16.09.2026, 17:45
Оқылды: 8

АТК: Білім мен тәжірибе алаңы

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бүгінде еңбек нарығына қажетті жұмысшы және техникалық мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Жастарға теориялық білім беріп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік жасайтын мұндай оқу орындарының қоғамдағы орны ерекше.

АТК (13)

Бүгінде елімізде 763 колледж жұмыс істейді. Оның 435-і мемлекеттік болса, 328-і жекеменшік оқу орны. Бөрлі ауданында да жастарға кәсіптік білім беретін екі колледж бар. Оның бірі - Ақсай техникалық колледжі болса, екіншісі - Бөрлі колледжі.

Бүгінгі мақаламыз - талай жылдық тарихы бар, өңірдегі техникалық кадрларды даярлауға өзіндік үлесін қосып келе жатқан Ақсай техникалық колледжіне арналмақ.

АТК (3)

Тарихы терең білім ордасы

Ақсай техникалық колледжінің тарихы 1958 жылдан басталады. Алғашқыда оқу орны Теректі ауданының Буденов ауылындағы №99 машина-трактор станциясы негізінде құрылған. Аталған оқу орны 1981 жылы Ақсай қаласына көшірілді. Жылдар өте оқу орнының атауы мен мәртебесі бірнеше рет өзгеріп, 2012 жылдан бері Ақсай техникалық колледжі ретінде жұмысын жалғастырып келеді.

Колледжге негізгі орта білім негізінде, яғни 9-сыныптан кейін қабылдау жүргізіледі. Оқу мерзімі - үш жыл. Қазіргі таңда колледжде бес бағыт бойынша мамандар даярланады. Олар - электр жабдықтары, дәнекерлеу ісі, мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы, тамақтандыруды ұйымдастыру, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану.

Білім ордасында түрлі әлеуметтік санаттағы жастар білім алуда. Олардың қатарында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар бар.

Студенттер мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін білім алады. Оқудың алғашқы төрт айында, яғни қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айларында барлық студентке шәкіртақы төленеді. Кейін семестр қорытындысы бойынша оқу үлгерімі жақсы, бағалары «4» пен «5» болған студенттер шәкіртақы алуын жалғастырады.

Бүгінде колледжде 293 студент білім алуда. Оның 195-і жұмысшы біліктіліктері бойынша білім алса, 98-і орта буын мамандықтарын меңгеруде. Биыл колледждің бірінші курсында 105 студент білім алуда. Ал колледж тарихында осы уақытқа дейін 17 мыңнан астам жас білім алып шыққан екен.

Қазіргі уақытта студенттерге 38 педагог дәріс береді. Оның ішінде сегізі – өндірістік оқыту шеберлері.

АТК (2)

Теория мен тәжірибені ұштастырған оқу орны

Ақсай ехникалық колледжінде студенттердің алған білімін тәжірибе жүзінде шыңдауына ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта ауданымыздағы бірқатар мекемелермен өндірістік практика ұйымдастыру жөнінде келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар дуалды оқыту жүйесі де жолға қойылған.

  • Дуалды оқыту кезінде білім алушының оқу уақытының 40 пайызы теорияға, 60 пайызы практикалық оқуға бөлінеді. Алдымен тәжірибені колледждің оқу зертханаларында өткіземіз. Кейін студенттерді тиісті мекемелерге практикаға жібереміз. Колледжде оқу зертханалары, электр монтаждау және слесарьлық шеберханалар, дәнекерлеу ісінің зертханасы бар, - дейді Ақсай техникалық колледжі оқу өндірісі ісі жөніндегі директордың орынбасары Дамира Мурзаева

Оқу орнында дәнекерлеу ісі мамандығына да қажетті жағдай жасалған. 2021 жылы «Жас маман» республикалық бағдарламасы аясында колледжге дәнекерлеу аппараттары алынса, 2024 жылдан бері «КПО б.в.» компаниясы да бұл бағыттағы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қолдау көрсетіп келеді.

Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне аудан кәсіпорындары мен қоғамдық тамақтану орындары да ықпал етуде. Мәселен, аспаздық мамандығының студенттері Ақсай қаласындағы «Самал», «Арман», «Мерей» мейрамханалары мен «Marko Polo» қонақ үйлерінде және «DoDo pizza» пиццериясында тәжірибеден өтеді.

Дәнекерлеу ісі мамандығының студенттері «АқсайАвтоТранс», «Гарант Комплекс» мекемелерімен, мұнай-газ бағыты бойынша білім алушылар «Конденсат» компаниясында, ал электриктер «АқсайГазПромЭнерго» ЖШС мекемелерінде тәжірибеден өтеді.

Тәжірибе кезінде өздерін жақсы қырынан көрсеткен студенттерді аталған мекемелер жазғы демалыс уақытында немесе сабақтан кейін жұмысқа шақырады. Кейбір түлектер оқуын аяқтаған соң осы мекемелерде тұрақты еңбек жолын жалғастырады.

  • Біз барлық мамандық бойынша студенттерді өндірістік практикамен қамтып отырмыз. Олардың алған теориялық білімін тәжірибеде бекітуіне барынша жағдай жасауға тырысамыз, - дейді Дамира Бауыржанқызы.

АТК (8)

Кеше – студент, бүгін - маман

Колледж ұжымы студенттердің оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуына да ерекше мән береді. Қорытынды аттестаттау емтихандарына жұмыс берушілер комиссия мүшесі ретінде шақырылып, студенттердің кәсіби дайындығын бағалайды. Сонымен қатар жұмыс берушілер өз кәсіпорындарына қажетті мамандарды таңдай алады.

Колледж аудандық «Мансап» орталығымен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Орталық мамандары студенттермен кездесулер өткізіп, мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіреді. Соның ішінде кездесу барысында «Жастар практикасы» арқылы еңбек жолын бастау мүмкіндіктері де кеңінен таныстырылады.

Оқу орнын тәмамдаған жастардың бірі бірден жұмысқа орналасса, енді бірі жоғары оқу орындарында білімін жалғастырады. Ер балалардың басым бөлігі оқуын аяқтаған соң әскери борышын өтеуге аттанады екен.

Колледж түлектерінің кейін өздері білім алған оқу орнына қайта оралып, ұстаздық қызмет атқарып жүргендері де бар. Мәселен, кезінде АТК-нің студенттері болған Денис Байдак пен Андрей Коровиндер бір жылдай колледж студенттеріне сабақ берген. Ал осы оқу орнында білім алған Ақылбек Құсаш қазіргі таңда колледжде еңбек етуде.

  • Мен Ақсай техникалық колледжінде дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша білім алып, 2016 жылы тәмамдадым. Қазіргі таңда колледжде дәнекерлеу ісінің аға шебері болып қызмет атқарамын. 2024 жылдан бері осында жұмыс істеп келемін. Колледжде алған білімім қазіргі жұмысыма көп пайдасын тигізіп жатыр. Теориялық білімімді де, практикалық дағдыларымды да күнделікті жұмысымда пайдаланып жүрмін. Студент кезімде топтастарыммен бірге өткізген уақыттарым, ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесі ерекше есімде. Өзім білім алған жерде, өзіме сабақ берген ұстаздарыммен бірге жұмыс істеудің орны бөлек. Мұнда мені бәрі таниды, білмегенімді үйретіп, әрдайым көмек көрсетеді, - дейді колледж түлегі, өндірістік оқыту шебері Ақылбек Сансызбайұлы.

АТК (7)

Сұранысқа ие мамандықтар

Колледжде сұранысқа ие мамандықтардың қатарында электр жабдықтары, мұнай мен газды қайта өңдеу технологиясы және аспаздық бағыттары бар. Биыл дәнекерлеу ісі мамандығына да студенттердің қызығушылығы жоғары болған екен.

Оқу орны мектептермен де тығыз байланыс орнатқан. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары наурыз айынан басталады екен. 9-сынып оқушылары колледжге шеберлік сабақтарына шақырылып, мамандықтармен танысады. Сонымен қатар мектептерде және колледж қабырғасында оқушылармен кездесулер ұйымдастырылып тұрады екен.

Соңғы екі жылдан бері колледжде «Juniors Skills» байқауы өткізіліп келеді. Жарысқа мектеп оқушылары шақырылып, оларға практикалық тапсырмалар беріледі. Мұндағы басты мақсат - жастарға мамандыққа қажетті алғашқы дағдыларды үйрету. Бұған дейін байқау аспаздық бағыты бойынша ұйымдастырылса, алдағы уақытта дәнекерлеу ісі бойынша да өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті директордың орынбасары Дамира Бауыржанқызы.

АТК (4)

Мамандық – болашақтың негізі

Ақсай техникалық колледжінің мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы мамандығының үшінші курс студенті Каралина Алабердина бұл оқу орнын таңдауының бірнеше себебі болғанын айтады.

  • Ең алдымен колледждегі мамандықтармен танысып, барлық мүмкіндікті саралай келе, мұнай және газ саласын таңдадым. Бұл колледжге түсуіме осында оқыған достарым мен таныстарым себеп болды. Олар бұл колледжде мұнай-газ бағыты бойынша білім беру сапасының жақсы екенін айтып, кеңес берді. Меніңше, бұл - әсіресе Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақсай қаласында болашағы бар мамандық. Мұғалімдер әрдайым көмектесуге дайын, студенттер де бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста. Қазіргі уақытта өндірістік практикадан өтіп жатырмыз. Практикамызды «Конденсат» компаниясында өткізудеміз. Келесі наурыз айындағы практика кезінде «КПО б.в.» компаниясында тәжірибеден өткім келеді. Болашақта сол компанияға жұмысқа орналасып, осы бағытта еңбек етуді жоспарлап отырмын. Өткен жылы колледж президенті болдым. Көптеген іс-шаралар ұйымдастырдық. Студенттік өмірім өте қызықты әрі белсенді өтуде. Бірінші курс студенттеріне айтарым – ұстаздармен сөйлесуден, топтастармен достасудан қорықпау керек. Өйткені колледждегі достық пен ауызбіршілік оқу кезінде де, практика барысында да көп көмектеседі. Бірлесе жұмыс істеген әрдайым жеңіл. Менің ойымша, туған қалаңда білім алудың да өзіндік артықшылығы бар. Туған-туыстарыңнан, отбасыңнан алыстап, басқа қалаға кету оңай емес. Басқа жерде мамандық таңдауы көбірек болуы мүмкін, алайда туған қалаңда білім алып, өзіңді дамытудың маңызы зор, - дейді колледждің ІІІ курс студенті Каралина Алабердина.

АТК (5)

Жетістік – еңбектің нәтижесі

Колледждің жетістіктері студенттердің кәсіби шеберлік байқауларындағы нәтижелерінен де көрінеді. Білім алушылар жыл сайын WorldSkills чемпионатының аудандық, облыстық және республикалық кезеңдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Мәселен, биыл «Электрмен жабдықтау» құзыреттілігі бойынша Денис Байдак облыстық чемпионатта І орын алды. Ол 2025 жылы да осы бағыт бойынша І орын иеленген еді. 2023 жылы аталған мамандық бойынша колледж студенті А. Сиротин республикалық чемпионатта ІІ орынға ие болған екен.

Ал 2026 жылғы облыстық чемпионатта «Аспаздық іс» мамандығы бойынша Д. Мустафиева ІІІ орын, «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша А. Коровин қатысса, ал «Мұнай-газ ісі» бағыты бойынша К. Алабердина ІІІ орын иегерлері атанған.

Бұл жетістіктер – колледж ұстаздарының еңбегі мен студенттердің ізденісінің нәтижесі. Білім мен тәжірибені қатар ұштастырған оқу орны алдағы уақытта да еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау жолындағы жұмысын жалғастыра бермек.

P/S: Мамандық таңдау - маңызды шешім. Ал сол таңдаудың дұрыс бағытқа түсуіне жол көрсететін оқу орнының орны бөлек. Ақсай техникалық колледжі бүгінде талай жастың алғашқы кәсіби қадамын қалыптастырып, еңбекке араласуына жол ашып келе жатқан оқу орындарының бірі. Ал оның басты мақсаты - еңбек нарығында өз орнын таба алатын, кәсіби білімі мен практикалық дағдысы қалыптасқан маман даярлау.

Ақсай техникалық колледжі - жастарға сұранысқа ие мамандықтарды меңгертіп қана қоймай, оларды нақты еңбекке баулып отырған білім ордасы. Мұнда теория мен тәжірибе қатар жүріп, студенттер оқу қабырғасында жүріп-ақ болашақ мамандығының қыр-сырын меңгере алады. Ең бастысы - колледж түлектері алған білімін жергілікті кәсіпорындарда тәжірибеде қолданып, еңбек жолын туған жерінде жалғастыруға мүмкіндіктері бар. Бұл - бір жағынан жас маманға жол ашса, екінші жағынан аудан кәсіпорындарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айдана Абдрахманова 

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале