4.09.2026, 16:00
Оқылды: 179

Шыңғырлау ауданында жастарға мемлекеттік қызметтің маңызы түсіндірілді

Жастардың мемлекеттік қызмет туралы түсінігін кеңейтіп, мемлекеттік органдардың жұмысымен жақынырақ таныстыру – бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта аудан орталығындағы жоғары сынып оқушылары үшін Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.

image-04-09-26-01-38 (2)

"Ашық есік күніне" аудан орталығында орналасқан мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысып, аудан әкімі аппаратының тыныс-тіршілігімен, мемлекеттік қызметшілердің күнделікті атқаратын жұмыстарымен танысты. Жасөспірімдер үшін бұл мемлекеттік басқару жүйесін сырттай бақылап қана қоймай, оның ішкі жұмыс барысын көруге мүмкіндік берген тағылымды кездесу болды.

Іс-шара барысында оқушыларға аудан әкімі аппаратының құрылымы, бөлімдердің негізгі міндеттері мен қызмет бағыттары түсіндірілді. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен жұмыс істеуі, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қарауы, құжаттармен жұмыс жүргізуі және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған міндеттерді жүзеге асырудағы жауапкершілігі жөнінде мағлұмат берілді.

Оқушылар мемлекеттік қызметтің бір ғана құжат толтырып, кеңседе жұмыс істеумен шектелмейтінін, оның артында ел алдындағы үлкен жауапкершілік пен халықтың сенімі тұрғанын түсінді.

Шара барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Бисембаев мемлекеттік қызметтің ерекшелігі мен қойылатын талаптар жөнінде әңгіме өрбітті. Жастар тарапынан мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады, қандай мамандықтар сұранысқа ие, мемлекеттік қызметшінің бойында қандай қасиеттер болуы керек деген сауалдар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Тәңірбергенұлының қатысуымен жүргізілген сұхбат барысында мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі орны, елді мекеннің дамуына қосатын үлесі және жас мамандарға қойылатын талаптар кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметке қабылдану тәртібі, қойылатын біліктілік талаптары, кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

Әсіресе мемлекеттік қызметке қажетті білім мен дағдылар, жоғары оқу орнын таңдау, мамандықтың болашақтағы мүмкіндіктері жөніндегі әңгімелер оқушылар үшін пайдалы болды.

"Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларымен қоғамда «Адал азамат» құндылықтарын орнықтыруға басымдық беріліп отыр. Оның өзегінде адалдық, жауапкершілік, әділдік, еңбекқорлық және заңға құрмет секілді қасиеттер жатыр. «Адал азамат» ұстанымы сыбайлас жемқорлықтан бас тартуды, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды және қоғам алдындағы міндетін адал орындауды көздейді",- деп атап өтті аппарат басшысы.

image-04-09-26-01-38 (1)

Кездесудің тағы бір маңызды бағыты – Мемлекет басшысы көтеріп отырған «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру болды.

Сондықтан оқушыларға мемлекеттік қызметтің жұмысын көрсету арқылы олардың бойына заңға бағыну, адал болу, жауапкершілік таныту және қоғам игілігіне қызмет ету құндылықтарын сіңіру – шараның маңызды нәтижелерінің бірі болды.

"Ашық есік күні" мемлекеттік органдар мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайтудың тиімді тетіктерінің бірі. Себебі мемлекеттік қызметтің беделі мен оған деген жастардың көзқарасы осындай ашық кездесулер арқылы қалыптасады.

Бүгінгі оқушы ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Жастарымыздың мемлекеттік басқару жүйесін, ел алдындағы жауапкершілікті және халыққа адал қызмет етудің маңызын ерте түсінуі мемлекет болашағы үшін маңызды.

Мемлекеттік қызмет – мансап қана емес, халыққа қызмет етудің үлкен мектебі. Ал осы мектепке қызығушылық танытқан жастардың көп болуы ел ертеңіне деген сенімнің белгісі.

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале