20.08.2026, 15:15
Оқылды: 12

Он гектардың олжасы

Жаздың аптап ыстығында Қосаралдың қоңыр даласына жан бітіп, егістік басында еңбек қыза түсті. Бір кездері төрт гектардан басталған бақша бүгінде он гектарға ұлғайып, атырапқа қарбыздың қып-қызыл түсін, қауынның жұпар иісін, асқабақтың сары реңін жайып отыр. Бұл – жердің қадірін білген шаруа мен маңдай тердің берекесі. Қазір Қосаралда піскен өнімді жинау науқаны жүріп жатыр. Оның бастауында былтыр жалғыз өзі егін еккен «Қарақұдық» шаруа қожалығы тұр.

Он гектардың олжасы

Қосарал ауылдық округінде шаруалар биыл егіс көлемін арттырып, жердің берекесін көруге еңбек етіп жатыр. Солардың бірі – Амантай Есенғалиев басқаратын «Қарақұдық» шаруа қожалығы.

Шаруашылық 2008 жылы құрылған. Былтыр Амантай Есенғалиев 4 гектар жерге қарбыз бен қауын еккен еді. Биыл бақша көлемін кеңейтіп, 10 гектарға жеткізді. Оның 6 гектарына қарбыз, 2 гектарына қауын, 2 гектарына асқабақ егілді.

Он гектардың олжасы 1

Былтыр Қосарал ауылдық округі бойынша бақша өнімдерін еккен жалғыз «Қарақұдық» шаруа қожалығы болса, биыл оған «Жасұлан» және «Бейбарыс» шаруа қожалықтары қосылды. Екі шаруашылық та 2,5 гектардан, жалпы 5 гектар жерге қарбыз бен қауын еккен.

Қазір «Қарақұдықтың» бақшасында өнім жинау науқаны жүріп жатыр. Піскен қарбыз бен қауын аудан орталығындағы және Қосарал ауылындағы дүкендерге жеткізілмек. Бақша басындағы жұмыстың бел ортасында Амантайдың ұлы Рүстем де жүр. Ол егістіктің жайын бақылап, өнім жинау жұмысына атсалысуда.

Он гектардың олжасы 2

Шаруашылықтың жұмысы бақша өсірумен ғана шектелмейді. Былтырдан бері биыл екінші жыл 100 гектар жерге судан еккен. Судан шөбінің шығымы да биыл былтырғыдан жақсы. Былтыр 100 гектар алқаптан үш рет шауып, жалпы 950 бума судан шөбі жиналған. Ал биыл алғашқы шабудың өзінде 600 бума өнім алынған.

«Қарақұдық» шаруашылығының техникалық әлеуеті де бар. Қорағында шөп шабу, буу техникаларынан бөлек, төрт трактор тынымсыз жұмыс істеп тұр. Ал шаруашылыққа тиесілі 15 мың гектар жайылымда 400 бас асыл тұқымды ірі қара және шамамен 400 бас жылқы жайылып жүр.

Амантай Есенғалиев үшін шаруа қожалығын жүргізу – тек мал бағып, жер игеру емес. Ол шаруашылық басындағы қара жұмыстан бөлек, ел ішіндегі өзекті мәселелерге де көңіл бөліп, қоғамдық істерде белсенділік танытып жүрген азамат.

Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале