ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 қазанынан бастап елімізде жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету тәсілдерін жетілдіру бойынша пилоттық жоба іске қосылады.

Фото: pixabay.com
Жоба аясында мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мамандарының жұмысы жаңарып, азаматтарды жұмысқа орналастыру сапасын арттыруға басымдық беріледі.
Басты өзгерістердің бірі – жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу кезеңінің 13 күнге ұзартылуы. Бұл уақытта мамандар азаматтың тәжірибесі мен қажеттіліктерін анықтап, бос жұмыс орындарын іріктейді.
Сондай-ақ пилоттық кезеңде әлеуметтік төлемдер қолданыстағы тәртіппен төленетіні атап өтілді, ал заңнамадағы басқа да түзетулер мен төлем мерзіміне қатысты өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.