10.09.2026, 18:00
Оқылды: 5

Beauty әлеміне саяхат

Бүгінде beauty (әсемдік) индустриясы қарқынды дамып, сұлулық әлемі сан алуан жаңалықпен толығуда. Дүкен сөрелерінен талғам мен қажеттілікке сай опа, далап, сүрме, қызғылт далап (румяна) және бетке арналған түрлі косметикалық маскаларды т. б. кездестіруге болады. Дегенмен сұлулықтың өлшемі осы екен деп косметиканы көп қолдану – әдемі болудың кепілі емес. Керісінше, косметика табиғи келбетке әр беріп, өзіне жарасымды бейнесін қалыптастырғаны жөн. Осы орайда Орал қаласындағы тәжірибелі косметологтардың пікіріне сүйеніп, сұлулық пен бет күтіміне қатысты маңызды кеңестерді назарыңызға ұсынуды жөн көрдік.

WhatsApp Image 2026-09-10 at 13.41.20

Әлия Сариева, косметолог, эстет:

– Сұлулықтың негізі – сау әрі күтімді тері. Қымбат косметика немесе түрлі процедуралар дұрыс таңдалған күнделікті күтімді алмастыра алмайды. Үй жағдайындағы негізгі күтім үш кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, теріні жұмсақ тазарту, ылғалдандыру және күн сайын SPF-тың  30-50 деген түрін  қолдану маңызды. SPF – теріні күннің зиянды ультракүлгін сәулелерінен, желден, күннен қорғауға көмектесетін  құрал. Оның қорғаныс деңгейі әртүрлі болады: SPF 15, 20, 30, 40, 50, 50+ және т. б.  SPF 30 ультракүлгін сәулелердің теріге әсерін шамамен 97%-ға азайтса, SPF 50 шамамен 98%-ын қорғайды. Сондықтан күнделікті күтімде SPF 30-50 қолдануға болады. Күтім құралдары міндетті түрде терінің түрі мен жағдайына сәйкес таңдалуы керек. Оны тек мәселе пайда болғанда емес, бет терісінің зақымдануының алдын алу үшін қолданған дұрыс. Ал косметологиялық процедуралар үй жағдайындағы күтімді толықтырып, терінің сапасын, серпімділігін және табиғилығын сақтауға көмектеседі. Әр процедура жеке көрсетілім бойынша таңдалуы тиіс. Менің ойымша, шынайы сұлулық – бет әлпетін өзгерту емес, адамның табиғи келбетін сақтап, терісін сау әрі күтімді ету. Ең бастысы – тұрақтылық, дұрыс күтім және білікті маманның кеңесі.  Сіздерге бет терісінің күнделікті қарапайым күтімін  бөлісе  кеткенді  жөн  көрдім.

Таңертең бетіңізді ыстық сумен емес, жылы сумен жуыңыз. Ыстық су терінің  қорғаныш  қабатын  бұзады. Кремді жуынғаннан кейін сәл дымқыл теріге жағыңыз. Бұл ылғалды жақсы  сақтауға   көмектеседі.

SPF-тың 30-50 деген түрін тек жазда ғана емес, жыл бойы қолданыңыз. Беттегі дақтар (пигментация) мен ерте қартаюдың  алдын  алады.

Бетке арналған сүлгіні жиі ауыстырыңыз немесе бір реттік қағаз сүлгі қолданыңыз.

Бетіңізге қолыңызды жиі тигізбеңіз. Бұл теріге кір мен бактерияның түсуін  азайтуға  көмектеседі.

Жастық тысын аптасына бір-екі рет ауыстыру безеу мен тітіркенудің  алдын  алуға  көмектеседі. Жаңа косметиканы бірден түгел қолданбай, әр өнімді жеке-жеке енгізіңіз. Сонда теріге қайсысы сәйкес келмейтінін анықтау оңай.

Скрабты жиі қолданбаңыз. Теріні жарақаттауы мүмкін. Оның орнына теріге сай жұмсақ қышқылды немесе энзимді пилинг таңдаған дұрыс.

Қымбат өнімнен бұрын тұрақты күтім маңызды: тазарту, ылғалдандыру және SPF.

Ең бастысы, әлеуметтік желідегі кеңеске емес, өз теріңіздің қажеттілігіне сүйеніңіз. Проблемалы тері болса, маманға көрініңіз. Кәсіби күтімнің басты артықшылығы – құралдардың тері түрі мен жағдайына қарай жеке таңдалуы. Сауда орталықтары мен дүкендердегі кеңесшілердің барлығы бірдей косметолог емес, сондықтан берілген кеңес әрдайым дұрыс бола бермейді.

Көпшілік жиі айтатын корей косметикасының барлығы кез келген теріге сай келеді деген түсінік қате. Әсіресе безеуге бейім, сезімтал және құрғақ терісі бар адамдар өнімді абайлап таңдауы қажет. Дұрыс таңдалмаған күтім немесе түпнұсқа емес өнім терінің жағдайын нашарлатуы мүмкін. Сондықтан теріні алдын ала бағалап, өз тұтынушыларының нәтижесін бақылап отыратын косметологқа жүгінген дұрыс. Маман күтімді терінің қажеттілігіне сай таңдап, қандай өнімді қалай және қаншалықты жиі қолдану керектігін түсіндіреді. Нағыз сұлулық ең алдымен дұрыс күтімнен басталады. Теріні тазарту, ылғалдандыру, күннен қорғау, жеткілікті ұйықтау және дұрыс тамақтану – әдемілік пен саулықтың кепілі, – дейді  Әлия  Оразғалиқызы.

Әсел Нұрперзентова

Әсел Нұрперзентова, «Kriistails» салонының визажисі:

– Косметика таңдағанда оның бағасына немесе танымалдылығына ғана назар аудару жеткіліксіз. Әр адамның терісі әртүрлі болғандықтан, өз теріңнің ерекшелігін білу маңызды. Өнімнің құрамын оқу, жарамдылық мерзімін тексеру және косметиканы таза құралдармен пайдалану  қарапайым болғанымен, маңызды әдеттер. Макияжда да дәл осы қағида сақталады. Біреуге жарасқан образ екінші адамға сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан beauty әлемінің ең басты ережелерінің бірі – трендке соқыр түрде еру емес, өзіңе жарасатынды таңдау. Соңғы жылдары табиғи макияжға қызығушылықтың артуы да осыны көрсетеді. Жеңіл тон, ұқыпты қас, нәзік реңкті ерін және табиғи жарқыраған тері – қазіргі сәннің басты бағыты. Макияж таңдауда бет пішінін де ескерген жөн. Мәселен, сопақ бетке табиғи әрі жеңіл макияж түрлері жарасса, толық бетке жеңіл контур мен жоғары бағытталған румяна үйлесімді көрінеді. Төртбұрышты бетке жұмсақ контур, ал жүрек тәрізді бетке нәзік реңктер мен табиғи макияж қолайлы. Әлеуметтік желілер сұлулық туралы түсінігімізге де әсер етті. Мінсіз тері, мінсіз бет пішіні мен мінсіз макияж күн сайын көз алдымыздан өтеді. Бірақ экрандағы бейненің артында жарық, камера, фильтр немесе өңдеу болуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Өзіңді өзгелермен салыстырудың орнына, өз ерекшелігіңді  қабылдау  әлдеқайда  маңызды.

Сұлулық әлемінде бір ғана формула жоқ. Бір адам үшін сұлулық – сәнді макияж болса, екіншісі үшін табиғи қалпы, ал үшінші адам үшін өзіне деген сенімділік болуы мүмкін. Beauty әлеміне саяхат бізге бір маңызды нәрсені түсіндіреді. Косметика адамның сұлулығын «жасамайды». Ол бар ерекшелікті айқындап, көңіл күй мен стильді жеткізеді. Кейде бір ғана далап түсі, әдемі шаш үлгісі немесе ұқыпты макияж адамның көңіл күйін көтеріп, өзіне деген сенімін арттыруы мүмкін. Косметиканы сән үшін де, өзіңе сенімді болу үшін де қолдануға болады. Бірақ оның артында өзіңді өзгелерге ұқсатуға деген талпыныс емес, өзіңді жақсы көру мен өзіңе қамқорлық тұрғаны маңызды, – дейді бет әрлеуші  Әсел  Талғатқызы.

Side view of beautiful brunette beautician applying special white cream for face young cute patient. Concept of process procedure for improving face skin with cosmetics.

Сурет: istockphoto.com

Косметика сатып алғанда оның құрамына, жарамдылық мерзіміне, сақталу жағдайына және теріге сәйкестігіне назар аударған жөн. Мамандардың айтуынша, косметикалық құралдарды шамадан тыс қолданбай, оларды дұрыс пайдалану маңызды. Әсіресе көз бен ерінге арналған өнімдерді басқа адаммен ортақ пайдаланбаған дұрыс. Макияжды ұйықтар алдында міндетті түрде тазалап, теріні демалдыру да күнделікті  күтімнің  маңызды  бөлігі.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале