Сурет: gov.kz
Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі оларды міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту. Азамат жұмысынан айырылған жағдайда осы жүйе арқылы жаңа жұмыс іздейтін кезеңде уақытша қаржылық қолдау алады. Ал мемлекеттің негізгі міндеті адамның мүмкіндігінше тезірек жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
Пилоттық жоба бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленеді. Жүйеге 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа төлем 1 ай, 12 айдан 24 айға дейін қатысқан жағдайда 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда 3 ай төленеді.
Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды.
Әр азамат үшін төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.
Жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 5% мөлшерінде әлеуметтік аударым төлейді. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Әлеуметтік аударым жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жұмысынан айырылған жағдайда мемлекеттік қолдау алу үшін азамат алдымен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуі қажет. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуге немесе электрондық үкіметтің eGov.kz порталы мен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелуге болады.
Тіркелгеннен кейін мансап орталығы азаматтың мамандығын, еңбек тәжірибесін, біліктілігін, денсаулық жағдайын, жұмыс режимін және көлікпен қатынау мүмкіндігін ескере отырып, оған лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеледі. Әлеуметтік төлем алуға құқығы болған жағдайда, ол жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап проактивті түрде тағайындалуы мүмкін.
Сонымен бірге азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады. Олардың қатарында кәсіптік оқыту және қайта даярлау, субсидияланатын жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, кәсіпкерлік бастаманы қолдау, сондай-ақ жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару шаралары бар.
Әлеуметтік төлем алып жүрген кезеңде жұмыс іздеуді жалғастырып, мансап орталығы ұсынған лайықты бос жұмыс орындарын қарастырған маңызды. Егер азамат ұсынылған үш лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылады. Осыған байланысты әлеуметтік төлем де тоқтатылады.
Егер әлеуметтік төлем төленетін кезеңде азамат лайықты жұмыс таба алмаса, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау тоқтамайды. Мансап орталықтары азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді жалғастырады және қолжетімді жұмыспен қамту шараларын ұсынады.
Әлеуметтік төлем мерзімінің өзгеруі республикалық бюджет шығыстарын қысқартуға байланысты емес. Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады және белгілі бір мерзімге арналған әлеуметтік сақтандыру тетігі болып саналады. Пилоттық жобаның негізгі мақсаты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын күшейтіп, азаматтардың мүмкіндігінше тезірек тұрақты жұмысқа оралуына жағдай жасау.