11.09.2026, 10:45
Оқылды: 11

Ділмұқашев Мырзакелдінің жанұясы жайлы толғаныс

 

Жанұя - жанның ұясы. Бұл ұя әкенің иығымен биік, ананың мейірімімен жылы. Қособа ауылдық округі, Жырақұдық ауылындағы Мырзакелді Ділмұқашевтің жанұясын көріп, осындай ойға қаласың. 

PHOTO-2026-06-29-17-17-36

Мырзакелді Ділмұқашев — қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, еңбекке жастайынан араласқан азамат.

Ол 1955 жылы Қособа ауылында туған. Мектеп бітіргеннен кейін механизаторлар даярлайтын училищеде білім алып, туып-өскен ауылында 18 жасқа толғанша еңбек етті.

Мырзакелдіге әскерде жүргенде де  алған мамандығы кәдеге жарады. Әскери көлік жүргізіп, арнайы тапсырмаларды орындап, азаматтық антына адал болды. Ауылда оны қайнаған еңбек майданы күтіп тұрды. Елге келген соң егіс бригадасында механизатор болып жұмыс жасап, ауыл шаруашылығы техникаларының «тілін» білетін бесаспап маманға айналды. Жемісті еңбектің нәтижесінде сый-құрметке бөленген Мырзакелді Рахипұлы «Бес жылдықтың екпіндісі» деген қола және күміс төсбелгілерді иеленгені - кешегі күннің мерейі, бүгінгі күннің берекеті. 1980 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталып, абырой биігінен көрінуі де — еңбек адамының тынымсыз тірлігінің нәтижесі.

Еліміз егемендік алғаннан кейін де егіс даласындағы жұмысын жалғастырып, 1994 жылы ауылдағы көлік жөндеу шеберханасында қызмет қылған ол қай жұмысты да таңдамай тыңғылықты атқара білді. Мырзакелдінің жүзінде еңбектің ерен рухы мен махаббаттың сұлу сәулесі бар. Ол сәуле сүйікті жары Құралай Оқасқызының жүрегінен шашырағандай. Құралай да - Қособа ауылында өмірге келіп, қарапайым жанұяда тәрбиеленген қыз. Мектепті тәмамдағаннан кейін педагогикалық колледжде «Тәрбиеші» мамандығы бойынша білім алды. Балабақшада, мектепте, кейін әлеуметтік салада ұзақ жылдар елеулі еңбек еткен Құралай апай әйелдің асыл ісі - мансап не жеке қызметтік жетістігі емес, жанұясының берекесі, жарының бабы деп есептейді. Содан да болар ол азаматының ақ жағасын кірлетпеуге, ақ дастарханынан адал дәм үзбеуге тырысты. Қос жүрек, қос сезім бір тағдырға айналып жарасымды отбасылық ғұмыр кешуде. Құралай анамыз бес перзентті өмірге әкелді. Олардың төртеуі — қыз, біреуі — ұл.

PHOTO-2026-06-29-17-17-37

Отасқандарына жарты ғасырға жуықтаған Мырзакелді аға мен Құралай апай келер жылы алтын тойларын ұрпақтарының ортасында қарсы алмақ.

Қазіргі уақытта бейнеттерінің зейнетін көріп отырған кейіпкерлеріміз — бес перзенттен өрбіген немере-жиендердің сүйікті ата-әжесі. Жетпіс деген жайдарлы жастың желкенін керген қос қария әлі де балаларына ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерін ортаға салып отырады.

Ұл-қыздарын адал еңбекпен нан табуға тәрбиелеген әке мен ана «Қолдарыңнан келіп тұрса, жұртқа жәрдемдесіңдер. Сауабы тиеді, Алладан қайтады» дегенді жиі айтады екен. Өйткені өздері де солай елдің батасымен көгеріп, өзгелерге жасаған жақсылықтарының сауабы тигенін жасырмайды.

Адамды биікке көтеретін атақ емес, адал еңбек екенін олар өздерінің тағылымды жолдарымен дәлелдей білді.

 

Ләззат Қажымова,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале