Орал қаласындағы «Ардагерлер» клубының жанынан құрылған «Асыл әжелер» халықтық вокалдық ансамблі таяуда Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін Халықаралық достық фестиваліне шақырту алды. Ән десе, көңілдері құлпырған ақжаулықтылар ансамблінің осыдан тоғыз жыл бұрын негізі қаланған.

Шілде айының соңында еліміздің бас қаласында «Таланттар әлемі – Planet of Talеnts» қоғамдық бірлестігі – ұлттық құндылықтар орталығының ұйымдастыруымен ұлттық өнер фестивалі өтті. Бұл шығармашылық байқауға қатысқан «Асыл әжелер» халықтық ансамблі бас жүлде иеленіп, Ақ Жайық өңірінің мерейін үстем етті. Жақында әнге ғашық әжелердің жетекшісі Жаңылай Арыстановамен әңгімелесудің орайы туды. Ақжаулықтының айтуынша, ансамбльдің негізгі мақсаты – көнеден жеткен әндерді тамылжыта шырқап, ел жадында жаңғырту. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойындағы ұлттық мәдениетті молайтып, оларды салт-дәстүрмен сусындату екен. Бүгіндері «Асыл әжелер» халықтық ансамблінің құрамында 11 әже және бір көркемдік жетекші бар. Әжелерді ән әлеміне жетелеп жүрген жан – ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әділбек Сүлейменов көрінеді.
– Біздің ансамбль құрамындағы әжелер ән айтумен ғана шектелмейді. Мектептерде, оқу ордаларында, жалпы кездесуге шақырған әр жерде өмірден түйгендерін жастарға айтып, ұлттық құндылықтардың маңызын сөзге өзек етеді. Қазір зейнет жасында болғандықтан біз ұрпақ тәрбиесін алдыңғы орынға қоямыз. Кейінгі буынның қазақы болмысынан ажырамай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскенін қалаймыз. Сол себепті де, «Асыл әжелердің» шығармашылық қорында ел құлағында жатталған есті әндер молынан жинақталған. Ал байқауға ән таңдағанда көркемдік жетекшінің көмегіне жүгінеміз. Былтыр композитор Әділбек Нәсекенұлының «Әділбектің ән әлемі» атты әндер жинағы жарыққа шықты. Астанада өткен республикалық фестивальда сол жинаққа енген «Асығамын Астанаға!» әнін үш дауыста шырқап, бас жүлдеге ие болдық. Халық әндерін нақышына келтіре орындасақ, жанымыз бір серпіліп, ерекше әсерге бөленеміз. Ансамбль құрамындағы әжелер түрлі аспаптарда ойнайды. Алдағы уақытта оркестр ретінде де сахнада бағымызды сынағымыз келеді.
Мен 1998 жылға дейін Тасқала ауданының Оян ауылында тұрдым. Зейнеткерлікке шыққанға дейін сауда-саттықпен айналысатынмын. Талантыммен танылып, қазіргі кезде ансамбль жетекшісі атандым. Өзімнің ұрпақтарым да өнерден алыс емес. Нұрислам, Мұхаммед, Жанайым есімді немере-жиендерім ән үйірмелеріне қатысып жүр. Әулеттегі жиын-тойларда әнші жалдап көрген емеспіз. Өйткені әулеттің басым көпшілігі өнерге жақын. Мен қазақтың әр шаңырағында өнерге бейімі бар, ән мен жырға жақын бір адамы болғанын қалаймын, – деді Жаңылай әже.
Осы күндері «Асыл әжелеріміздің» әрқайсысында «Ұлт абыройы» деген төсбелгі бар. Бұл – 2022 жылы Алматыда өткен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігі ұйымдастырған «Өмірлері өнермен өрнектелген» халықаралық ән байқауында алған бас жүлденің жемісі. Бүгінде әжелеріміздің жеткен жетіс-тіктері мол. Бір қызығы, бұған дейін өзге қалаларда өткен байқауларға ансамбль мүшелері өз қаражаттары есебінен барған. Тек соңғы Ақтөбе және Астана қалаларында болған ән сайыстарында демеушілер қолдау көрсеткен. 2025 жылдың бірінші тамызында «Асыл әжелер» ансамблі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Халықтық ансамбль» атағына ие болды. Ансамбль халықтық атаққа қол жеткізу үшін қажетті құжаттарды жинап, арнайы комиссияның алдынан да өтті. Бұл – ансамбльдің халық алдындағы дәрежесін көтерді. Әнші әжелердің жетекші-сі Жаңылай Каримоллақызы ансамбль «халықтық» деген атақты иеленген соң, «жыртығымыз жамалар» деген үмітте болғанын жасырмады. Алайда сапар шығындарын өтеу мәселесіне келгенде жергілікті биліктің әзірге үнсіз отырғанына қынжылады.
– Республикада өткен ән байқауларына өз қаражатымызбен амалдап барып жүрдік. Түрлі жүлделерге ие болып, өңір намысын абыроймен қорғап келеміз. Келер қыркүйек айының 25-29-ы күндері Түркияның Ыстанбұл қаласындағы «Қазақ-Түрік» халықаралық достық фестиваліне қатысып, өнер көрсетуіміз қажет. Ашығын айтайық, Ыстанбұлға баруға қаражат мәселесі қолбайлау болып отыр. Бізбен қатарласа Қызылордадағы ансамбль де сол фестивальға бармақшы. Естуімше, олар қаржы мәселесін әлдеқашан шешіп қойған екен. Біз бұл жолы Ақ Жайық өңірінің ғана емес, бүтін қазақ жұртының аманатын арқалап барамыз ғой. Сахналық киімдеріміздің де жаңарғанын қалаймыз. Өзіміз есептеп көргенбіз, сапардың толық шығыны шамамен бес млн теңгені құрайды екен. Осы орайда өнерді жете түсінетін, оны құрметтейтін жомарт жандарды іздейміз. Түркиядағы қандастырымызды әнмен тербеп, әрі сол мемлекеттің ұлттық әнін өз репертуарымызға қосқымыз келеді. «Ақ Жайықтағы «Асыл әжелер» Ыстанбұлға арнайы келіп, ән шырқады» десе, қандай жарасымды болушы еді! – деп кәсіпкерлерден қолдау күтетінін айтты Жаңылай Арыстанова.
Келер жылы «Асыл әжелер» ансамбліне 10 жыл толмақ. Ансамбль облысқа қарасты аудан-ауылдарға қоса, көршілес өңірлерге де шығармашылық сапар жасауды жоспарлап отыр.
Нұр-Ғұмыр ЖАНҚОЖА,
Орал қаласы