16.09.2026, 12:30
Оқылды: 6

БҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған екі азамат масаң күйде рөлге отырған

Батыс Қазақстан облысында көлік басқару құқығынан айырылған екі азамат масаң күйде рөлге отырып, көлік басқарғаны үшін ұсталды.

Полиция ЖП

12 қыркүйек күні сағат 21:00 шамасында Орал - Озинки автожолында полиция қызметкерлері "ВАЗ-21112" автокөлігін тоқтатқан.

Рөлде отырған 1987 жылы туған жүргізушіден масаңдық белгілері байқалған. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

Тексеру барысында жүргізушінің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Сондай-ақ 11 қыркүйек күні сағат 10:58 шамасында полиция қызметкерлері Гагарин көшесіндегі ғимараттардың бірінің маңында "Mitsubishi Outlander" автокөлігін тоқтатқан. 1979 жылы туған жүргізуші медициналық куәландырудан өткізілді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, оның есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізушінің сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Полиция азаматтарға масаң күйде көлік басқармауды және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Көлік басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде қайтадан рөлге отыруы – заң талаптарын өрескел бұзу ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін әрекет.

Масаң күйде көлік жүргізбеңіз! Рөлге отырмас бұрын өз өміріңізбен қатар, өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігін де ойлаңыз.

Ақпарат көзі Polisia.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале