7.09.2026, 15:15
Оқылды: 14

Ақжайықтың жеті кереметі жинақталады

Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың төрағалығымен жиын өтті. Басқосуға мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұханов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева, аудандық балалар жасөспірімдер туризм орталығының директоры Азамат Набиденов, өлкетанушылар мен еңбек ардагерлері қатысты.

IMG_2762

Бұл басқосудың басты тақырыбы – Ақжайық ауданының жеті кереметін жинақтап, сол жөнінде презентациялық кітапты баспадан шығару. Аталған жинаққа ауданның тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін, туристік маңызы бар қандай  көрікті және тарихи нысандар енбек. Жиналғандар осы мәселе төңірегінде өз ой-пайымдарын ортаға салды.

Нәтижесінде ауданның жеті кереметі ретінде Науша батыр, Шағырай батыр мен Орақ әулие кесенелері, аудан брендіне айналған Тайпақтың қарбызы, Байбарақ Құдайқұлұлы кесенесі, Керік сұлу кесенесі, «Еділ мен Жайық» әніне арналған ескерткіш және Чапаев тұсындағы аспалы көпір таңдап алынды.

Кітапты шығаруда көзделіп отырған басты мақсат – Ақжайық ауданының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытып, өңірге келген қонақтарға ауданның ерекше орындары туралы толық ақпарат ұсыну. Жинақ арқылы әр нысанның тарихы, олардың өткеніміз бен бүгінімздегі маңызы туралы мәліметтермен кез келген оқырман таныса алады.

Сонымен қатар кітаптағы тарихи және мәдени нысандар туралы ақпаратқа онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ететін QR-код да болады.

Бұл бастама – ауданның тарихи мұрасын дәріптейтін, өлкетану мен туризмді дамытуға бағытталған маңызды қадам. Ақжайықтың шежірелі тарихы мен табиғи, мәдени құндылықтарын бір кітапқа топтастыру арқылы туған өлкенің танымалдығын арттыруға осылайша жол ашылмақ.

Аида Асылбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале