Бүгін ауданымызда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны таза ұстау, туған өлкенің көркін арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеген игі іске ауданның бөлімдері мен мекеме қызметкерлері белсене қатысты.

Сенбілік барысында қызметкерлер көшелер мен қоғамдық орындардың, саябақтар мен мекеме аумақтарының тазалығына назар аударып, шашылған қоқыстарды жинап, арамшөптерді отап, айналаны ретке келтірді. Бірі күрек ұстап, бірі тырмамен тазалық жұмыстарына атсалысып, ортақ іске ұйымшылдықпен үлес қосты.

"Таза Қазақстан" бір күндік науқан ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыратын маңызды бастама. Өйткені тазалық ең алдымен адамның өз ауласына, өз көшесіне, өзі өмір сүретін ортасына деген жанашырлығынан басталады.

Сенбілікке қатысушылар да туған жердің тазалығы мен көркеюі әр азаматтың ортақ міндеті екенін көрсетті. Аудан аумағын абаттандыруға бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Туған жердің әрбір тал-шыбығы мен әрбір көшесінің тазалығы елге деген құрметтің көрінісі. Сондықтан қоршаған ортаны аялау, тазалықты сақтау баршаға ортақ парыз.
С.Тыныс
Шыңғырлау ауданы