ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2026-2027 оқу жылына медициналық мамандықтар бойынша резидентураға республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын бөлу жөніндегі конкурстың қорытындысын шығарды.

Фото: zhaikpress.kz
Биыл қабылдау науқаны алғаш рет «Резидентураның цифрлық платформасы» ақпараттық жүйесі арқылы толықтай автоматтандырылған режимде жүзеге асырылды. Жүйеге барлығы 12 575 өтініш келіп түсіп, 2 500 грантқа бағытталған конкурсқа 8548 талапкер қатысуға мүмкіндік алды.
Үлгерімнің орташа балы (GPA) мен қорытынды аттестаттау нәтижелері ескерілген рейтинг қорытындысы бойынша 2 384 грант иегерін тапты. Ал игерілмей қалған 116 грант бойынша 27-28 тамызда қосымша конкурс өтіп, нәтижесі 29 тамызда белгілі болады.
Қабылдау рәсімін цифрландыру конкурс үдерісінің ашықтығын арттыруға және кадрларды даярлауды тиімді жоспарлауға жол ашты. Сонымен қатар биылдан бастап талапкерлер үшін мүмкіндіктер кеңейіп, олар бір мезгілде төрт мамандық бойынша төрт білім беру ұйымына құжат тапсыру құқығына ие болды.
Мемлекеттік тапсырыс өңірлердегі кадрлар тапшылығы мен жаңадан іске қосылатын денсаулық сақтау нысандарының нақты қажеттіліктерін ескере отырып, 57 мамандық бойынша қалыптастырылды. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар ішінде акушерия және гинекология (231 орын), анестезиология және реаниматология (148 орын), жалпы хирургия (140 орын), терапия (122 орын) және педиатрия (113 орын) бар.
Гранттардың басым бөлігі елдің жетекші медициналық ЖОО-ларына бөлінді: С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға — 517, Астана медицина университетіне — 332, Семей медицина университетіне — 297, М. Оспанов атындағы БҚМУ-ға — 290 және Қарағанды медицина университетіне 212 грант тиесілі болды.
Мұнымен қоса республикалық конкурсқа түспей қалғандар үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан 18 өңірде қосымша 900 грант бөлініп, 18 тамызда оның да рейтинг нәтижелері жарияланады. Одан кейін 29-30 тамыз аралығында жергілікті атқарушы органдардың игерілмеген гранттарын қайта бөлу бойынша конкурсқа қатысуға өтініштер қабылданып, қорытындысы 31 тамызда жарияланады. Мұнымен қоса, ақылы оқу бойынша 1 337 орынға құжаттарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады (нәтижесі 27 тамызда шығады).
Осылайша, негізгі конкурс аяқталғаннан кейін талапкерлерге қалған білім беру гранттарын бөлуге қатысу және резидентураға оқуға түсу үшін бірнеше қосымша мүмкіндік қарастырылған.