2.09.2026, 17:00
Оқылды: 17

Бөрлі ауданы: Тарихы тағылымды, тіршілігі берекелі Жарсуат ауылы

Бөрлі ауданының ең көне, сонымен қатар ең атақты ауылдарының бірі Жарсуат ауылы. Нақтырақ айтқанда Жарсуат ауылдық округі. Оның тарихы 300 жылдан асып жығылады. Осынша уақыт ішінде ауыл талай дәуірлеп, берекесі тасып, талай тарап кетудің алдында шақ тұрған кезеңді басынан өткерді. Солай бола тұрса да жергілікті халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі бағыты өзгерген жоқ. Сол баяғыша бала өсіреді, егін салады, мал бағады.

WhatsApp Image 2026-08-28 at 17.12.04 (1)

 Ауыл тарихына шегініс

1929 жылы «Победа» ұжымдық шаруашылығы пайда болған. Ал Қарашығанақ ауылы бұрын «Қызыл үй» деп аталған. Ол кезде ұжымшарда  14 жылқы және 4 сиыр ғана болған екен. 1931 жылы бірінші рет мемлекеттің көмегімен 100 га жерге қолмен егін себілді. 1933 жылдың күзінде Қарашығанақта тракторшылар курсы ашылған.   Осы курсты «Димитрово» ұжымшарының бірінші басқармасы, кейіннен білім министрі болған  К.А.Айманов бітірген.  1940 жылы ауылда 70 үй, ал ұжымдық шаруашылықта 165 адам жұмыс істеді. 1000га жері болды, жақсы өнім ала бастады. 120 ірі қара, 40 шошқа, 500 қой болған екен.  Алғашқы жылдары ұжымшар үкіметтен 20, келесі жылы 30 сиыр алады. Ауылда МТС ашылып,  көршілес ауылдардың бәріне техникалық қызмет көрсеткен.   1936 жылы екі шаруашылық бірігіп, ірілендіріледі. Ал 1950 жылы үш шаруашылық бірігіп «Победа» ұжымшарын құрды. Ал Димитров пен Қарашығанақ олардың бөлімшесі болып қалады.  Бұл кезде шаруашылықтың еншісінде 2,5 мың га.егістік алқабы болған, кейіннен 16 мың гектарға жеткен. Ал  фермаларда 500 бас ірі қара болған. 1960 -1970 жылдары шаруашылық ірі жетістіктерге жетіп, даңқы артқан жылдар. Ол кезде ауылда 450 орындық Звездный деп аталған мәдениет үйі, кірпіш зауыты болғанын жергілікті тұрғындар әлі мақтан етеді. Сонымен бірге 25 кереуеттік аурухана, мектеп, интернат, астық қоймасы жұмыс жасап түрған. Миханизатор В.Кириенконың  Социалистік Еңбек Ері атанатыны, ал шаруашылыққа «Миллионер»  шаруашылық атағы берілетіні осы жылдар.

WhatsApp Image 2026-08-28 at 17.12.04 (2)

Бүгінгі Жарсуат

 Жарсуат ауылдық округінің халық саны – 1336 адам, 548 аула. Мектебі, бала бақшасы, дәрігерлік пункті, спорт кешені бар-үлкен округ. Жарсуат ауылы бойынша бес дүкен, бір наубайхана, бір дәріхана, бір кафе, бір мейрамхана жұмыс жасайды. Сонымен қатар округ Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқандықтан ауылда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекарашылар  заставасымен «Ақсай» посты орналасқан.  «Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады - дейді ауыл әкімі Бауыржан Балмулдин –Біз барынша ауылды таза ұстауға, көгалдандыруға тырысамыз. «Жасыл ел – жасыл өркен» бағдарламасына сәйкес жыл сайын көшелерде 50 көшет отырғызылып тұрады. Ауыл тұрғындары өз аулаларын және көшелерін таза ұстап, сенбілік сайын үлестерін қосуда. Осы жерде  «Евсеевич» ШҚ-ына алғыс айта кеткен жөн. Ол механизацияланған бригада ұйымдастырып ауыл тазалығын сақтауға және қыс мезгілінде қардан тазалау жұмыстарын жүргізуге өз тарапынан көмектесіп тұрады. «Жол картасы» шеңберінде «Белгісіз солдат» ескерткішіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, округімізде демалу паркі іске қосылғаны да ауыл тұрғындары үшін қуаныш. Ауыл ішілік жол жөндеу жұмыстары үнемі жүргізіледі. Жарық бар, ол аз десеңіз 10 бақылау камерасы жұмыс жасайды. Округте биылғы жылдың өзінде біршама жұмыстар атқарылды. Жарсуат, Қарашығанақ және Димитрово ауылдарының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын тазалау, тегістеуді үнемі назарда ұстаймыз. Үш ауылдың көшелерін қыс мезгілінде қардан тазалау және көктем, жаз, күз мезгілдерінде жолды тегістеу жұмыстарын жүргізу үшін 2024-2026 жылдарға «Жарсуат» ЖШС жұмыстарды ұтып алып, атқарды. Көшелердің жарықтандырылуын да қадағалап отырамыз. Сонымен бірге наурыз айында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Жарсуат ауылдық округінде «Сырласу» ЖШС-нің көмегімен арнайы техника бөліп, еріген қар суының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін су өткізгіш құбырлар қардан тазартылды. Сонымен қатар жаңа мектептін аумағында және Қарашығанақ ауылында жерді қаралау жұмыстары жүргізілді.  Ауыл адамдары белсенді, сенбіліктерге шығып, басталған жаңа істерді үнемі қолдап отырады. Біз ауыл тарихындағы еселі істер мен ұжымға ерен еңбегін сіңіргендерді ешқашан ұмытпаймыз,  және де ауыл үшін пайдалы, маңызы зор жақын істерді қайта өмірге әкелгіміз келеді. Мәселен, «Жарсуат» ЖШС  бұрынғы алма бағын қайта жандандырып,  оны қайта қалпына келтіруді  жоспарлап отыр».

WhatsApp Image 2026-08-28 at 17.12.04 (3)

Еңбек етсең - емерсің

Округтің  басты саласы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Округіміздегі жеке меншік етуші жеке және заңды тұлға иелері ауылымыздың, округіміздің әл – ауқатын көтеруге әр саладағы іске өз үлестерін қосып келеді. Олар, «Барыс» ШҚ – дәнді-дақылдар, күнбағыс егумен, «Евсеевич» ШҚ – дәнді-дақылдар егумен, «Димитрово» ЖШС – дәнді-дақылдар егумен, «Урожай» ШҚ – шөп шабумен, «Литвин» ШҚ – шөп шабумен, «Старица» ШҚ – дәнді-дақыл егумен және  «Жарсуат» ЖШС – мал шаруашылығымен, дәнді-дақыл егумен, ет өнімдерін өндірумен айналысады және жеке наубайханасы бар. Жалпы алғанда, округте ауылшаруашылық бағытында 6 шаруа қожалығы, 16 жеке кәсіпкер, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 1 ауылшаруашылығы өндірістік кооператив  бар.  2026 жылдың І жартыжылдық ауылшаруашылық санағы бойынша округте  ІҚМ – 643 бас, ҰММ – 747 бас, жылқы – 193 бас, шошқа – 3  бас, құстар – 3685.  Көктемгі егіс жұмыстары барысында «Димитрово» ЖШС 250 га арпа, 750 га сафлор екті. «Жарсуат» ЖШС 700 га сафлор, 440 га арпа, 320 га тары, 80 га қонақ жүгері,  50 га ноқат, 80 га картоп, 3 га қарбыз және 5 га бақша өнімдерін егу жұмыстарын жүргізді. Жалпы егіс көлемі 1678 га  құрайды.

WhatsApp Image 2026-08-28 at 17.12.04

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы  «Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде «Ауыл аманаты» жобасы бастау алғаны белгілі. Ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстарды айтар болсақ,  2023 жылы Жарсуат ауылының тұрғыны Хасина Виктория Николаевна жеке кәсібін ашып «Ауыл Аманаты» жобасына қатысып, 6 759 500 теңге көлемінде қосымша құрал-жабдықтар алу үшін несие алды. Бүгінде өз ісін дөңгелентіп отыр. Ал 2024 жылы жеке кәсіпкер Менеш Жансаулет  «Жансая» етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту үшін 2,518 млн несиеге ірі қара сиыр малын алып бағып-күтіп, еңбекқорлықтың, табыс табудың үлгісін көрсетуде.

WhatsApp Image 2026-08-28 at 17.12.03 (3)

Ауыл тұрғындары ауылда тұру үшін барлық ағдай жасалған дейді. Әсіресе, аудан  орталығымен қарым - қатынас жақсы, өте қолайлы жерде орналасқан. Автокөлік қатынасы бір қалыпты жұмыс істеуде, ауылды қоғамдық көлікпен «Ақжол-авто» ЖШС-гі күніне үш мезгіл қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2013 жылдан бастап облыс орталығы Орал қаласына тікелей қатынасу үшін Жарсуат - Орал маршруты іске қосылған. Бұл көп ауылдарда жоқ, үлкен мүмкіндік. Жайық жағасында орналасқан табиғаты тамаша ауыл туралы, оның еңбекқор тұрғындары туралы  айтарымыз осындай.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

ЖП дала, жарсуат-2026

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале