7.09.2026, 21:00
Оқылды: 138

«Әділет» партиясы БҚО жастарының ұсыныстарын тыңдады

«Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жастармен ашық кездесу өткізіп, өңірдегі өзекті мәселелер мен жастардың ұсыныстарын талқылады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

IMG-20260907-WA0606

Кездесуге «Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған, Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Нұргүл Ашикова, жастар ресурстық орталықтарының басшылары, ақындар, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер, студенттер және белсенді жастар қатысты.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 185 516 жас тұрады. Бұл өңір халқының 26,6 пайызын құрайды. Оның 105 297-сі қалада, 80 219-ы ауылдық жерлерде тұрады. Облыста жастарға кәсіптік және жоғары білім беретін 4 жоғары оқу орны мен 36 колледж жұмыс істейді. ЖОО-ларда 27 462, колледждерде 15 038 студент білім алуда.

Кездесуде жастардың білім алуы, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй, кәсіпкерлік, шығармашылық, қоғамдық белсенділік және ауыл жастарына арналған мүмкіндіктер талқыланды.

Жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы NEET санатындағы жастардың үлесі 4,4 пайыз, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайыз болды.

Облыста NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жүргізіледі. Отбасының цифрлық картасы бойынша 2 474 жас тіркелген. Олармен жеке жұмыс жүргізіліп, әлеуметтік мәртебесін анықтау, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беру және бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатыстыру шаралары ұйымдастырылуда.

Жастармен жұмыстың негізгі институттарының бірі – ресурстық орталықтар. Облыста 14 жастар ресурстық орталығы – облыстық, қалалық және аудандық деңгейде жұмыс істейді. Мұнда 250 қызметкер еңбек етеді. 2024 жылы 12 аудандық орталықтың қызметкерлеріне еңбекақы 30-60 пайызға артса, 2025 жылы облыстық және Орал қалалық орталықтарының қызметкерлеріне жалақы 50 пайызға көтерілді.

Кездесуде жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі де сөз болды. 2024 жылдан бастап осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,183 млрд теңге, «Отбасы банк» тарапынан 331 млн теңге бөлінді.

IMG-20260907-WA0608

«Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2024 жылы 41 жас маман баспаналы болды. 2025 жылы тағы 72 жас тұрғын үй алды. Алдағы уақытта 90-нан астам жасты баспанамен қамту жоспарланған. Осылайша бағдарлама аясында үй алған жастар саны 200-ден асады деп күтілуде.

«Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған жастардың пікірін тыңдау партия жұмысының маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді бөлігі. Сондықтан олардың пікірін тыңдап, бастамаларына қолдау көрсету маңызды. Өңірдегі жастардың нақты мәселесін жастардың өзінен артық ешкім білмейді. Бүгінгі кездесу – ашық диалогтың нақты үлгісі, – деді Бауржан Бектұрған.

Кездесуде жастар ресурстық орталықтарының басшылары да өзекті мәселелерге тоқталды. Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы, ақын Дәурен Шамұратов жастардың шығармашылығы мен қоғамдық белсенділігі туралы айтса, «Бөрлі жаршысы» газетінің бас редакторы, ақын Мейрамбек Сыдықов жастардың ақпараттық кеңістіктегі рөліне тоқталды. Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дархан Қуатов аудан жастарына арналған мүмкіндіктер мен қолдау шаралары туралы сөз сөйледі.

Жастар өз кезегінде білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, тұрғын үй, шығармашылық және қоғамдық бастамалар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Жастардың әлеуетін арттыру «Әділет» партиясының бағдарламасында да қамтылған. Партия 5 миллион жасты жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйретуді және 1 миллион жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Бағдарламада білім беру, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамту, цифрландыру және әлеуметтік әділеттілік мәселелеріне басымдық берілген.

Бұл бағыттағы жұмыстарды партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты да жүзеге асыруда. Оның жобалары қатарында «Жастарға жұмыс», «Жайдарман», «STUD Премия», «Жас саясаткерлер мектебі», сондай-ақ волонтерлік және экологиялық акциялар бар.

«Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жастарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат беріледі. Ал жоғары оқу орындары мен колледждердегі «Жастар Рухы» бастауыш ұйымдары студенттерді қоғамдық жұмыстарға және жастар бастамаларына тартады.

Жастармен жұмыстың маңызды бағыты – білім беру ұйымдарындағы бастауыш ұйымдардың қызметі. Жоғары оқу орындары мен колледждерде «Жастар Рухы» бастауыш ұйымдары жұмыс істеп, студенттерді қоғамдық жұмыстарға, көшбасшылық жобаларға және түрлі жастар бастамаларына белсенді қатысуға тартып келеді.

IMG-20260907-WA0607

Осы жұмыстардың барлығы жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына және кәсіби тұрғыдан дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

 «Әділет» партиясы үшін жастармен кездесу – бір реттік іс-шара емес, қоғамның жас буынымен тұрақты диалог орнатуға бағытталған жұмыстың бір бөлігі. Мұндай кездесулер жастардың өзекті мәселелерін тікелей тыңдап, олардың ұсыныстарын партияның өңірлік күн тәртібіне енгізуге мүмкіндік береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале