Қазталов аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай Қазиуллин Жасталап ақсақалдың шаңырағында «Отбасы мен кітап – бірліктің бастауы» атты тағылымды шара ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, үлкенге құрмет пен кішіге ізет қағидаларын насихаттау, сондай-ақ балалар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру.
Қонақжай шаңырақта өткен кеште кітаптың адам өміріндегі орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы кеңінен сөз болды. «Отбасы – тәрбие бесігі, кітап – руханияттың қайнар көзі» ұстанымын басшылыққа алған қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, өмірлік тәжірибелері мен отбасылық дәстүрлер туралы сыр шертті. Сонымен қатар Жасталап атаның өмірден түйген тағылымды әңгімелері мен берген ақ батасы кештің мәнін аша түсті. Үлкеннің өнегесін тыңдап, кейінгі буынның ой-пікірімен сабақтастырылған бұл жүздесу ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқын көрсетті.
Жиын соңында қатысушылар күн сайын 15 минут отбасылық кітап оқу дәстүрін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Себебі бірге кітап оқу отбасы мүшелерін бір-біріне жақындатып, ой мен жүректі тоғыстыратын маңызды рухани құндылық болып саналады.
Әдемі Жасұланқызы,
Қазталов ауданы