешке түрмеге алып кетеді екен. Қамаудағы әкесіне, яғни, Уильям Дорритке ысытып, кешкі ас қылып беріп жүреді.
Романда бас кейіпкердің ағасы Эдуард пен әпкесі Фанни шолақ ойлайтын ақылы таяз адамдар ретінде суреттеледі. «Отбасыма септігімді тигізейін, көмектесейін» деген пиғыл оларда жоқ еді. Ал Эми, керісінше, өте ақкөңіл, парасатты әрі қамқор болатын. Ол әкесін қатты жақсы көретін. Кешке жұмысынан келген соң, әкесіне асын жылытып, дастархан дайындау, кір-қоңын жуу, киімін әзірлеу, қысқасы, асқар тауының күтімін жасау Эми үшін шексіз шаттық, баға жетпес бақыт еді. Уильям Доррит қызына ара-тұра: «Сен мені қазіргі қартайған шағымда емес, тепсем, темір үзетін, қылшылдап тұрған жас кезімде көрсең ғой. Мені мақтан тұтар едің» – дейтін мұңайып. Сонда ақылды Эми былайша оның еңсесін тіктейтін: «Әке, сіз осы қалпыңызда да мен үшін асқақсыз, сізді жақсы көремін!».
Кішкентай Доррит тігінші болып істеген үйдің қожайыны Кленнам ханымның Артур Кленнам есімді ұлы Эмиді ұнатып қалады. Оның отбасын қиындықтан құтқарып, абақтыдан шығару үшін барын салады. Алайда автор Көпсөзділік министрлігі деп сатиралық атау берген жауапты мемлекеттік мекеме бюрократияға, қағазбастылыққа салып, Артурға мақсатына жетуге мүмкіндік бермейді. Дегенмен, бір күні Уильям Дорритке Италиядағы алыс туыстарынан мұраға мол ақша қалғаны белгілі болады. Ен байлықты иемдену үшін ол тиісті құжаттарға қол қойуы тиіс еді. Артур білікті заңгерлер әкеліп, Дорриттер отбасына мұра ретінде қалған шалқыған дәулетті алуға себеп болады. Осылайша, олар қарызын түгел қайтарып, түрмеден шығады. Ойламаған жерден байлыққа кенелген Дорриттер әуелі Франция мен Италияны аралап саяхаттап, кейін Римдегі патша сарайындай үйіне барады.
Аяқ астынан байып кеткен Уильям, Эдуард және Фанни Дорриттердің мінез-құлқы да өзгереді. Олар өздерін паң, тәкаппар ұстайтын болады. Бұрынғы қапастағы өмірін ұмыту үшін ескі таныстарының бәрімен байланысты үзеді. Күнде думан, күнде той өмірі басталады. Күн сайын ақсүйектер мен шіріген байлардың арасындағы сауық-сайранға қатысып жүреді. Ал тумысынан кішіпейіл әрі таза Эми мұндай ырду-дырду өмірді ұнатпайтын. Ол асқар тауына бұрынғыдай қамқор болайын десе, әкесі, ағасы, әпкесі бәрі де тыйым салады. «Эми, бізді ұялтпа! Біз ақсүйектерміз! Тамақ пісіру, дастархан дайындау, үй жинау, кір жуу сияқты жұмыстардың бәрін қызметшілер істейді! Өзіңді біздің деңгейімізге лайық ұста! Отбасымыздың абыройын төкпе!» – деп ұрса береді оған. Осылайша, Эми үшін көңілсіз әрі іш пыстырарлық күндер өтіп жатады. Ол әкесінің ағасы Фредерик Дорритпен бірге көп уақыт өткізетін болады енді. Бұрын әкесіне қамқор болса, енді көкесі Фредерик қартқа қызмет етіп, жағдайын жасайды.
Әйтсе де, әр ертегінің соңы болады емес пе? Көп уақыт өтпей, Уильям Доррит пен оның ағасы Фредерик бірінен соң бірі қайтыс болады. Эмидің ағасы Эдуард ауруға шалдығады. Ал әпкесі Фанни дүниесіне қызығып, бір байдың баласына тұрмысқа шыққан еді. Оның күйеуі банкротқа ұшырап, бар қаржысынан айрылады.
Жоғарыда Артур Кленнам есімді жігітті атап өткен едік. Есіңізге салайын, ол – Эми тігінші болып жұмыс істеген үйдің қожайыны Кленнам ханымның баласы. Артур Эмиге ғашық болса, қыз да оны сүйетін. Дорриттер отбасы Римге қоныс аударған соң, Артур Дэниел Дойс деген бір өнертапқышпен серіктес болып, бірге жұмыс істей бастайды. Артур екеуінің қаржысын Лондондағы ең бай кісі Мердл мырзаның банкіне салады. Алайда Мердл мырза адал жолмен дәулет жиған кәсіпкер емес, алаяқ екені әшкере болады да, ол түрмеге қамалудан қорқып, өзіне қол жұмсайды. Осылайша, Мердл банкі құрдымға кетеді. Қаражатын онда құйғандар бар жиған-тергенінен айрылады. Досын осындай жағдайға тап қылғанына ұялған Артур Кленнам қолда бар ақшасын оның есепшотына аударады да, қалған қарызын қайтара алмай, Маршалси абақтасына қамалады.
Артур түрмеде отырғанда, оған Эми келіп, қарасып тұрады. Дүние кезек екенін көрмейсіз бе?! Бұрын Дорриттер отбасы қапаста қамауда отырғанда, Артур оларға дәл осылай жәрдемдесіп еді ғой?!
Айтпақшы, марқұм Уильям Доррит те бар ақшасын Мердл банкіне салған еді. Қаржылық ұйым құрдымға кеткен соң, оның отбасы да дымсыз қалады.
Мердл банкі банкрот болмастан бұрын, шетелге кетіп, кәсіп жүргізе бастаған Дэниел Дойс Лондонға оралып, тасы өрге домалағанын, сөйтіп, мол табысқа кенелгенін хабарлайды. Сөйтіп, Артурды абақтыдан шығарып алады. Бірін-бірі сүйген қос ғашық Артур мен Эми үйленеді. Шығарма осымен аяқталады.
Біз романның мазмұнын қысқаша ғана баяндадық. Негізі, айтылмай қалған эпизодтар әлі де көп. Толығырақ оқырманның өзі оқып, ой түйгені жөн болар. Дегенмен, тағы бір бөлігіне шолу жасағанды дұрыс деп таптық. Жоғарыда жазғанымыздай, Диккенс туындысында Көпсөзділік министрлігі деген мемлекеттік орган туралы жазады. Ұлыбританияның ішкі істерінде жобаларды, құжаттарды т.б. мәселелерді заң аясында бекіту осы мекеменің құзіретінде болған. Дарынды жас, жаңашыл өнертапқыш Дэниел Дойс аталған министрлікке ашқан жаңалығын, ойлап тапқан техникасын апарғанда, ондағы шенеуніктер көзге ілмей, мән бермей қояды. Елдің дамуына септігін тигізетін жоба елеусіз қалады. Сондықтан ғалым қолдауды шет мемлекеттерден іздеп, сыртқа кетуге мәжбүр болады.
Шенді-шекпенділердің қызметіне немқұрайлы қарауы; билік пен халықтың, бай мен кедейдің арасы жер мен көктей алшақтап кетуі; қарызға кірген қарапайым бұқараның түрмеге қамалып, батпаққа шыға алмастай бата түсуі; дәулетті кісілердің дүниесін ғана ойлаған тойымсыз ашкөздігі – яғни, Ұлыбританияның сол кездегі бет-бейнесін автор бүкпесіз бейнелеген.
Тарихи деректерге жүгінсек, Ұлыбританияға және империяға бағынышты аймақтарды 1837-1901 жылдарда Виктория патшайым билегендіктен, бұл аралық Виктория дәуірі деп аталады. Жазушы Чарльз Диккенс те осы кезеңде (1812-1870) өмір сүрген. Бұл кезде Лондон қарыштап дамып, көз ілеспес жылдамдықпен өсіп, өркендеді. Жаңадан үздіксіз зауыт-фабрикалар мен теміржолдар салынып жатқан қалаға жұрт жұмыс іздеп ағылды. 1800 жылы шаһарда 1 миллион тұрғын болса, ал ғасыр соңында халық саны 6 миллионға жетті. Сондықтан Лондон көшелері ығы-жығы бұқара мен шашылған қоқысқа толы, ауасы түтін лас жерге айналды. Ел ішінде жұқпалы аурулар жиі тарап, жастай өлетіндер көп болды.
Виктория дәуірінде қоғам үш тапқа бөлінді: 1. Жұмысшы тап көшеде сауда-саттықпен айналысты немесе зауыттарда ауыр жұмыс істеді. Олардың жалақысы өте төмен еді; 2. Орта тап банктерде не түрлі компанияларда, яғни, таза жерлерде қызмет етті. Олардың кейбірі бай болатын; 3. Ал жоғарғы тап ақсүйектер ешқайда жұмыс істемей, ата-бабасынан мұраға қалған аста-төк дәулетке шалқып ғұмыр кешті. Еуропаның сәулетті шаһарларын шарлап, әсем өлкелерін аралап, армансыз өмір сүрді. Олар өздерін қоғамның ең маңызды өкілдері санайтын.
Ал кедейлердің тіршілігі сұмдық ауыр, күнкөрісі өте қиын еді. Әдетте, Виктория дәуіріндегі отбасыларда 5-6 бала болатын. Ата-анасымен қосқанда, 7-8 кісі жатақхана секілді үйдің қуықтай бір бөлмесінде тұратын. Онда не тамақ пісіретін пеш, не жуынатын арнайы бөлме жоқ еді. Сондықтан анда-санда қоғамдық душтарға баратын. Кедейлердің перзенттері де еңбекке ерте араласатын.
Жұмыссыз не дімкәс, ауру кісілер Жұмыс үйі деп аталатын нысанға жіберілетін. Онда олар отбасынан бөлек тұрып, арнайы форма киіп, ауыр әрі лас жұмыстарға жегілетін. Заң жүзінде елдің барлық азаматы тең болғанмен, мемлекет жұрты осындай таптарға бөлінетін.
Қоғамдағы мұндай теңсіздік пен қарапайым бұқараның қиналғаны Диккенстің жүрегіне салмақ түсірді. Бала кезінде әкесі қарызға батып, Маршалси түрмесіне қамалғандықтан, өзі де көп қиындық көріп өскен қаламгер шығармаларында халықтың жай-күйі мен мұң-мұқтажын әсерлі жеткізеді. Оның туындыларының өлмейтін себебі де осы шығар.
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА