Жәнібек ауданы орталығындағы шойын жолдың арғы бетінде тұратын ағайын үшін қуанышты оқиға орын алды: А. Оразбаева атындағы негізгі орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға БҚО әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов, аудан әкімі Тимур Шиниязов, ардагер ұстаздар, мәслихат депутаттары, білім саласының қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Рәсімде облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов пен ардагер ұстаз Ғалия Кәрімғалиқызы сөз сөйлеп, лентаны салтанатты түрде қиды.

108 орынға шақталған заманауи білім ордасында мектепалды даярлықтан бастап 9-сыныпқа дейінгі оқушылар білім алады. Мұнда 28 педагог пен 16 кіші қызметкер еңбек етеді. Жалпы құны 1 млрд 590 млн 83 мың теңгені құрайтын жобаны «AGA Building Group» ЖШС жүзеге асырып, ғимарат кілтін мектеп директоры Толқын Көшенқызына табыстады.

Ғимарат заманауи оқу кабинеттерімен, интерактивті тақталармен, компьютерлік жабдықтармен, кітапханамен, спорт залымен, оқу шеберханаларымен, медициналық кабинетпен, асханамен толық қамтамасыз етіліп, мектеп аумағы абаттандырылған.


Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы