Қазақстанның жол саласында маңызды цифрлық жоба іске асырылуда. E-Joldar бірыңғай цифрлық экожүйесі автомобиль жолдарына қатысты ақпаратты бір ақпараттық кеңістікке біріктіруге бағытталған. Платформа жолдардың техникалық сипаттамаларынан бастап, құрылыс және жөндеу жұмыстары, пайдаланылған материалдар, зертханалық сынақтар, жол бойындағы инфрақұрылым және азаматтардың өтініштеріне дейінгі деректерді өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.

Автомобиль жолдары туралы ақпараттың толық әрі жүйелі болуы – саланы тиімді басқарудың негізгі шарттарының бірі. Жолдың сапасын бағалау үшін оның қазіргі жағдайын ғана білу жеткіліксіз. Нысанның қашан салынғаны, қандай материалдар пайдаланылғаны, қандай жөндеу жұмыстары жүргізілгені, зертханалық бақылау нәтижелері және пайдалану кезеңінде туындаған мәселелер туралы мәліметтер де маңызды.
Бүгінде мұндай ақпарат әртүрлі цифрлық ресурстарда сақталады. Бір жүйеде жолдың техникалық сипаттамаларына қатысты деректер қамтылса, екіншісінде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатысты мәліметтер, үшіншісінде зертханалық сынақтардың нәтижелері жинақталады. Ақпараттың осылайша бөлінуі белгілі бір нысан бойынша толық көрініс қалыптастыруды қиындатуы мүмкін.
E-Joldar осы деректерді бір ортада өзара байланыстыруды көздейді.
Бір жол – бір цифрлық тарих
Платформаның негізгі қағидаты – ақпаратты нақты автомобиль жолы немесе оның белгілі бір учаскесі бойынша біріктіру.
Мәселен, белгілі бір жол учаскесінің техникалық сипаттамаларын, құрылыс немесе жөндеу тарихын, пайдаланылған материалдарын, зертханалық бақылау нәтижелерін және жол бойындағы нысандарын өзара байланыстыра отырып қарауға мүмкіндік туады.
Бұл тәсіл автомобиль жолын тек инфрақұрылым нысаны ретінде емес, толық цифрлық тарихы қалыптасқан объект ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Жолдың өмірлік циклі бірнеше кезеңнен тұрады. Паспортизациялау, жобалау, құрылыс, пайдалануға беру, пайдалану, ағымдағы және күрделі жөндеу, техникалық бақылау – осы үдерістердің әрқайсысында белгілі бір көлемде ақпарат қалыптасады. E-Joldar-дың міндеті – осы мәліметтерді өзара байланыстырып, жолдың бірыңғай цифрлық тарихын қалыптастыру.
Мұндай жүйе белгілі бір учаскенің қазіргі жағдайын ғана емес, оның өткен кезеңдердегі даму динамикасын да бағалауға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы жүйелердің мүмкіндіктері кеңейеді
E-Joldar жол саласында жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйелерді алмастырмайды. Оның басты ерекшелігі – әртүрлі цифрлық ресурстардағы деректерді интеграциялап, оларды бірыңғай ақпараттық-талдамалық контурға біріктіру.
Мысалы, KazToll жүйесіндегі мәліметтер арқылы ақылы жол учаскелері туралы ақпаратты ескеруге болады.
Ал JolBitum және RCMBase жүйелері жол құрылысына пайдаланылатын материалдар мен олардың өндіріс көздері туралы ақпаратты нақты нысандармен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жол саласында қолданылған материалдардың шығу тегін және қандай нысанда пайдаланылғанын бақылаудың цифрлық тетіктерін жетілдіреді.
Өз кезегінде KazRoadLab жүйесі арқылы жүргізілетін зертханалық сынақтардың нәтижелері жолдың цифрлық тарихының бір бөлігіне айналады. Бұл жол құрылысында қолданылған материалдардың сапасын бақылау нәтижелерін нақты нысанмен байланыстырып қарауға мүмкіндік береді.
Осылайша жолдың техникалық жағдайы туралы ақпаратты оның құрылысы мен жөндеуіне қатысты мәліметтерден бөлек қараудың қажеті болмайды. Барлық дерек бірін-бірі толықтырып, нақты нысанның тұтас бейнесін қалыптастырады.
Азаматтардың өтініштері де нақты жол учаскелерімен байланысады.
Цифрлық экожүйенің тағы бір маңызды элементі – азаматтардың өтініштері.
E-Joldar-дың eOtinish жүйесімен ықпалдасуы тұрғындардың жол сапасына қатысты өтініштерін нақты жол учаскелерімен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Бұл қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Мәселен, белгілі бір жол бөлігіне қатысты шағым түскен жағдайда, сол учаскенің техникалық сипаттамасын, бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстарын және басқа да қолжетімді мәліметтерді қатар қарастыруға болады.
Ал Sapar жүйесіндегі ақпарат жол бойындағы инфрақұрылым туралы мәліметтермен толықтырылады. Олардың қатарында жанармай құю станциялары, демалыс орындары, тамақтану нысандары, тұрақтар және басқа да сервистік объектілер бар.
Бұл жол туралы неғұрлым түсінікті әрі толық ақпарат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық дерек – тиімді басқарудың негізі
Бірыңғай цифрлық экожүйенің маңызы ақпаратты бір жерге жинаумен ғана шектелмейді. Негізгі мәні – әртүрлі деректердің өзара байланысуында.
Бір жол учаскесі бойынша техникалық жағдай, жөндеу тарихы, пайдаланылған материалдар, зертханалық сынақтар, азаматтардың өтініштері және жол бойындағы инфрақұрылым туралы мәліметтер бір ортада тоғысқан кезде, жолдың нақты жағдайын кешенді бағалауға мүмкіндік туады.
Бұл – жол саласындағы ақпаратпен жұмыс істеудің жаңа деңгейі.
E-Joldar толыққанды іске қосылған жағдайда, әрбір жол учаскесінің өзіндік цифрлық тарихы қалыптасып, саланың әр кезеңіне қатысты ақпарат өзара сабақтасады.
Осылайша жол саласындағы шашыраңқы деректер бір арнаға тоғысып, бірыңғай цифрлық экожүйеге бірігеді.
E-Joldar-дың негізгі мақсаты да осында – жол туралы ақпаратты жинақтап қана қоймай, оны өзара байланыстыру және саланы деректерге негізделген басқаруға қажетті орта қалыптастыру.
"ЖОЛСАПА" БҚО филиалының баспасөз қызметі