16.09.2026, 16:45
Оқылды: 13

І орын - Бөрлі ауданында!

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы озық педагогикалық тәжірибені қолдау, әдістемелік жұмыстың сапасын арттыру және мектепке дейінгі ұйым әдіскерлерінің кәсіби шеберлігін дамыту мақсатында «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. 

8fefc6cf-9c94-48b4-a356-fd6f5b534215

Шара 11 қыркүйек күні Орал қаласының №21 “Алпамыс” бөбекжайында өткен болатын. Сайыстың барлық кезеңдері офлайн форматта ұйымдастырылды. Қатысушыларға мектепке дейінгі ұйымның ағымдағы оқу жылына арналған әдістемелік жұмыс жоспарын заманауи технологияларды кіріктіре отырып қорғау міндеті қойылды. Әр әдіскер өз жұмысын 5 минутқа дейінгі уақыт аралығында таныстырып, кәсіби білімі мен біліктілігін, шығармашылық ізденісін және әдістемелік шеберлігін көрсетті. Шара барысында облыстың әр өңірінен келген білікті мамандар өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, мектепке дейінгі білім беру саласындағы заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану бағытындағы жұмыстарын таныстырды. Қатысушылар үшін бұл кәсіби тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен толыққан тағылымды алаңға айналды.

Сайыс қорытындысы бойынша Ақсай қаласының №9 «Наурыз» бөбекжайының әдіскері Гүлмира Телегенова І орынға ие болып, Бөрлі ауданының мерейін үстем етті. Жеңімпаздың айтуынша, байқауға дайындық кезеңінің өзі кәсіби тұрғыдан үлкен тәжірибе берген.

«Бұл күн мен үшін ерекше толғанысқа, қуанышқа және үлкен әсерге толы күн болды. Облыстық «Жыл әдіскері» байқауына қатысып, І орын иеленуім – еңбегімнің бағаланғанын сезіндіріп, кәсіби жолымдағы маңызды белестердің біріне айналды. Байқауға дайындық барысында өз жұмысымды қайта саралап, жетістіктерім мен ізденістерімді жүйелеп, жаңа идеяларымды жетілдіруге мүмкіндік алдым. Облыстың әр өңірінен келген білікті әдіскерлермен тәжірибе алмасып, олардың жаңашыл идеялары мен кәсіби ізденістерін көру ерекше әсер қалдырды. Әр қатысушының еңбегінен өзіме қажетті дүние алып, жаңа ой түйдім», – дейді Гульмира Оңғарбайқызы.

Әдіскер байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған мамандарға да ризашылығын білдірді.

«Бізге осындай байқауда өз бағымызды сынап, іс-тәжірибемізбен алмасуға мүмкіндік берген Облыстық әдістемелік орталығының мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бөлімінің басшысы мен әдіскерлеріне алғысымды білдіремін. Сонымен қатар байқауды ұйымдастырған Орал қаласындағы «Алпамыс» бөбекжайының ұжымына көп-көп рақмет! Байқау жоғары дәрежеде өтті», – деп атап өтті жеңімпаз.

Жоғары нәтиже – Телегенова Гүлмира Оңғарбайқызының кәсіби шеберлігі мен үздіксіз ізденісінің, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуінің және мектепке дейінгі білім беру саласына қосқан еңбегінің нәтижесі. Бөрлі ауданының мектепке дейінгі білім беру саласының мамандары үшін бұл жеңіс – кәсіби ізденістің, сапалы еңбектің және жаңашылдыққа ұмтылыстың жарқын көрінісі.

Анаргүл Кушербаева

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале