30.03.2017, 15:09
Оқылды: 57

БҚО-да жыл соңына дейін 12 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылмақ

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өңіріміздегі агроөнеркәсіп кешені саласының дамуы жөнінде кеңесте айтты.

Айта кетейік, жиынға ҚР Ауылшаруашылығы Министрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ауылшаруашылығы кооперациясы департаментінің директоры Берік Нигмашев және облыс көлеміндегі ауылшаруашылығы саласының мамандары мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

- 2016 жылы 546 жұмыс орны ашылса, биыл 730 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Облысымызда агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлініп отырған қаржы көлемі жылма-жыл ұлғаюда. Соңғы төрт жылда «ҚазАгро» холдингінің өкілдіктері арқылы 22 млрд. 225 млн. теңге несие ресурстары тартылды, соның ішінде лизинг бағдарламасы арқылы төрт жылда 4 млрд. 668 млн. теңгеге 1180 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғысы сатып алынды. Нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы техника паркі жаңаруда.

Облыста жаңадан ауылшаруашылығы кооперативтерін құру және қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста 140 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс жасауда. Соның ішінде 139-ы мал шаруашылығы бағытында және бір өсімдік шаруашылығы бойынша жұмыстануда.

Бүгінде облыста мал бордақылаумен айналысатын 30 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы 4 437 бас ірі қара малын сатып алуға 305 жанұя 811 млн. теңге несие алды. Ағымдағы жылы Ақжайық ауданында аусымына 50 бас соятын 1 мал сою пункті, Тасқала ауданында «Тасқала Сүт» ЖК ауысымына 1 тонна сүт өңдейтін цех іске қосылса, Зеленов ауданында «Каверина» ЖК күніне 40 тонна сүт өңдейтін кәсіпорынды сәуірде ашуды жоспарлап отыр. Облыста сүтті бағыттағы 2 кооператив жұмыс жасауда.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017 жылғы 1 сәуірден 30 желтоқсанға дейін 12 ауыл шаруашылығы кооперативі, 505 мал бордақылау алаңы, бір сүт қабылдау пункті, 8 мал сою пункті, 10 рефрижератор алу және 10 мал сою орнын жабдықтау жоспарланып отыр, -деді Арман Кәрімұлы өз сөзінде.

Жиын барысында шаруа қожалықтарының жетекшілері тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

    zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале