15.09.2026, 18:15
Оқылды: 12

БҚО комиссия мүшелері Тасқаладағы Отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысты

Батыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері Татьяна Рогозина мен Назгүл Қуанышалиева Тасқала ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты - аудандық Отбасын қолдау орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, оның жұмыс бағыттарын саралау, орталықтың мүмкіндіктерін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен цифрлық арналар арқылы халыққа кеңінен таныстыру және отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстардың нәтижелілігін бағалау.

отбасын қолдау орталығы (3)

Комиссия өкілдері аудандық Отбасын қолдау орталығына барып, мекеменің күнделікті жұмысымен танысты. Қонақтарға орталықтың негізгі қызмет бағыттары, отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік және құқықтық көмек түрлері, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен жүргізілетін жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берілді. Ұжым мүшелерімен кездесуде мамандардың атқарып жүрген жұмыстары мен тәжірибесі де назардан тыс қалмады.

Бүгінде Отбасын қолдау орталығы - әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдемдесетін мекеме ғана емес, отбасы берекесін сақтауға ықпал ететін маңызды әлеуметтік алаң. Мұнда ажырасудың алдын алу, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыру, жас отбасыларға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Әрбір отбасының жағдайы жеке қарастырылып, мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған нақты көмек көрсетуге басымдық беріледі.

Отбасы құндылықтарын насихаттауда аудандық әжелер алқасымен бірлескен шаралардың да орны ерекше. Қашанда ақылдың кені, тәрбиенің бастауы болған ақ жаулықты әжелер жастарға өмірлік тәжірибесін ұсынып, салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиені дәріптеуге өз үлестерін қосып келеді. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың үлкенді сыйлап, отбасылық жауапкершілікті терең түсінуіне ықпал ететіні сөзсіз.

Орталық мамандарының еңбегінің нәтижесін нақты өмірден көруге болады. Мәселен, көмекке жүгінген азаматтардың біріне қажетті құжаттарын реттеуге қолдау көрсетіліп, баспаналы болуына және жұмысқа орналасуына ықпал жасалған. Бүгінде ол өз кәсібін дамытып, қолөнермен айналысып жүр. Жұмыс сапары барысында аталған азамат өзінің өнерін таныстырып, іс тігу және тоқыма бұйымдарын әзірлеу бойынша шеберлік сағатын өткізді.

Бұл -  бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, үлкен өзгерістің жарқын мысалы. Өйткені кейде адамға өмірін қайта бастау үшін бір ауыз жылы сөз, дұрыс бағыт және дер кезінде көрсетілген нақты қолдау жеткілікті. Отбасын қолдау орталығының жұмысы осындай азаматтарға қиындықты еңсеріп, өз күшіне қайта сенуге мүмкіндік береді.

Мұндай мысалдар орталық қызметінің тек кеңес берумен шектелмейтінін көрсетеді. Мұнда әр адамның мәселесі жіті зерделеніп, оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар атқарылады. Қажетті құжаттарды рәсімдеуден бастап, жұмыспен қамтуға, баспана мәселесін шешуге дейінгі кешенді қолдау - орталық жұмысының нақты нәтижесін көрсетеді.

Кездесу барысында жергілікті атқарушы органдардың отбасылық-демографиялық саясат саласында жүзеге асырып жатқан шараларының тиімділігі де сараланды. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты жетілдіру және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Себебі отбасы мәселесі бір ғана мекеменің міндеті емес, бірнеше саланың өзара үйлесімді жұмысын қажет ететін ортақ бағыт.

отбасын қолдау орталығы (2)

Бүгінде қоғамдағы әлеуметтік ахуалға отбасының әл-ауқаты тікелей әсер етеді. Берекесі қашпаған шаңырақта тәрбиеленген бала да болашаққа сеніммен қарайды. Ал қиындыққа тап болған отбасыға дер кезінде қолдау көрсету - көптеген әлеуметтік мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан Отбасын қолдау орталығы секілді мекемелердің жұмысы қоғам үшін аса маңызды.

Жалпы, аудандық Отбасын қолдау орталығы - отбасыларға қиын кезеңнен шығуға жәрдемдесетін, жастарға бағыт-бағдар беретін, отбасы құндылықтарын дәріптейтін маңызды әлеуметтік орта. Мұндағы басты мақсат - әр шаңырақтың берекесін сақтап, отбасылық қиындықтардың алдын алу, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету және қоғамдағы отбасы институтының мәртебесін нығайту.

Отбасы берік болса - қоғам да мығым. Шаңырақтың тыныштығы мен бала күлкісі - елдің ең асыл байлығы. Сондықтан әр отбасыға көрсетілген қолдау - бір әулетке ғана емес, тұтас қоғамның болашағына жасалған қамқорлық. Сондықтан,  берекелі шаңырақ көбейген сайын, берік қоғамның да іргесі беки түспек.

Бекжан Бақытжан,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале