11.09.2026, 15:30
Оқылды: 14

Казталов ауданында «Отбасы – бақыт мекені» байқауы өтті

Казталов аудандық С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен Әжібай ауылдық мәдениет үйінде «Отбасы – бақыт мекені» атты аудандық отбасылық ән байқауы өтті.

image-11-09-26-01-26-9

Мерекелік шара барысында мәдениет үйінің фойесінде қолөнер бұйымдары мен байқауға қатысушы отбасылардың ЖИ көмегімен әзірленген фотосуреттерінен көрме ұйымдастырылып, естелікке арналған фотобұрыш жасақталды.

Байқауға арнайы келген отбасыларды ұйымдастырушылар қонақжайлылықпен қарсы алып, мәдениет үйі алаңында ауыл түлектері тарту еткен киіз үйде «Мен және менің отбасым» атты таныстық тренингі өткізілді. Тренинг барысында қатысушы отбасылар бір-бірімен танысып, өздерінің отбасы мүшелері, қызығушылықтары мен отбасылық құндылықтары туралы ой бөлісті.

image-11-09-26-01-26-12

Қазақы тәрбиеде «Отан – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөз бар. Бұл – қай кезеңде де мәнін жоғалтпаған қасиетті ұғым. Отбасындағы махаббат, мейірім, қамқорлық, түсіністік пен өзара қолдау – қоғамның берік негізі. Осындай құндылықтарды өнер арқылы насихаттауды мақсат еткен байқау қатысушыларына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құмарғалиев пен Бірік ауылдық округінің әкімі Жігер Жакиев құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

Өнерді отбасылық ортада дәріптеу, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, шығармашылық қабілеттерді дамыту әрі өнерлі отбасыларды көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылған байқауға Тереңкөл, Қарасу, Бостандық, Жалпақтал, Ақпәтер, Қараөзен, Көктерек ауылдарынан және Қарасу ауылдық округіне қарасты елді мекендерден отбасылар қатысты.

image-11-09-26-01-26-7

Екі кезеңнен құралған өнер сайысында қатысушылар «Отбасы», «Отбасы мүшелері», «Перзент парызы» (ана, әке, бала) тақырыптарымен қатар, еркін тақырыпта өнер көрсетті. Әр отбасы өздерінің шығармашылық шеберлігін, өнерге деген сүйіспеншілігін және жанұядағы бірлігін сахна төрінде паш етті.

Байқауға аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шакенаева, Батыс Қазақстан облысының «Мәдениет саласының үздік қызметкері», аудандық мәдениет үйінің шара ұйымдастырушысы Нәрік Дүйсенов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Алмагүл Алибаева қазылық етті.

image-11-09-26-01-26-4

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Тереңкөл ауылынан қатысқан Нұрсафиндер отбасы иеленді. Қарасу ауылының Нуфтуллиндер отбасы І орынға, Бостандық ауылының Нығметжановтар отбасы ІІ орынға лайық деп танылды. Ал Көктерек ауылынан Рахматуллиндер отбасы мен Жалпақтал ауылынан Рахымжановтар отбасы ІІІ орынды өзара бөлісті.

Барлық қатысушы отбасыларға, қолөнер  шеберлеріне сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Сонымен қатар, Әжібай ауылдық округіндегі «Әли» шаруа қожалығының жетекшісі Т. Хайдаров Нұрсафиндер отбасына, «Ералы» шаруа қожалығының жетекшісі М. Қабиева Рахимовтар отбасына 20 мың теңгеден демеушілік көмек көрсетті.

image-11-09-26-01-26-5

Мерекелік шара барысында халықтық «Қарлығаш» би ансамблі, Ақжан-Сабрина Тұрақбай отбасы, Амантай Жакиев, Гүлмереке Сәрсенова және Ырысбек Темешовтер өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында Еділ Мақсотовтың орындауындағы «Байлық деген» әні шырқалып, тағылымы мол мерекелік шара өз мәресіне жетті.

Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылық, тәрбие мен мейірімнің алтын бесігі. Осындай игі шаралар арқылы отбасы бірлігін нығайтып, ұлттық тәрбиені дәріптеу – ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлкен үлес. «Отбасы – бақыт мекені» атты байқау да осы мақсаттың жарқын көрінісіне айналды.

 

Әдемі Жасұланқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале