19.08.2026, 15:30
Оқылды: 6

Тасқаладан Колумбияға дейін

Адамның үлкен арманы кейде алыстан емес, туған жердің топырағынан басталады. Бала күнгі қызығушылық, ұстаздың берген білімі, отбасының тәрбиесі мен алға ұмтылыс жылдар өте келе үлкен мақсатқа айналады.

Тасқала ауданында балалық шағы өтіп, білім жолын Оралдан жалғастырған Дархан Қанатұлы Абдрахмановтың бүгінгі жетістігі де осындай үздіксіз ізденістің нәтижесі.

Дархан Абдрахманов 2

Дархан 1997 жылы 2 сәуірде Орал қаласында дүниеге келгенімен, оның балалық шағы мен азамат ретінде қалыптасу кезеңі Тасқала ауданымен тығыз байланысты. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдаған жас білімге деген құштарлығын кейін Орал қаласында жалғастырды.  Содан бері оның өміріндегі әрбір кезең ізденіс пен жаңа бағытты меңгеруге ұласқан.

Алғашқыда Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Шет тілі: соның ішінде ағылшын және неміс тілдері» мамандығын меңгеріп, төрт жылдық оқуын үздік дипломмен аяқтады. Тіл үйрену арқылы өзге мәдениеттерге қызығушылығы артқан ол кейін тағы екі жыл білім алып, «Мұнай және газ бизнесі» мамандығын игерді. Ал 2020 жылы оның білім жолында жаңа бағыт пайда болды. Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің исламтану мамандығына түсіп, бұл оқу орнын да үздік дипломмен тәмамдады.

Бір қарағанда, шет тілдері, мұнай-газ бизнесі мен исламтану бір-бірінен алшақ салалар секілді. Алайда Дархан мұны өз өміріндегі кездейсоқ таңдаулар емес, өзін іздеудің, дүниетанымын кеңейтудің кезеңдері деп бағалайды.

«Адам кейде өз бағытын бірден таба бермейді. Мен де әртүрлі саланы байқап көрдім, өзімді іздедім. Әр мамандық маған жаңа тәжірибе берді. Кейін өзіме жақын саланың исламтану екенін түсініп, осы бағытта тереңірек ізденуге шешім қабылдадым», – дейді ол.

Дарханның исламтануға деген қызығушылығы да бір күнде пайда болған жоқ. Өсе келе исламның адам тәрбиесіне, білімге, жауапкершілікке және қоғамдағы өзара қарым-қатынасқа қатысты ұстанымдарына назар аудара бастаған. Уақыт өте келе діни білімге деген қызығушылығы оны исламды ғылыми тұрғыдан зерттеуге алып келді.

«Дінді түсіну үшін оның қоғамдағы орнын да зерттеу қажет деп ойлаймын. Исламтану маған осы мәселелерге бірнеше қырынан қарауға мүмкіндік береді. Ғылыми көзқарас адамның белгілі бір құбылысқа қатысты түсінігін тереңдетеді», - дейді Дархан.

Оның ізденісі біртіндеп халықаралық деңгейге көтерілді. Ол АҚШ пен Ұлыбританияның бірқатар беделді университеттерінен магистратураға шақырту алды. Олардың қатарында АҚШ-тағы Columbia University мен New York University, Ұлыбританиядағы University of Exeter бар.

Бірнеше оқу орнының арасынан Columbia University-ді таңдауы да кездейсоқ емес. Исламтану, Таяу Шығыс және Орталық Азия зерттеулері бойынша қалыптасқан академиялық орта, әртүрлі ғылым салаларын тоғыстыра отырып зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін ортасы оның ғылыми мақсатына жақын.

Columbia University - АҚШ-тағы «Ivy League» құрамына кіретін әлемнің беделді жоғары оқу орындарының бірі. Оның тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. Университеттен әлемге танымал ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері түлеп шыққан.

Алайда Дархан үшін университеттің атағы ғана маңызды емес. Оның айтуынша, мұндағы басты мүмкіндік - халықаралық ғылыми ортаға ену, әр елден келген зерттеушілермен пікір алмасу, түрлі ғылыми мектептердің әдіснамасымен танысу.

Дарханның бұл халықаралық білім жолына «Болашақ» халықаралық стипендиясы да мүмкіндік берді. Оның жетістігінің тағы бір ерекшелігі – «Болашақ» бағдарламасының тарихында исламтану бағыты бойынша стипендия иеленген алғашқы қазақ болуы. Сонымен қатар ол Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің исламтану бағыты бойынша АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттеріне қабылданған алғашқы түлектерінің бірі ретінде ерекшеленеді.

Бұл жетістік Дарханның жеке жеңісімен ғана шектелмейді. Ол Қазақстандағы діни білімнің халықаралық академиялық кеңістікпен байланысының артып келе жатқанын да көрсетеді.

Әлемнің ар жағындағы оқу орнына аттану - бір жағынан үлкен мүмкіндік болса, екінші жағынан отбасы үшін толғанысты сәт. Дарханның жаңа сапарына анасы Ырысты мен ағасы Нұрлан қуанышпен қарап, ақ тілектерін білдіріп отыр. Дегенмен ана жүрегінде алаң да бар. Баласының алыста, бөтен елде білім алуы, жаңа ортаға бейімделуі - кез келген ата-ана үшін оңай емес.

Соған қарамастан анасы баласының мақсатына сеніп, ақ батасын берді.

Ал, ана батасы мен отбасының қолдауы - алыстағы сапарға аттанған жас үшін үлкен рухани демеу. Өйткені әлемдік деңгейдегі білім ордасына жол ашылғанымен, адамның ең үлкен тірегі бәрібір туған жері мен отбасы болып қала береді.

Алдағы уақытта Дархан исламтану саласында терең маманданып, халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді. Columbia University-де алатын білімі мен шетелдік академиялық ортадағы тәжірибесін Қазақстандағы діни үдерістерді зерттеуге бағыттамақ. Елге оралған соң ғылыми-зерттеу жұмыстарына араласу, ислам мұрасы мен қазіргі қоғамдағы діннің орнын зерделеу, жастардың сапалы діни әрі академиялық білім алуына ықпал ететін бастамаларға үлес қосу - оның басты жоспарларының бірі.

«Менің негізгі мақсатым - алдымен адам болу, кейін шамам жеткенше жанымдағы адамдарға пайдамды тигізу. Ал кәсіби тұрғыдан исламтану саласында терең маманданып, халықаралық деңгейде зерттеу жүргізетін маман болғым келеді. Жинаған білімім мен тәжірибемді Қазақстанға әкеліп, елдегі ғылыми жұмыстарға жұмсау - басты жоспарым», - дейді ол.

Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі әлемдік деңгейде білім алу - мәртебе ғана емес, сол білімді ел игілігіне жарата білу міндеті.

Тасқаладан басталған жолдың Колумбияға дейін жетуі - бір күнде келген жетістік емес. Оның артында жылдар бойғы еңбек, үздіксіз ізденіс, түрлі салада білім алуға деген құштарлық, өзін табуға деген талпыныс және отбасының қолдауы бар.

Дархан Абдрахмановтың өмір жолы бір нәрсені анық көрсетеді: адамның алғашқы таңдауы оның соңғы аялдамасы болмауы мүмкін. Ең бастысы – ізденуден тоқтамау, білім алудан жалықпау және өзіңе жақын бағытты тапқан кезде сол жолға табандылықпен түсу.

Бүгінде Тасқаладан түлеген жас әлемдік академиялық кеңістіктің жаңа белесіне қадам басқалы отыр. Ол үшін Columbia University - мәреге жеткен жер емес, жаңа ізденістердің бастауы.

 

Бекжан Өтемісов,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале