Казталов ауданында өткен «Мен оқыған 30 кітап» І республикалық байқауы аясында блогер, диктор, тілші, аудиокітап жасаушы Қуат Ахметжановпен кездесу ұйымдастрылды. Аудан жастары үшін Қуат Ахметжановпен өткен кездесу мазмұны бөлек, әңгімесі мәнді жүздесуге ұласты. Тілшілік пен дикторлықты қатар алып жүрген, аудиокітап жасаумен айналысатын блогермен болған басқосуда жастарға қызықты бірқатар тақырып қозғалды.

Қуат Ахметжанов әңгіме арасында өзінің осы салаға келу жолы, шығармашылық ізденісі мен кәсіби тәжірибесі туралы айтып, кітаптың адам ойына, сөйлеу мәнеріне әсері жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Аудиокітап жасау ісінің қыр-сырын да сөз етіп, оқырман мен тыңдарман талғамының өзгерісіне тоқталды.
Кездесуде аудан көлемінде өткен «Мен оқыған 30 кітап» республикалық жобасына да арнайы назар аударылды. Жобаға еліміздің әр өңірінен келген жастардың қатысып, кітап оқу арқылы білімдерін сынауы аудан өміріндегі елеулі мәдени оқиғалардың бірі екені айтылды. Спикер жобаға қатысты өз ойын білдіріп, мұндай бастамалардың кітап оқуға деген қызығушылықты оятудағы маңызына тоқталды.
— Қадыр Мырза ағамыздың бір жақсы сөзі бар:«Адамның аузына бір емес бірнеше тіл сыяды. Ана тілің симаса қазақ болмай-ақ қой! Қазақ болғаның үшін емес, қазақ болмай жарытпағаның үшін өкін», - дейді. Сол сияқты мына жоба оның да мақсаты болып есептеледі деп ойлаймын. Республика көлемінде күні кеше Президентімізде осы кітап мәселесін қозғап жатыр. Сол бағдарламаны, жобаны қазір Казталов ауданы іске асырып жатыр, республикалық деңгейде. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастарымыз келіп, білім сынап жатыр. Бұның бір жақсысы жүлдесіз ешкім кетпейді, бәрінің де алатын қомақты бір сый-сияпаты бар. Бұл да балалар үшін көңіл деп ойлаймын. Жалпы алдағы уақытта біз қазақ еліміздің барлық аудандарында, барлық қалаларында осындай байқау жиі болсын деп ойлаймын. Кітапқа құмар баланың болашағы зор деп ойлаймын, — деді спикер.
Жүздесудің өзегі – кітап пен оқырман арасындағы байланыс, жас буынның ізденісі болды. Жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Қуат Ахметжановтың тәжірибесі мен айтқан ойлары жас қатысушыларға шығармашылыққа, ізденіске және кітапқа жаңаша қарауға түрткі болған мазмұнды әңгімеге айналды.
Жайна Қабиболла,
Казталов ауданы