Бүгінде «Ақтөбе – Орал» тасжолының 369-408 шақырымы орташа жөндеуден өтуде.

Аталмыш жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер – «ТОБИ» ЖШС. Техникалық қадағалаушы «Amanat Expert KZ» ЖШС өкілі Бақберген Құрмановтың мәліметінше, бұл учаскенің ұзындығы 39 шақырымды құрайды. Жолдың астыңғы қабатына ірі түйіршікті асфальтбетон төселсе, беткі қабатына шақпақ тасты-мастикалық асфальтбетон жабылуда. Қазіргі таңда жөндеу жұмысының 70%-ы аяқталды. Бекітілген жоспар бойынша жоба уақытына сай жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде жолдың 13 шақырымы фрезерленді. Яғни қырып алынып, жаңа асфальт төсеуге дайын тұр. Сондай-ақ учаскенің 26 шақырымының ескі жол жабыны арнайы қоспалармен араластырылып, ресайклинг әдісі арқылы қайта өңделді.

«Ақтөбе – Орал» 369-408 шақырымының 407-шақырымындағы жолдың астындағы су өткізгіш құбыры да жаңартылуда. 2024 жылғы су тасқыны салдарынан құбырдың астыңғы бөлігіндегі топырақ отырып, жолдың осы тұсы зақымданған еді. Сол себепті оған жаңа су өткізгіш құбыры орнатылып, бетондалуда. Оған қоса, жоба аясында «Ақтөбе – Орал» тасжолының 369-408 шақырымы аумағында төрт аутобос аялдамасы орнатылады.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы