Қазталов ауданында Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен жастармен «Неке – жауапкершілік пен келісім. Мәжбүрлі неке – дұрыс таңдау емес» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандары қатысып, неке ұғымының мәні, заңды тәртібі және ерлі-зайыптылардың құқықтары түсіндірілді. Атап айтқанда, Қазталов аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Айгерім Ерболатқызы мен орталық заңгері Айбибі Абайқызы неке екі адамның ерікті келісіміне негізделуі қажеттігін атап өтті. Психолог Ғалия Қазбекқызы жастармен «Сүйіспеншілік пе, қысым ба?» атты әңгіме жүргізсе, аудандық аурухананың акушер-гинекологы Диана Тахирқызы репродуктивтік денсаулық пен отбасын жоспарлау туралы айтты. Сондай-ақ полиция майоры Гүлфайруз Асылбекқызы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесін көтеріп, «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Набидоллақызы отбасы құндылықтарын нығайтудың маңызына тоқталды.

Жиын соңында жастар «Еркін микрофон» алаңында мамандарға көкейдегі сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.
Әдемі Жасұланқызы,
Қазталов ауданы