Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов «Мен оқыған 30 кітап» байқауының облыстық кезеңінде жүлдегер атанып, республикалық кезеңге жолдама алған Айару Батырғалиды қабылдады.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловтың айтуынша, алдымен аудандық кезеңге 13 оқушы қатысып, Сырым мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Айару Нұрболқызы І орынды иеленген. Одан кейін Шыңғырлау ауданында өткен облыстық бәсекеде ІІ орын алып, республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды.

Анасы әрі жетекшісі Айшолпан Амангелдіқызымен бірге қабылдауда болған кітапқұмар аруға аудан әкімі ықылас гүлі мен алғысхат табыстап, Қадыр Мырза Әлидің қанатты сөздер жинағы мен Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабын сыйға тартты.
Аудан басшысы оқушының талпынысына жоғары баға беріп, Қазталов ауданында өтетін республикалық кезеңде сәттілік тіледі.

Жеңімпаз да өз кезегінде байқаудан алған әсерімен бөлісті. Айта кетейік, жас дарын жақында «AQJAIYQ» телеарнасының «Күншуақ» бағдарламасына да қатысып қайтқан болатын.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы