3.09.2026, 12:00
Оқылды: 9

Құт мекен

Жайық өзенінің жағалауында орналасқан  Жаңабұлақ  ауылы  –  табиғаты  әсем,  тұрмыс-тіршілікке  қолайлы  мекен.  Бір  ғана  ауылдан  тұратын  округте  үлгі  қылатын  игі  бастамалар  баршылық.  Осы құтты мекеннің тыныс-тіршілігі  жайында  көрген-түйгенімізді  бөлісуге тырыссақ. 

Индира Айтмағанбетова жаңа баспанасы алдында

- Былтыр Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта жалдап тұратын пәтерім өртеніп кетіп, алты баламен далада қалдым. Көпбалалы отбасы ретінде «Отбасы банкке» тұрғын үй кезегіне тіркелдім. Содан Жаңабұлақ ауылынан жаңа баспана берілді. Үш бөлмелі, жуынатын бөлмесі мен асүйі бар жайлы баспана. Газ бен су кіргізілген. Қыста балаларым тоңған жоқ. Бес жылға несие төлемін есептеп берді. Азаматым жұмыста, енді мен де жұмысқа тұрсам деймін. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, ұл-қыздарым да өз шаңырағымыздың болғанына қатты қуанды. Енді пәтер иелерінің қас-қабағына қарап, жаутаңкөз болмаймыз, – дейді көпбалалы ана Индира Айтмағанбетова (суретте).

Индираның балаларының алды бастауыш сыныпта оқиды. Биыл да мектептегі би, ән үйірмелеріне қатысамыз деп отыр.  Алдағы жылы аулаға бақша егіп, балаларын еңбекке баулуды жоспарлап  отырғанын да айтады.

Жаңабұлақта 2025 жылы екі пәтерлі екі тұрғын үй салынды. Ауылдағы игі істердің бірі – әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен  қамтамасыз  ету.

– Салынған жаңа үйлердің бір пәтері Индира Айтмағанбетоваға берілді. Ал қалған пәтерлер әзірге бос тұр. Тұрғын үй кезегін жүргізетін «Отбасы банк» АҚ-ның жаңа бой көтерген үйлерді тұрғындарға үлестіруі кешеуілдеп отыр. Жалпы тұрғын үйге мұқтаждар қатарында сегіз адам бар. Әлеуметтік осал топ бойынша бес, баспанасы апатты жағдайдағы екі азамат және бір мемлекеттік қызметші үй  кезегінде  тұр.

Қайрат Нагибов1

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық 10 көшеге 15 бейнекамера орнатылған. Саябаққа LED-экран да қойылған. «Негізі, Жаңабұлақта құқықбұзушылық деректері тіркелмеген. Ауылымыз тыныш. Төрт дүкеннің үшеуінде алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды», – деді Қайрат Нагибов (суретте).

Ауыл іргесіндегі қарасудан көшелерге техникалық су құбыры тартылған. Қазір тұрғындар осы құбырдан өз аулаларына су тартып, бақша егіп, жеміс ағаштарын өсіруде. Шаруашылыққа пайдаланылатын судың айлық ақысы шамамен 1500 теңге. Бұрын су арықпен келетін. Мұндай тәсілде судың бір бөлігі ысырап болып, тұрғындарға қолайсыздық туғызатын. Ал құбыр арқылы тартылған қазіргі жүйе суды тиімді әрі үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Техникалық су тартуға жергілікті кәсіпкер Сағидолла Қазетов демеушілік жасаған. Қара басының қамын емес, қарашаның қамын ойлайтын азамат өткен жылдың соңында ауылдастарына трактор тарту етті. Қазір сол техниканың көмегімен ауылдың қоқысы сыртқа  шығарылады.

Жаңабұлақ ауылының өзі бір округті құрайды. Мұнда 973 адам тұрады. Ауыл тұрғындары жеке шаруашылықтарында ірі қара, қой-ешкі, жылқы ұстап, төрт түліктің берекесімен күнелтіп отыр. Ал 59 шаруа қожалығында 12 554 бас ірі қара, 13 392 қой-ешкі,  2 118 жылқы өсіріледі. Бұдан бөлек, ауылда 124 жеке кәсіпкер мен төрт ЖШС жұмыс істейді. Мәселен, «Сұлтан» шаруа қожалығы асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысады.  «Аймекен» шаруашылығы асыл тұқымды қой шаруашылығы мәртебесіне ие. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өткен жылы бір тұрғын несие алып, сүтті бағыттағы мал өсіруді қолға алды. Тұрғындары еңбекқор, көшелері таза. Қай жағыңызға қарасаңыз да, еңсесі биік жаңа үйлер көзге түседі. Бұл – ауылдағы береке-бірліктің, маңдай термен жасалған еңбектің, елге деген жанашырлықтың көрінісі. Жаңабұлақтағы әр бастама ел игілігіне бағытталып, әр жақсылықтың ауыл өміріне өзіндік сәулесін түсіріп келеді. Сондықтан бұл мекенде жақсылық құтайған, береке мен бірлік орныққан ауыл деуге толық негіз бар.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал  өңірі»,

Ақжайық  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале