10-17 тамыз аралығында Қостанай қаласында жасөспірімдер арасында шаңғы жарысынан жазғы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Еліміздің 12 облысынан 430-дан астам жас шаңғышы қатысқан дүбірлі додада облысымыздың жас спортшылары жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

«Кросс жарысы» бағдарламасы бойынша 2011-2012 ж.т. жасөспірім ұлдар, 5 км қашықтықта Алишер Маликов және жасөспірім қыздар арасында 3 км қашықтықта Анастасия Соколова үздік шықты. «Классикалық жүріс» бағдарламасында
2009-2010 ж.т. қыздар арасында 7,5 км қашықтықта Жанерке Тудахунова бірінші орын алса, 2011-2012 ж.т. қыздардың 5 км қашытықтығында Лейла Мукатова бәрін шаң қаптырды. «Еркін әдіс» бағдарламасында түрлі қашықтықтарда Жанерке Тудахунова, Алишер Маликов, Анастасия Соколова үздік атанса, Лейла Мукатова 3-ші орынға қол жеткізді. «Командалық спринт» пен «Еркін әдіс» бағдарламаларында 2011-2012 ж.т. ұлдар арасында Андрей Пирог пен Алишер Маликов күміс жүлдені еншілесе, қыздар арасындағы сында Лейла Мукатова мен Анастасия Соколова ешкімге есе жібермей үздік шықты.
-Оқушылардың бұл жетістігі үздіксіз қолдау мен нәтижелі еңбектің, тынымсыз жаттығудың жемісі, - дейді жаттықтырушысы Ислам Елемесұлы.
Мейрамбек Сыдықов,
"Жайық Пресс"