26.08.2026, 11:30
Оқылды: 12

Ақжайық ауданы: Ауылдың ажарын айшықтаған арка

Ауылға деген сүйіспеншілік сөзбен емес, нақты істен көрінеді. Елді мекеннің тазалығын сақтап, көркейтуге үлес қосу – туған жерге деген құрметтің белгісі.

IMG_1985

Ақжайық ауданы Базартөбе ауылына кіреберісте бой көтерген жаңа арканың ашылу салтанаты өтті. Ауылдың ажарын айшықтап, келген қонаққа көркем келбетін танытатын жаңа нысанның құрылысына үш миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Биіктігі жеті метр болатын арка небәрі екі айдың ішінде салынып біткен. Игі іске ұйытқы болғандар – осы ауылдың тұрғындары.

Арканың ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұханова қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

– Баршаңызды қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ауылдарыңызға деген құрметтің, ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да осындай жақсы бастамалар жалғасын таба берсін, – деді Гүлбану Құлмұханова.

Сондай-ақ ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Құмар Құспанов пен ауылдық округ әкімі Нұрбек Зиеденов сөз сөйлеп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестік білдірді.

Ауылдың көркеюіне атсалысқан азаматтардың еңбегі де елеусіз қалмады. Ауылдық округ әкімі өз атынан Қайрат Сыдықов, Аслан Исқалиев, Нұрбол Кенжеғалиев және Бауыржан Елемесовке алғыс хат табыстады.

Арканың лентасын ауыл ақсақалы Аманияз Сұлтақаев пен нысанның бой көтеруіне бастамашылардың қатарынан ауыл азаматы Қайрат Сыдықов қиды.

Шарада ауыл өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Санат Мұханбетжанов жыр-шашуын арнаса, Нұрбек Қарағұлов «Ауылға барам» әнін орындап, жиылған жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале