POLISIA.KZ хабарлауынша, ҚР Ішкі істер министрлігі елімізде электросамокаттармен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге заңмен тыйым салынғанын хабарлады.

Бұл шешім жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалар, қарттар мен балалы ата-аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері электросамокаттардың қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапқан. Мемлекет тарапынан электросамокаттарға толық тыйым салынбайды, тек оларды пайдаланудың нақты тәртібі мен орындары белгіленді.
Жаңа талаптардың сақталуын бақылау үшін полиция патрульдерінен бөлек, бейнебақылау камералары, техникалық тіркеу құралдары және дрондар кеңінен қолданылады. Ал ірі қалаларда самокатпен жүретін полицияның арнайы мобильді топтары жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар электросамокаттарды жалға беретін барлық кикшеринг компанияға да жаңа ережелерді орындау міндеттелді.
ІІМ өкілдері: «Біздің басты міндетіміз — жаңа талаптардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Тротуар жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз болу керек, ал электросамокатты пайдаланушылар белгіленген тәртіпті сақтауы қажет. Бұл өзгерістердің артында қоғамның қауіпсіздікке деген сұранысы тұр. Полиция өз тарапынан тиісті бақылауды қамтамасыз етеді», — деп атап өтті.