16.09.2026, 12:15
Оқылды: 6

Суық тию маусымы жақын: дәрігерлер қазақстандықтарға вирустардан қорғану жолдарын айтты

Күз келуімен Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың маусымдық өршуі басталады. Дәрігерлер бұл аурулардан толық қорғану мүмкін емес екенін, алайда жұқтыру қаупі мен асқыну ықтималдығын азайту әбден мүмкін екенін айтады - деп жазды tengrinews.kz

бала ауруыСурет: сайт архивінен

Профилактикалық шаралардың қайсысы шынымен тиімді, вакцинаны қашан салдыру керек және сарымсақ, цитрус жемістері мен шынығу суық тиюден қорғай ала ма деген сұрақтарға Tengri Health тілшісіне Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары жауап берді.

Қазақстанда ЖРВИ-дің 205 мыңнан астам жағдайы тіркелді

Мамандардың мәліметінше, 2026 жылдың шілде соңынан қыркүйек басына дейін Қазақстанда ЖРВИ-дің 205 231 жағдайы тіркелген. Сарапшылар бұл көрсеткіштің өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,2 пайызға төмен екенін атап өтті.

 Ауырғандардың жартысынан көбі - 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың үлесіне барлық жағдайдың 57,3 пайызы немесе 117 538 науқас тиесілі. Оның ішінде 12 760-ы - бір жасқа дейінгі сәбилер.

Мамандардың ақпараты бойынша, зертханалық мониторинг 2025-2026 жылғы эпидемиологиялық маусымда тұмау емес респираторлық вирустар арасында риновирустардың жиі анықталғанын көрсеткен.

Анықтама: Риновирустар - бұл үйреншікті суық тию мен ЖРВИ-дің ең көп тараған себептерінің бірі болатын вирустар тобы. Олар негізінен жоғарғы тыныс жолдарын - мұрын мен тамақты зақымдайды. Дәл осы риновирустар суық тию ауруларын жиі қоздырады.

2025 жылдың шілде айының соңынан қыркүйек айының басына дейін олар зертханалық түрде расталған барлық оң нәтиженің 37,8 пайызын құрады.

Одан кейінгі орындарда:

  • коронавирустар - 18,9 пайыз,
  • аденовирустар - 17,6 пайыз,
  • парагрипп вирустары - 14,9 пайыз,
  • бокавирус - 6,8 пайыз,
  • РС-вирус - 4,1 пайыз.

Бұл ретте айналымдағы вирустардың құрамы апта сайын өзгеріп отырған.

Қазақстандағы тұмау мен коронавирусқа қатысты жағдай қандай?

Қазақстанда SARS-CoV-2 (COVID-19 ауруын тудыратын вирустың атауы) айналымы сақталып отыр, бірақ коронавируспен ауыру деңгейі төмен, дейді сарапшылар.

Осы жазда дәрігерлер жағдайлар көбейгенімен, олардың расталған саны өте аз екенін атап өтті:

  • маусымда - сегіз,
  • шілдеде - 10,
  • тамызда - 14.

Қыркүйекте ауру көрсеткіші төмендей бастады: сегіз жағдай тіркелді.

"Яғни, қазір COVID-19-дың айқын эпидемиялық көтерілуі байқалмайды", - деп атап өтті ұлттық орталықтағылар.

Жаңа эпидемиялық маусымда Қазақстанда тұмау жағдайлары да әзірге тіркелген жоқ. Бірақ қазір оның жоқтығы алдағы апталарда вирус пайда болмайды дегенді білдірмейді - мамандар зертханалық және эпидемиологиялық қадағалауды жалғастырады.

"Бір қарағанда қарапайым көрінетін респираторлық инфекцияның өзі қауіп тобындағы адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін еске саламыз", - деп ескертті дәрігерлер.

Денсаулық жағдайын бақылау кімдер үшін аса маңызды?

Жоғары қауіп тобына мыналар жатады:

  • кішкентай балалар, әсіресе сәбилер;
  • жүкті әйелдер мен ересек жастағы адамдар;
  • иммундық тапшылығы бар адамдар;
  • иммуносупрессивті терапия алатын пациенттер;
  • онкологиялық аурулары және қант диабеті бар адамдар;
  • жүрек-қан тамырлары, бүйрек, бауыр, өкпе созылмалы аурулары бар пациенттер.

"Жас мөлшері, иммундық жүйенің күйі және қосымша аурулардың болуы респираторлық инфекцияның ауыр өту қаупіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда ЖРВИ мен тұмау зардапсыз өткенімен, кейде инфекция пневмонияға, отитке және синуситтің ауыр түрлеріне әкелуі мүмкін", - деп атап көрсетеді сарапшылар.

Сондықтан мамандар қауіп тобындағы адамдарға аурудың басы қарапайым суық тиюге ұқсаса да, медициналық көмекке уақтылы жүгінуге кеңес береді.

Тұмаудан басты қорғаныс - вакцинация

Сарапшылардың айтуынша, ЖРВИ мұрынның бітелуінен, тамақтың қышуынан немесе ауруынан және жөтелден басталып, кейін дене қызуы көтерілуі мүмкін.

Тұмау көбінесе ағзаны кенеттен "басады": дене қызуы тез көтеріледі, қалтырау, қатты әлсіздік, бас пен бұлшықет ауруы, сондай-ақ буын-сүйектің сырқырауы пайда болады.

Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы - вакцинация. Дәрігерлер ағзаның қорғаныс қабілетін қалыптастырып үлгеруі үшін екпені суық тию маусымы басталғанға дейін алуға кеңес береді.

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация науқаны 15 қыркүйекте басталды. Екпені тіркелген жері бойынша алуға болады.

Келесі санаттағы тұлғалар тегін вакцинацияланады:

  • медицина қызметкерлері;
  • диспансерлік есепте тұрған балалар;
  • тиісті ұйымдарда білім алатын немесе тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар;
  • қарттар үйінде тұратын адамдар;
  • мүгедектігі бар адамдар.

Екпені ақылы негізде де алуға болады.

Сарапшылар вакцинаның дәл осы тұмаудан қорғайтынын баса айтады. Ол риновирус, аденовирус, парагрипп, РС-вирус және ЖРВИ-дің басқа да қоздырғыштарын жұқтырудан сақтамайды.

Сондықтан тек вакцинация жеткіліксіз. Мамандар оны үйреншікті алдын алу шараларымен ұштастыруға кеңес береді.

Алдын алудың негізгі шаралары

Дәрігерлер көпшілікке таныс сақтық шараларын еске салады: қолды жиі жуу керек, егер қол лас болса, мұрынға, ауызға және көзге тигізбеу қажет. Бұл - вирустың таралу жолдарының бірі.

"Мүмкіндігінше респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу, ауру өршіген кезеңде адам көп жиналатын жерлерге сирек бару керек. Медициналық маска тағу да алдын алу шараларының бірі болып қала береді", - деп тізіп өтті сарапшылар.

Егер ауырып қалсаңыз, үйде болған және өзге адамдармен байланысты шектеген дұрыс. Бөлмені жүйелі түрде желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп тұру қажет.

Сарымсақ, цитрустық жемістер мен шынығу көмектесе ме?

Суық тию маусымында көбісі иммунитетті алдын ала нығайтуға тырысып, сарымсақ, цитрустық жемістер мен басқа да өнімдерді көбірек тұтынады.

Дәрігерлер мұндай өнімдердің расында да пайдалы рационның бір бөлігі бола алатынын, бірақ олардың өздігінен тұмау немесе ЖРВИ жұқтырудан сақтай алмайтынын және вакцинацияны алмастырмайтынын айтады.

"Жеміс-жидектер мен көкөністер дәрумендер мен микроэлементтерге бай, сондықтан олар рационда тұрақты түрде болуы тиіс. Олардың қатарына жоғарыда аталған пияз, сарымсақ, цитрустық жемістер, қарақат пен ашытылған қырыққабат жатады".

Тағы бір танымал әдіс - шынығу. Мамандар бұл да салауатты өмір салтының бір бөлігі болуы мүмкін екенін, бірақ мұндай процедураларды біртіндеп бастап, жүйелі түрде жүргізу керектігін айтады.

"Ауру кезінде қарқынды шынығу процедураларын бастауға немесе олар вирустық инфекциялардан толық қорғайды деп сенуге болмайды", - деп ескертті қазақстандықтарға.

Қорытындылай келе, дәрігерлер базалық әдеттерді ұмытпауға кеңес берді: дұрыс тамақтану, ұйқы мен демалыс режимін сақтау, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу және физикалық белсенділікті сақтау.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале