16.09.2026, 9:30
Оқылды: 20

Сеулде Қазақстан киносы күндері басталды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Сеулде Қазақстан киносы күндері басталды. Кореялық көрерменге «Томирис», «Паралимпиец» және «Алматы, я люблю тебя» фильмдері ұсынылды.

183a9d177b0a1c9c822f31feb44e2819517d1f7e871778f40c70b95df681d844_1280x720

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Корея мәдениет қауымдастығының президенті Самуэль Чон, сондай-ақ Қазақстанның кино саласының өкілдері қатысты.

Арман Қырықбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, мәдени байланыстардың айрықша маңызына тоқталды.

«Бүгінде Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас көптеген бағытта, соның ішінде мәдениет саласында да қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысының Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында ауқымды мәдени бағдарлама ұйымдастырылып отыр. Бағдарлама бойынша Қазақстан киносы күндерімен қатар, Сеулде Kazakhstan–Korea Cultural Village фестивалі өтеді. Онда Қазақстанның мәдени мұрасы, дәстүрлі және заманауи өнері таныстырылады. Бұл іс-шаралар мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа тың серпін беріп, халықтарымызды одан әрі жақындастыра түсетініне сенімдімін», – деді Арман Қырықбаев.

Кино өнері – екі елдің мәдени байланысындағы маңызды бағыттардың бірі. Қазақстандық фильмдер Корея Республикасында өтетін ірі халықаралық кинофестивальдердің бағдарламасынан тұрақты орын алып келеді. Мәселен, 2025 жылы режиссер Жаннат Әлшанованың «Победителей видно на старте» фильмі Пусан халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енді.

Сеулде көрсетілген туындылар Қазақстанның сан қырлы болмысын танытады. «Томирис» тарихи драмасы Ұлы дала мұрасын арқау етсе, «Алматы, я люблю тебя» заманауи қаланың тыныс-тіршілігін көрсетеді. Ал «Паралимпиец» өмірдің ауыр сынақтарына мойымай, қиындықтарды еңсере білген жанның тағдырын баяндайды.

051f0ff5cf9c0053fc0c28624e0d6afb7f6f3e13277bd76d4a23584ece638065_1280x720

Бағдарлама аясында Қазақстанның кино саласының өкілдері кореялық көрерменмен кездесіп, фильмдердің түсірілу тарихы мен еліміздегі кино өнерінің дамуы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ тараптар екі елдің кино мамандары арасындағы кәсіби және шығармашылық байланысты одан әрі кеңейтудің мүмкіндіктерін талқылады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале