10.09.2026, 15:45
Оқылды: 22

Бөкей ордасы ауданында цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде мемлекеттік қызметшілердің басын қосқан семинар өтті. Семинарда телекоммуникация саласын дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындарға көрсетілетін цифрлық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқылады.

WhatsApp Image 2026-09-10 at 15.34.40
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов төрағалық еткен бұл жиынға облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев, басқарма мамандары, аудандық бөлімдер мен мекеме басшылары және салаға жауапты мамандар қатысты.
Аудан басшысының алғы сөзімен басталған басқосуды БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев сабақтады. Ол өз сөзінде елімізде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысының цифрландыруды жеделдету жөніндегі тапсырмалары аясында елімізде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Биыл республика көлемінде цифрландыруға бағытталған 100-ден астам іс-шара жоспарланса, біздің ауданымыз бойынша сегіз елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту көзделген. Дәл қазірдің өзінде ауданда жетпістен астам бейнебақылау камерасы орнатылған.
– Заман талабына қарай цифрландыру барлық саланы қамтып отыр. Бұрын «Smart City» ұғымы қала деңгейінде қарастырылса, бүгінде бұл бағыт өңірлік деңгейге көтеріліп, «Smart Region» тұжырымдамасы енгізілді. Осыған сәйкес аудандардың да цифрлық әлеуетін арттыруға басымдық беріліп отыр, – деді Нұрлыбек Мәлікұлы. Ол цифрландырудың негізгі бағыттарына тоқталып, оның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, сауда және басқа да салалардың цифрлық жүйеге көшуі маңызды екенін атап өтті.

WhatsApp Image 2026-09-10 at 15.34.40 (2)
Сондай-ақ спикер облыста жүзеге асып жатқан «Айкөмек 109» қызметінің мүмкіндіктеріне тоқталды. Бүгінде аталған қызмет тек қала тұрғындарына ғана емес, аудандарға да қолжетімді болып, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін жедел қабылдауға мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматта көрсетіледі. Алдағы уақытта қалған қызметтерді де оңтайландырып, онлайн форматқа көшіру жұмыстары жалғасатын болады. Кездесуде аудан тұрғындары үшін аса маңызды бағыттардың бірі – байланыс сапасы мен интернет инфрақұрылымын дамыту мәселесі кеңінен айтылды. Нұрғиса Мәлікұлының мәліметінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жаңа жобалар бойынша облыстың 203 елді мекенін сапалы байланыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдар бойында байланыс инфрақұрылымын дамыту бойынша инвестициялық жобалар қолға алынатыны айтылды. Цифрлық инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, деректерді сақтау орталықтарын дамыту мәселесі де қозғалды. Облыста жаңа ЦОД – деректерді өңдеу орталықтарын салу бойынша жоспар бар. Бұл бағытта «Қазақтелеком» және шетелдік инвесторлармен бірлескен жобалар қарастырылуда. Жиын барысында цифрлық сауаттылықты арттыру, IT экожүйесін қалыптастыру және жаңа технологияларды меңгеру мәселелеріне де ерекше мән берілді.
Осы ретте басқарманың Мемлекеттік қызметтерді мониторингтеу және дербес деректерді қорғау бөлімінің басшысы Айсана Ералиева электрондық цифрлық қолтаңбаны дұрыс пайдалану және дербес деректерді қорғау жөнінде жан-жақты түсінік беріп өтті.
– ЭЦҚ жай ғана электронды құрал емес, заңдық жауапкершілік жүктейтін маңызды құрал. Сондықтан оның жабық кілтін ешкімге бермеу, қауіпсіздігін сақтау әр азаматтың міндеті, – деді Айсана Мақсотқызы.
ЭЦҚ-ны заңсыз беру немесе пайдалану, сондай-ақ электрондық құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны айтылды.
Batys Hub өңірлік менеджері Ануар Кубеков жиналған қауым назарына ақпараттық слайд ұсынды.
- Astana Hub экожүйесінің негізгі мақсаты – IT стартаптарды дамыту, жаңа технологиялық жобаларды қолдау және IT мамандарын даярлау. Мақсаты анық кез келген стартап жобаға қолдау бар. Осы орайда сіздің жерлестеріңіз Саян Баетовпен бірге жұмыстанып жатқанымызды да айта кетейін. Жастар мен кәсіпкерлер үшін түрлі гранттар, оқыту бағдарламалары мен халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндік мол. Атап айтқанда, Startup Orda, Tech Orda, Tomorrow School, Tumo сияқты ІТ саласына қызығушылық танытқан кез келген азамат үшін қолжетімді білім беру және стартаптарды дамыту бағдарламалары бар. Осы бағдарламалар арқылы жастар өз жобаларын дамытып, тәжірибе жинақтап, түрлі байқауларға қатысып, гранттар мен инвестицияларға қол жеткізе алады, - деп өз саласындағы мүмкіндіктер мен стартаптарды қолдау бағыттары жөнінде мәлімет берді.

WhatsApp Image 2026-09-10 at 15.34.40 (1)
Сонымен қатар аудан жастарын алдағы уақытта өтетін Digital Bridge, Digital Kazakhstan, Digital Day, хакатондар мен Pizza Pitch секілді ауқымды шараларға белсенді қатысуға шақырды.
– Стартап үшін ең бастысы - жақсы идея мен сол идеяны іске асыруға деген талпыныс. Ауданнан шыққан жастардың да өз жобаларын ұсынып, гранттарға ие болуға толық мүмкіндігі бар. Сондықтан осындай мүмкіндіктерді пайдалану керек, – деді Ануар Әлиханұлы.
Кездесу соңында қатысушыларға арнап, цифрлық технологияларды дамыту, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және IT бағытындағы жаңа мүмкіндіктер тақырыбында практикалық семинар ұйымдастырылды.

Анар Артықбай
суретке түсірген Әділет Абдиров

Бөкей ордасы ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале