24.08.2026, 15:00
Оқылды: 15

«Бақша байлық» саудасы  қызды...

Бүгінде қала көшелерінде қарбыз-қауын мен түрлі көкөніс саудасы қызып тұр. Жол жиегіне тізілген көліктер, жаңа үзілген өнімді саудалап тұрған шаруалар  осы маусымның қалыпты көрінісіне айналған. Бұл – айлап төккен маңдай тердің өтеуі. Алайда бұл көрініс жыл сайын өзекті де өткір мәселелерімен қатар келеді. Бір жағынан, шаруалар өсірген өнімін уақыт оздырмай сатып, шығынын жабуға тырысса, екінші жағынан, ретсіз ұйымдастырылған сауда жол қозғалысының қауіпсіздігіне, санитарлық талаптардың сақталуына және қала келбетіне әсер етеді.

reydy-po-prodazhe-fruktov-i-ovoshhey-sostoyalis-v-avtozavodskom-rayone-foto-1

Биыл да қаланың бірқатар көшелерінде, аялдамалар маңында және халық көп жүретін орындарда «бақша байлықтың» саудасы қызып жатыр. Өнім мол, сұраныс та жоқ емес. Бірақ оны заң талаптарына сай сататын орын барлық шаруаға бірдей бұйыра бермейді. Соның салдарынан кейбіреулер жол бойын жағалап, өнімін халыққа жақын жерде сатуға мәжбүр.

Маусымдық саудамен айналысып жүргендердің бірі – «Әбіш» шаруа қожалығының мүшесі Еркебұлан Ғабдуллин. Ол еңбекке ерте жастан араласқан.

– Өзім алты жасымнан бастап саудаға төселдім. Қазір 18 жастамын. Мектепте оқып жүрген кезімде де жазғы үш айлық демалысымды бос өт-кізбей, қарбыз, қауын және көкөніс сататынмын. Бұл жұмыс маған жауапкершілікті, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйретіп қана қоймады, еңбектің қадірін ұқтырды. Біздің шаруашылық Тайпақ ауылдық округіне қарасты Алмалы алқабында орналасқан. Егістік ауылдан шамамен 19 шақырым жерде. Көктемде сәуір айынан бастап жер жыртып, тұқым себеміз. Ал шілде-тамыз айларында қарбыз бен қауынды сатылымға шығарамыз. Маусым аяқталғаннан кейін күзгі өнімдер, яғни қызанақ, қияр, картоп, сәбіз, бұрыш пен асқабақты саудаға шығармақпыз.

DSC00680

Рейд кезінде бізге ең алдымен жол қозғалысына кедергі келтірмеу туралы ескертіледі. Көлігіміз жолға шығып тұрмауы керек. Сатып алушылардың да көліктері кептеліс тудырмауы қажет. Біз тұрған жерден жеңіл көлік те, жүк көлігі де, облыстық ауруханадан шығатын «Жедел жәрдем» көлігі де өтеді. Сондықтан олардың жұмысына еш кедергі келтірмеуге тырысамыз, – дейді ол. Оның айтуынша, тазалық мәселесі де назардан тыс қалмайды.

– Кейбір адам сусын ішіп немесе тамақтанып болған соң қоқысын тастап кетеді. Темекі тұқылын да жерге тастайтындар кездеседі. Бірақ біз олардың бәрін жинап, тазалап отырамыз. Лас жерде сауда жасаудың өзі ыңғайсыз. Тазалық өзімізге де, тұтынушыға да қажет. Тағы бір талап – өнімді жерге жайып сатпау. Сондықтан қарбыз-қауынды және басқа өнімдерді ГАЗельдің немесе жүк көлігі-нің ішінен сатамыз. Бұдан бөлек, осы тұрған жерім үшін үй иесіне тәулігіне төрт мың теңге төлеймін. Кейде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне де шақырып жатады. Дегенмен оған қатысу әр шаруаның өз еркінде. Біз үшін ең маңыздысы – өз еңбегімізбен өсірген өнімді халыққа жеткізу, – дейді жас кәсіпкер.

Ал қауын-қарбыз саудасы қалай жүруде? Енді соған ойысалық.

«Өнім өсіруден гөрі оны өткізу қиындап барады», – дейді осы мәселемен бетпе-бет келіп жүрген шаруалардың бірі – «Шаңырақ» шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Сағынов. Оның айтуынша, бұл кәсіп олардың әуле-тінде бұрыннан бар.

– Негізінде бұл істі әкем 1994 жылдан бастап қолға алған. Мен 2012 жылы Тайпақтың Алмалы жерінен жүз гектарға жуық жер алып, өзімнің «Шаңырақ» шаруа қожалығымды аштым. Шаруашылықта қарбыз, қауын, қияр, қызанақ, картоп, сәбіз секілді өнімдер өсіріледі. Жердің құнарын сақтау үшін бір жыл егіп, келесі жылы демалдырып отырамын. Өнім өсірудің қиындығы да бар. Бірақ қазір өнімді өткізу одан да қиын болып тұр. Бұрын Шолохов көшесінің бойында, кейін «Ел ырысы», «Мирлан» базарларында сауда жасадық. Қазір тұрақты орнымыз жоқ. Жыл сайын әр жерге барып тұрамыз, – дейді ол.

DSC00671

Шаруа ең үлкен мәселенің бірі арнайы сауда орындарының тапшылығы екенін айтады.

– Орал қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын орын аз. Кейбір жерде тұруға рұқсат береді, кейде ескерту жасайды. Біз ешқашан тазалықтан қашқан емеспіз. Сауда орнымызды үнемі жинап жүреміз. Бірақ тұрақты орын болса, бәрімізге де қолайлы болар еді. Шығын да  жылдан-жылға артып келеді. Жалға алу тағы қымбат. Одан бөлек сапалы тұқым, тыңайтқыштар, техникаларға жанармай, тасымал қызметі және суару шығыны бар. Бала-шағаның ішер асы, киер киімі, коммуналдық төлемдер, тағы да басқалары асып жетерлік. Біз бұл жерге байып кету үшін келген жоқпыз. Бұл – біздің жалғыз күнкөріс көзіміз. Бұрынғыдай өнім тез өтпейді. Саудагер көп. Тайпақтың өзінде ғана емес, Алмалыда, Атамекенде де көптеген шаруа қожалығы бақша егеді. Бәсеке артқан сайын өнімді өткізу де қиындай түседі, – дейді кәсіпкер Ерлан Өмірғалиұлы.

Шаруалардың айтуынша, олар заң талаптарын орындауға қарсы емес. Жол қозғалысына кедергі келтірмеу, тазалық сақтау, өнімді арнайы көліктің ішінде сату сияқты талаптарды сақтап келеді. Алайда өнімді өткізетін арнайы орындардың жеткіліксіздігі оларды амалсыздан көше бойына шығуға мәжбүрлейді. Ал ретсіз ұйымдастырылған сауда тұрғындарға да қолайсыздық туғызады. Жол жиегіне қойылған көліктер көлік қозғалысын қиындатып, төтенше жағдай қызметтерінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Сонымен қатар өнімнің сақталу жағдайы мен санитариялық талаптардың сақталуы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Осы мәселеге қатысты Орал қаласы әкімдігінің өкілі де өз ұстанымын білдірді.

– Қала аумағында бау-бақша өнімдерін сатуға арналған  арнайы 70 сауда орны белгіленген. Олар тұрғындарға қолайлы болуы үшін қаланың әртүрлі шағынауданында орналастырылды. Бұл орындардың негізгі мақсаты – халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге заңды сауда жүргізуге жағдай жасау және стихиялық сауданың алдын алу. Әкімдік заңсыз сауданың алдын алу мақсатында полиция және өзге де уәкілетті мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп рейд-тік іс-шараларды тұрақты өткізеді. Рейд барысында азаматтарға заң талаптарын тү-сіндіріп, арнайы белгіленген сауда орындарында қызметін заңдастыру мүмкіндіктерін ұсынады. Заң талаптары бұзылған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Сондай-ақ көше бойында сауда жасап жүрген азаматтарға арнайы сауда орындары туралы ақпарат беріп, сол жерлерге орналасу тәртібін түсіндіреді. Қажетті құжаттарды рәсімдеу және кәсіпкерлік қызметті заң талаптарына сәйкес жүргізу бойынша да кеңес береді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – азаматтарды заңды сауда алаңдарына көшіру.

Заңсыз сауда орындарында сатылатын өнімдердің шығу тегі, сақтау жағдайы мен сапасына бақылау жүргізу мүмкін болмайды. Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау құрылымдарымен, полиция қызметімен және өзге де мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп тұрақты мониторинг пен рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар тұрғындарға бау-бақша өнімдерін арнайы белгіленген сауда орындарынан сатып алуды ұсынамыз. Себебі мұндай орындарда өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды бақылауға мүмкіндік бар, – деді Орал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әділжан Кубаев (суретте).

Гүлфия   ҚОЛҒАНАТОВА,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале