11.09.2026, 9:45
Оқылды: 13

Сырым ауданы: Ұрпақты әнмен жалғаған Ұбановтар жанұясы

Өнер кейде адамға, кейде тұтас әулетке қонады. Ұрпақтар арасын әнмен жалғаған Сырым ауданы, Аралтөбе ауылындағы Ұбановтар әулетін осындай шаңырақ дер едік. Бұл отбасында ән – әуесқойлық емес, күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналған.

d5b6a4bc-d793-4ddb-9f46-2c7e95b6b595

Үйдің иесі Самат Ұбанов 1976 жылы 24 маусымда Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Туған ауылынан ірге ажыратпай, өзін туған мекеннің мәдени өміріне басыбайлы арнаған адам. Ауылдың мәдениет үйін басқарып, талай жылдан бері өнерпаз жастардың басын қосып, мәдени шаралардың өтуіне атсалысып жүрген азаматтың өзі де өнерден алыс емес.

Саматтың сахнаға алғашқы қадамдарының бірі аудандық көңілді тапқырлар додаларынан басталған. Ол кезінде «4 қызғалдақ, 1 жусан» тобында өнер көрсетіп, әзіл мен тапқырлықты сахна мәдениетімен ұштастырған. Кейін бұл қызығушылық кәсіби біліммен жалғасты. 2006 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің сырттай бөліміне оқуға түсіп, білімін толықтырды. 2008 жылдан бастап Аралтөбе ауылдық мәдениет үйінде «музыкада сүйемелдеуші» мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. 2019 жылдың тамыз айынан бері осы мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып келеді.

Самат Ұбановтың мәдениет саласындағы еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен де бағаланған. Оның қоржынында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшыларының Алғыс хаттарынан бастап, облыстық білім беру басқармасының сертификаты, БҚО мәдениет басқармасының Алғыс хаты, «Еңбек даңқы» төсбелгісі секілді марапаттар бар. 2021 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына да ие болған.

Саматтың әнінің екінші дауысы - Анар жеңешеміз шығар. Саматтың жары Анар Төлегенова да өнер жолын таңдаған жан. Құрманғазы атындағы саз колледжінде білім алған ол бүгінде Аралтөбе мәдениет үйінде дәстүрлі ән үйірмесіне жетекшілік етеді. Демек, ерлі-зайыптының қызметі де, қызығушылығы да бір арнада тоғысқан.

Бұл шаңырақта өнер кейінгі буынға да жалғасып отыр. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отбасының қыздары да ән өнеріне жақын. Сахнада ата-анасымен бірге өнер көрсетіп, түрлі облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Осылайша әке-шешеден басталған өнерге деген ықылас балалардың да таңдауына айналған.

Ұбановтар отбасының ерекшелігі – сахнадағы өнері мен отбасылық өмірінің бір-бірінен ажырамауында. Самат домбыра мен әнге жақын болса, Анар дәстүрлі әнді шәкірттерге үйретеді. Ал балалары осы ортаның ішінде өсіп, өнердің қыр-сырын жастайынан меңгеріп келеді. Бір шаңырақтың бірнеше мүшесінің бір сахнада өнер көрсетуі де аралтөбеліктер үшін қалыпты көрініске айналған.

Ауылдағы той-томалақ, мәдени шаралар десе, Ұбановтар отбасының өнері де қатар аталады. Бұл шаңырақтың түтіні ауылдың мәдени қазандығының мұржасынан шығып жатыр.

Саматтың өзі де, отбасы да өнерді атақ үшін емес, ауылдың рухани өміріне қызмет етудің бір жолы ретінде алып келеді. Туған жерінде қалып, мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан оның өмір жолы да осыны аңғартады.

Сәкеңнің тапқырлығы ғой, кезінде ауылдағы көңілді тапқырлар клубына “Төрт қызғалдақ, бір жусан!” - деп ат қойған. Жусан - даланың иісі. Саматтың сол сөзі тағдырына айналғандай. Үш қызы мен жеңешемізді қосқанда жан бағында төрт қызғалдағы жайқалып, маңдайынан туған жұртының иісі аңқыған ұлы өсіп келеді. Көгеріп, көктей беріңіз, Самат аға!

Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале