10.09.2026, 17:30
Оқылды: 16

«Әділет» жастармен бірге

Орал қаласындағы ботаникалық  бақта «Әділет» партиясының облыстық  филиалының  төрағасы Бауыржан Бектұрған мен Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер  Нұргүл Ашықова өңірдің белсенді әрі танымал жастарымен  жүздесті.  Бұл  жай  кездесу  емес, жастардың өзекті ойы мен азаматтық үнін жеткізген еркін әрі жаңаша  сипаттағы басқосу болды.

DSC03138

Іс-шарада жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, олардың бастамаларына қолдау көрсету, жаңа жобаларды жүзеге асыру және жастар үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Ұсыныс-пікірлерді тыңдаған Бауыржан Оңталапұлы мұндай ашық кездесудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамның қозғаушы күші саналатын жастардың ой-пікірі мен бастамаларына құлақ асу – уақыт талабы. Себебі бүгінгі жас – елдің  ертеңгі тізгінін ұстайтын  азамат.

– Кездесудің басты мақсаты – жастарды «Әділет» партиясының бағдарламасымен таныстырып қана қоймай, олармен ашық пікір алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Бүгінде қоғамда үлкен өзгерістер болып жатыр. Осындай кезеңде жастардың белсенділігі маңызды. Біз жастарды қоғам өміріне етене араласуға, өзгерістерге бейжай қарамай, ұсыныстарын ортаға салуға шақырамыз. «Әділет» партиясымен бірлесе жұмыс істеп, ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік мол. Сол себепті, басқосуға облыстың барлық ауданынан жастарды шақырдық.

Бұл – жаңадан құрылған «Әділет» партиясының жастармен өткізген алғашқы ісшараларының бірі. Алдағы уақытта жас ақындармен және белсенді жастармен кездесулер ұйымдастырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат – жастардың әлеуетін пайдаланып, партияның бағдарламасымен үндес бастамаларды бірге жүзеге асыру, – деді «Әділет» партиясының облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрған.

Іс-шарада Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашықова да жастармен тілдесіп, олардың қоғамдағы орны мен атқарып жүрген рөліне тоқталды. Ол ел басына күн туған қиын кезеңдерде жастардың әрдайым белсенділік танытып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.

– Кешегі су тасқыны кезінде жастар тәулік бойы тыным таппай, елмен бірге болып, қиындықты қатар еңсеруге атсалысты. Өрт оқиғаларында да, пандемия кезеңінде де көмекке алғашқылардың бірі болып ұмтылды. Бұл олардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Осындай сындарлы сәтте жастардың тізе қосып, қоғамдық жұмысқа белсене араласуы жауапкершілгі мен отансүйгіштігінің дәлелі дер едім, – деді  Нұргүл  Әжібайқызы.

Іс-шара барысында жастар атынан алғаш сөз алған Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы, ақын Дәурен Шамұратов жақында жарық көрген «Аспан неге жылайды?» атты кітабын Бауыржан Бектұрғанға «Әділет жолынан таймаңыз!» деген ізгі тілегімен ұсынды. Сондай-ақ Нұргүл Ашықоваға да жаңа туындысын сыйға тартты. Дәурен Ибатұлы жастардың ел өміріндегі белсенділігіне тоқталып, қай кезде де қоғамнан тыс қалмай, қашанда көмекке дайын тұратынын жеткізді. Су тасқыны мен пандемия сынды күрделі кезеңдерде де жас буын ел-жұртпен бірге ортақ іске үлес қосты. Сонымен қатар өңір қаламгерлеріне қолдау көрсету мәселесін көтеріп, жас ақындардың өлеңдерін кітап етіп шығаруға демеушілік ету жөнінде ұсынысын айтты. Оған қоса Бөрлі ауданынан келген «Бөрлі жаршысы» газетінің бас редакторы, ақын Мейрамбек Сыдықов та жергілікті журналистердің еңбегіне назар аударып, БАҚ өкілдеріне қолдау көрсету қажеттігін жеткізді.

DSC03128

Облыстық партия филиалының төрағасы Бауыржан Оңталапұлы басқосуда көтерілген бірқатар ұсыныстың нақты жүзеге асуына партия көмектесетінін  жеткізді.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале