11.09.2026, 17:15
Оқылды: 7

Мақсарының мың да бір пайдасы бар

Оралдық кәсіпкер Ерлан Бурпиев (суретте) мақсары майын өндіреді.  Алғашында бұл өнімді тек отбасында пайдалану үшін шығаруды ойлаған. Үйде орнатқан шағын жабдықтың көмегімен ай сайын 3 тоннадай май дайындаған. 

 WhatsApp Image 2026-08-21 at 08.59.17

Отандық  өнімді көбейтпек

Мақсары майы туралы естіп-білген көрші-көлемнен де тапсырыстар түсіп, өнім көлемі аздық ете бастаған. Бүгінде «Razzaq West Oil» ЖШС-ның цехы соңғы үлгідегі заманауи неміс технологиясымен жұмыс істейді. Айына 40 тонна май өндіреді.

– Мен май шығаратын цех ашу үшін үш жыл дайындалдым. Осы салаға арналған жабдықтардың 97 пайызының жарамсыз екеніне көзім жетті. Бірақ ғаламторда жарнамалағанда керемет етіп көрсетеді. Қазір мен қолданып отырған жабдықтың құны үш-төрт есе қымбат. Бір білдектің (станок) өзі 11 млн теңге тұрады. Мақсатым – халыққа жоғары сапалы өнім ұсыну. Бүгіндері тұрақты тұтынушыларымыз өте жақсы пікір айтып, разы болуда. Қазіргі мәселе – ағартушылықтың кемшін болуында.
Яғни мақсары майының пайдасы, өзге өсімдік майларынан айырмашылығы жөнінде көп ешкім білмейді. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 120 мың гектардан астам жерге мақсары егіледі. Ал Қазақстан мақсары (safflower) тұқымын өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Бірақ солай бола тұра май түгілі, мақсарының не екенін білмейтіндер бар. Мысалы, өзім Түркияда жиі боламын. Онда кондитерлік және тамақ өнеркәсібі түгел мақсары майын тұтынады. Мақсарының құрамындағы омега-3 және омега-6 дәрумендерінің мөлшері бірдей. Ал шемекі майда омега-3 көп.  Мақсары өте майлы емес. Оны ішсе де, жүрек айнымайды. Қандай тамақты қуырса да, асқазанды қыжылдатпайды. Тағам дәмді болып дайындалады. Біздің өнім дүкен сөрелерінде тұрған рафинадталған өсімдік майларына қарағанда қымбаттау. Қарапайым ғана мысал келтіргім келеді. Қағаз қораптағы шырындар табиғи сусын ретінде бағаланатыны жасырын емес. Сонымен қатар жеміс-жидектерді сығып, сол бойда стақанға құйып сататындар да бар. Ал осы жаңадан сығылған шырын қораптағыдан әлдеқайда қымбаттау болады. Себебі ол – табиғи шырын. Біз де мақсары майын суықтай сығымдау әдісімен өндіреміз. Бұл кезде өнімнің барлық дәрумені, пайдалы майлары мен табиғи дәмі сақталады, – деді кәсіпкер.

Ерлан Қадырұлы егер тұтынушылар саны артса, өнім көлемі де ұлғаяды дейді. Сәйкесінше, майдың құны арзандай береді. Кәсіпкер сығымдалғаннан қалған қалдықты, яғни күнжараны (жмых) да кәдеге жаратып, құрама жем өндіруді жоспарлап отыр. Бүгінде мақсары майы Оралдан асып, Ақтау, Ақтөбе, Астана, Жезқазған, Құлсары, Жаңаөзен, Атырау және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Кәсіпкер мақсарыны жергілікті шаруалардан сатып алады екен. Оның айтуынша, дәнінің майлылығы орташа есеппен 28-39%-ға жетеді. Ал бір тонна мақсарыдан 230-240 литр май алынады.

Өндірісті ұлғайтуды мақсат еткен кәсіпкер Түркия, Қытай инвесторларымен де кездескен. Бірақ әріптестіктен бас тартқан. Себебі инвесторлар өндірісті тікелей қаржыландырмай, өнімді шетелге экспорттауды көздейді. Ал Ерлан Бурпиев кәсібін аяққа нық тұрғызып, ішкі нарықтан ойып тұрып орын алғысы келеді. Ерлан Қадырұлы 30 сотық жер алмақ болып, аукционға да қатысқан. Жердің бағасы 6 млн теңгеге дейін көтерілген соң, бас тартқан. Кейін бір адамнан 25 сотық жер сатып алған. Кәсіпкер «Жұмыс істеп тұрған өндіріске жер алуға және инфрақұрылым жүргізуге қолжетімді механизм неге ойластырылмайды екен?» дейді. Себебі қаражаттың көбі жер сатып алуға, оны дайындауға жұмсалады деп отыр. Мәселен, кәсіпкер электр желісін тарту үшін 6 млн теңгедей жұмсаған. Енді газ құбырын тартуға осынша қаражат керек. Бүгінде кәсіпкер жеті адамды жұмысқа орналастырған. Өндірісті ұлғайтқан соң, жұмыс күшін екі есе арттырып, өнім көлемін де көбейтпек.

Мақсары егетіндер көбейді

Облыстағы мақсары алқабының биылғы көлемі – 118 мың 100 гектар. Былтыр 72 мың 400 гектар жерге егілген дақылдан 61 570 тонна өнім алынған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситқазиевтың айтуынша, өнімдер Қытай, Польша секілді Еуропа елдеріне экспортталған. Жалпы өңірде аталған майлы дақылды егетін фермерлердің саны артқан. Мысалы, 2025 жылы 120 шаруашылық мақсары ексе, биыл олардың қатарына 26 шаруа қосылған. «Себебі мақсары қуаңшылыққа төзімді. Әрі оған шетелден сұраныс өте жоғары», – деді Б. Ситқазиев.

Осы басқарманың егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айжан Шинбаева да дақылдың тұқымы мен майына ішкі нарықта да, экспорттық нарықта да тұрақты сұраныс бар дейді.

– Қазақстан әлемде мақсары өндіруші негізгі елдердің бірі саналады.  Мақсары (Carthamus tinctorius) – майлы әрі техникалық дақыл. Тұқымынан тағамдық және техникалық май өндіріледі, күнжарасы мал азығына пайдаланылады. Құрғақшылыққа өте төзімді өсімдіктің майлылығы жоғары (30-40%). Суармалы жерге мұқтаж емес. Құрғақ әрі жылы климатта жақсы өседі. Батыс Қазақстанның қуаң далалық аймақтарына бейімделген. Қара, қара-қоңыр және жеңіл саздақ, жақсы дренаждалған топырақта өседі. Мақсары қанықпаған май қышқылдарына бай, Е дәруменінің көзі, тағам және косметика өндірісінде кең қолданылады. Қорыта айтсам, ол – облыстың қуаң климатында тұрақты өнім бере алатын, су үнемдейтін әрі нарықтық сұранысы жоғары майлы дақыл. Дұрыс агротехнология қолданылған жағдайда шаруашылықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді бас маман.

«Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС ғалымдарының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан әлемге мақсарының 58,7%-ын шығарса,  Ресей өнімі – 35,0%. Бүгіндері дүниежүзінде мақсары алқабының көлемі бір миллион гектардан асқан. Ол Египетте, Испанияда, Қытайда, АҚШ-та, Оңтүстік Америкада және Африкада, бұрынғы КСРО елдері арасында Кавказда, Украинада, Түрікменстанда және Өзбекстанда өсіріледі. Статистикаға сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда мақсары егістігінің жалпы ауданы 376,97 мың гектар болған. Ал орташа өнімділік (2019-2024) гектарына 6,8 центнерді құрады. Елде мақсарының негізгі егістік алқаптары Қостанай облысында орналасқан – 155 155,6 га (21%). Одан кейін Түркістан облысында – 68 818,4 га (15,3%), Батыс Қазақстан облысында – 47 019,7 га (26,5%), Жамбыл облысында – 30 959,3 га (49,7%) және Ақтөбе облысында – 25 651,0 га. Алматы облысында мақсары егістік алқабы 28%-ға азайып, 7 704,0 гектарды  құрады.

Соңғы алты жылда облыста егістік алқаптардағы мақсарының үлесі 47 000 гектардан 74 300 гектарға дейін өсіп, көрсеткіш артып келеді. 2022 жылы мақсары алқабы 124 000 гектарға жеткен. Қазіргі уақытта бұл дақыл тұқымы үшін өсіріледі. Одан тағамдық май өндіреді. Ғалымдардың айтуынша, өңірдегі мақсары тұқымының майлылығын 30-38%-ға жеткізуге мүмкіндік бар. Облыста мақсарының «Центр 70», «Ершовский 4», «Нұрлан» сорттары  аудандастырылған.

Ғалымдар не дейді?

Қазақстандық ғалымдардың мақсары майын зерттеген ғылыми еңбектерін шолып көрдік. Мысалы, медицина саласының ғалымдары «Мақсары тұқымынан (Carthamus tinctorius L.) көз тамшысын алудың тәсілі», «Мақсары гүлінен көзге арналған эмульсияны алудың тәсілі» деген өнертабыстарға патент алған. Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалым-оқытушылары М. Какимов, Ж. Сатаева, Б. Искаков және Т. Маратова мақсары май қышқылдарының құрамын зерттеген. Ғылыми еңбек Торайғыров университетінде шығатын «Қазақстан ғылымы мен техникасы» журналының 2021 жылғы 1-санында жарияланған. Ғалымдардың айтуынша, бүкіл әлемде мақсары негізінен тамақ пісіретін май, салатқа қосу үшін және маргарин алу үшін өсіріледі. Тағамдық құндылығы бойынша ол зәйтүн майына ұқсас, құрамында линол немесе олеин қышқылы көп. Мақсары майы, әсіресе Солтүстік Америка, Германия және Жапонияда пайдалы тағамдардың маңызды нарығына ие. Мақта, күнбағыс, соя майларымен салыстырғанда, мақсары майы полиқанықпаған майлардың көптігімен, атап айтқанда, F дәрумені деп аталатын линол қышқылының молдығымен сипатталады.

WhatsApp Image 2026-08-21 at 08.59.17 (2)

Ғылыми мақалаға сүйенсек, дақылдың құрамындағы полиқанықпаған май қышқылдары (линол, линолен және арахидон) қабынуға қарсы әсерге ие. Атеросклероздың алдын алуға және емдеуге жақсы көмектеседі, кейбір тері ауруларын емдейді. Олар шаш тамырларын нығайтады, теріні күннің ультракүлгін сәулесінен қорғайды, жараларды жазады. F дәрумені жасуша мембраналарын нығайтады, терідегі ылғалды сақтайды, әжімдермен күреседі. Сондықтан ол әртүрлі ылғалдандырғыштар мен теріге арналған маскалар құрамында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар F дәрумені целлюлиттен арылуға көмектеседі. Какао ұнтағы бұл дәруменге өте бай. F дәрумені көбінесе бейресми түрде «жастық дәрумені» деп аталады екен. Ал ол жетіспесе, тері қатты зардап шегеді. Жаралар шығып, кейбір жерде тіпті некроз пайда болып, терінің пигментациясы бұзылады. Өйткені меланин қалыпты бөлінбейді.

Ғалымдар мақсары майының құрамындағы қанықпаған май қышқылдары денеге оңай сіңеді және қан тамырларының қабырғаларына жиналмайды дейді. Олардың айтуынша, мақсары майының жоғары олеинді және жоғары линолды деген екі түрі бар. Екеуінде де қанықпаған май қышқылдары бар. Зәйтүн майы сияқты, олеин қышқылының мөлшері жоғары мақсары майының құрамында моноқанықпаған майлар бар. Бұл жоғары температурада тамақ пісіруге ыңғайлы. Ал құрамында линол қышқылы көп мақсары майы көп мөлшерде қанықпаған майлардан тұрады. Ол тамақты жылытуға жарамайды, бірақ салаттарға қосуға өте қолайлы. Дақылды зерттеген ғалымдар мақсарыны пайдалануды кеңінен насихаттау қажет, қазақстандық нарықта өсімдік майларының түрлерін кеңейту керек деп есептейді.

Ясипа  Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале