15.09.2026, 15:45
Оқылды: 19

Ел абыройын асырған спортшылар құрметтелді

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ муайтайдан әлем чемпионын қабылдады. Аймақ басшысы спортшылар мен бапкерлерді жарқын жеңістерімен құттықтап, олардың халықаралық бәсекелерде ел мерейін үстем еткенін атап өтті.

 WhatsApp Image 2026-09-15 at 16.35.05 (1)

Көшпенділер ойындары – кеше мен бүгінді жалғаған алтын арқау, ат үстіндегі халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртатын жаһандық деңгейдегі бірегей мереке. Білектілер мен жүректілер ел намысын қорғап, сынға түсті. Дала додасында дараланған сіздер – біздің мақтанышымызсыздар! – деді Нариман Төреғалиев.

WhatsApp Image 2026-09-15 at 16.35.05 (3)

Биылғы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 мемлекеттен 3 мыңға жуық өкіл қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 150-ден астам спортшы ел намысын қорғап, 74 медаль жеңіп алды және жалпыкомандалық есепте көш бастады. Ұлттық құрама сапында Батыс Қазақстан облысынан 7 спортшы өнер көрсетті.

WhatsApp Image 2026-09-15 at 16.35.05 (2)

Жерлестеріміз дүбірлі додада төрт медаль иеленді. Санжар Өмекей 12 шақырымдық құнан бәйгеде топ жарып, жеңімпаз атанды. Дәстүрлі садақ атудан Әсемгүл Ғалымжанова «Орта Азия» нысанасы бойынша 40 метр қашықтықтағы сайыста алтын медаль жеңіп алды. Жамбы атудың мажар стилінде Аружан Ықсан күміс жүлдеге қол жеткізсе, Еркебұлан Нығмет самбодан 76 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді. Ал Косова Республикасының Пея қаласында өткен 24 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы муайтайдан әлем чемпионатында Ерлан Шамарданов 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

WhatsApp Image 2026-09-15 at 16.35.05 (4)

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен бапкерлерді қабылдап, жарқын жеңістерімен құттықтады. Кездесуде батысқазақстандық спортшылар да жоғары құрметке ие болды. Дәстүрлі садақ атудан жеңімпаз атанған Әсемгүл Ғалымжанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, жас шабандоз Санжар Өмекейге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты табысталды.

WhatsApp Image 2026-09-15 at 16.35.04 (1)

Кездесу соңында облыс әкімі спортшылар мен олардың бапкерлеріне алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

 

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

WhatsApp Image 2026-09-15 at 16.35.05 WhatsApp Image 2026-09-15 at 16.35.04

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале