Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиеваны арнайы қабылдап, зейнет жасына келуімен құттықтады. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, депутаттар, қоғамдық ұйым төрағалары, сондай-ақ мерейтой иесінің сыныптастары мен әріптестері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Лариса Тельманқызының ұстаздық жолдан бастап, мемлекеттік қызмет пен аудандық мәслихат төрағасы лауазымына дейінгі өсу жолына тоқталып, оның ел игілігі жолындағы аянбай еткен еңбегі мен азаматтық ұстанымын жоғары бағалады. Нұрлыбек Даумов ұстаздықтан басталған еңбек жолы үлкен мектеп екенін атап өтіп, қазіргі аудандық мәслихат төрағасы ретінде жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өзара тиімді жұмыс істеуіне, сондай-ақ ауданның әлеуметтік дамуына қосып жатқан үлесі зор екенін айрықша жеткізді.

Сондай-ақ жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, ардагер ұстаз Найла Нарболова, қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елеуов, мерейлі жас иесінің сыныптастары Сүйінбек Хайруллин мен Бауыржан Оразов, сыйлас құрбысы Бибігүл Жұмағұлова және аудандық мәслихат депутаты Жалғас Ташуовтар ізгі тілектерін білдіріп, гүл шоқтарын табыстады.

Өз кезегінде Лариса Тельманқызы көрсетілген құрмет пен ықылас үшін аудан басшылығына және барша қатысушыға шынайы алғысын жеткізді.

Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы