3.09.2026, 16:00
Оқылды: 20

Бөрлі ауданындағы 23 мектепте оқу-тәжірибе үлескілері жұмыс істейді

Мектеп жанындағы оқу-тәжірибе үлескілері – оқушылардың еңбекке араласып, табиғатты тануына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Осы үлескілер арқылы балалар теориялық білімін тәжірибе жүзінде пайдаланып, көкөніс пен жеміс-жидек өсірудің қыр-сырын меңгереді.

WhatsApp Image 2026-08-28 at 10.40.46

Бүгінде Бөрлі ауданындағы 23 мектептің барлығында оқу-тәжірибе үлескілері бар. Жаз бойы мұғалімдер мен оқушылар мектеп жанындағы бау-бақшаларды күтіп-баптап, түрлі көкөніс дақылдарын өсірді. Сыныптар кезекшілікпен үлескілердегі жұмыстардан қашпай, жаз бойына бақша өнімдерін суарып, арамшөптерін жұлып, піскен өнімдерді жинауға атсалысты.

Мектеп жанындағы бау-бақшалар балаларды еңбекке баулып, жауапкершілікке үйретіп және оқушылардың бойына бала кезінен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп келеді. Осындай жұмыстар арқылы оқушылар өсімдіктердің қалай өсетінін, олардың өсуіне қандай заттардың қажет екенін біліп, маңдай термен келген еңбектің нәтижесін көреді.

- Биылғы оқу жылында аудан мектептеріндегі оқу-тәжірибе үлескілерінде тамшылатып суару әдісіне көшу жолға қойылды. Бұл тәсіл суды үнемдеуге, өнімділікті арттыруға, арамшөптердің өсуін азайтуға, топырақ эрозиясының алдын алуға және еңбек шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Бүгінде 17 мектеп тамшылатып суару әдісін қолданып, дәстүрлі суару тәсілімен салыстырғанда екі есе мол өнім ала бастады. Оқу-тәжірибе үлескілерінде биология, география және химия пәндерінің мұғалімдері 5-8 және 9-10 сынып оқушыларының жазғы сараманын ұйымдастырып, практикалық жұмыстар жүргізді. Үлескілерде қияр, қызанақ, қызылша, бұрыш, қарбыз, асқабақ және басқа да дақылдар өсіріліп, мол өнім жиналуда. Ақсай қаласының №3, №4, №5, №6, №7, №8 мектептері және Бөрлі, Приурал, Қарағанды, Қарасу, Облав, Пугачев, Успен ауылдарындағы мектептер жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жиналған өнімдер мектеп асханаларына өткізіліп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да таратылуда, – дейді аудандық білім беру бөлімінің жаратылыстану пәндері бойынша әдіскері Гүлжанат Амантайқызы.

Ақсай қаласындағы №3 ЖОББМ-тің оқу-тәжірибелік үлескісінде де жаз бойы тынымсыз жұмыс жүргізілді. Оқушылар мен ұстаздардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде үлескіде түрлі көкөніс және техникалық дақылдар өсіріліп, өнім кезең-кезеңімен жиналды.

WhatsApp Image 2026-08-27 at 13.08.10

Биыл үлескіге тамшылатып суару құрылғысы орнатылған. Мұнда қызанақ, кәді, шалғам, қияр, аскөк, ақжелкен, сарымсақ, сәбіз, орамжапырақ, картоп, қауын, бидай, мақсыр секілді дақылдар өсірілді. Жазғы демалыс кезінде оқушылар және жаратылыстану-география пәндері бірлестігінің мұғалімдері бақшаға күтім жасап, суару жұмыстарын кезекпен атқарды.

- Мектеп жанындағы оқу-тәжірибелік үлескі – тек өнім өсіретін орын емес, оқушыларды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға және өсімдіктерді күтіп-баптауға үйрететін тәжірибе алаңы. Әрбір жиналған өнімнің артында үлкен еңбек, тұрақты күтім мен маңдай тер жатыр. Осындай нәтижелі жұмыс – ортақ еңбектің жемісі, – дейді №3 ЖОББ мектептің биология пәні мұғалімі Нұрғайша Какимгалиева.

Аталған мектеп үлескісіндегі жұмыстар көктемнің алғашқы айларындан басталған екен. Яғни, наурыз айында тұқымдардан көшет дайындалып, мамыр айының соңында үлескіге отырғызылыпты. Бұл жұмыстарға химия, биология және жаратылыстану пәндері бірлестігінің ұстаздары жауап берген екен.

WhatsApp Image 2026-08-27 at 12.41.08 (1)

№5 ЖОББ мектептің оқу-тәжірибе үлескісіне де биыл тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Жаңа жүйе суару уақытын үнемдеп қана қоймай, өнім көлемінің артуына да оң әсерін тигізген. Мұнда қияр, қызанақ, асқабақ, кәді, баялды және бұрыш өсіріліпті. Аталған мектепте 26 мамырдан бастап жазғы сараман кестесі құрылып, әр сынып бір аптадан кезекшіліктерін атқарған болатын. Оқушылар бақшаны суарып, арамшөптерін тазалады.

Аталмыш мектептің биология пәні мұғалімі Алма Тенизованың айтуынша, жиналған өнімдер мектеп жанындағы интернатқа өткізіліпті. Ал интернат аспаздары көкөністерден оқушыларға арнап, қыс мезгіліне қажетті компот, тұздалған өнімдер мен салаттар дайындаған.

Мектептердегі оқу-тәжірибе үлескілерінен алынған өнімдердің бір бөлігі асханаларда оқушыларды тамақтандыруға пайдаланылатын болады. Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, артылған өнімдер мектеп қызметкерлері мен тұрғындарға сатылып, түскен қаражат келесі жылға қажетті тұқым, көшет және бақша құралдарын сатып алуға жұмсалады екен.

Мектептерден бөлек, ауданымыздағы бөбекжайларда да бау-бақша жұмыстарына көңіл бөлінуде. Мәселен, Ақсай қаласының №6 «Шаңырақ» және №9 «Наурыз» бөбекжайларында да заманауи шағын жылыжайлар жұмыс істейді.

WhatsApp Image 2026-08-28 at 10.40.45 (1)

Осылайша мектеп жанындағы шағын ғана бақша балаларға үлкен өмірлік сабақ береді десек те болады. Себебі жерге дән сеуіп, оны баптап, алғашқы өнімін өз қолымен жинаған балалар еңбектің қадірін түсінеді деп есептейміз. Ең бастысы, табиғатпен етене араласқан жас ұрпақ қоршаған ортаға жанашырлық танытып, еңбекке жауапкершілікпен қарауды үйренеді.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале